Әйелдер мен қыздарға арналған вагондар жайлы не білеміз

448
almaty.tv

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы тек қана әйелдер мен қыздар және жеті жасқа дейінгі ұлдарға арналған купе вагондарын қалааралық бағытқа салды. Әзірге ондай вагондар «Алматы — Маңғыстау» және «Алматы – Өскемен» бағыттарында жүріп жатыр. Билет сату 10 қазаннан басталды. Әйелдерге арналған купе вагондарының реттік саны – оныншы. Жол билетін электронды түрде алған кезде ерлер мұқият болуы керек. Әйелдер вагонында «ЖН» деген белгі болады. Оны аңдамай, ер адамның сол вагоннан электрондық билет алған бірлі-екілі жағдайы болды. Бірақ вагонға кірген ер адам күллі әйелдердің ішінде сапарлады. Әйелдер вагонының жолсеріктері де міндетті түрде тәжірибелі әйелдер. Олар ер адамдардың онлайн-билет аларда мұқият болуын сұрайды.

Алғашқы рейсте әйелдер вагондары 90 пайызға толғанын айтады. 92 билет сатылыпты. Сұраныс артса, желтоқсан айының ортасында басқа теміржол бағыттарында да әйелдер вагондары іске қосылуы мүмкін. Ал егер әйелдерге арналған вагон аздық етсе, қосымша вагондар қарастырылмақ.

Әйелдер вагондарын бағыттарға салмас бұрын жолаушылар арасында әлеуметтік сауалнама да жүргізілген. Әрине, бұл бастама кеңінен қолдау тапқан.

Алысқа сапар шегу оңай шаруа емес. Әдетте тар вагондарда әйелдер мен ерлер мидай араласып, иық тіресе сеңдей соғылысып жүретініне көз үйренген. Киім ауыстыру, алаңсыз ұйықтау кезінде қолайсыздық туындап жатады. Ал арнайы әйелдер вагоны деген жақсы болса керек. Ештеңеден қымсынбай емін-еркін сапарлайды әрі бұл қауіпсіз.

Шыны керек, әйелдерге арналған вагонның болуы өте дұрыс қой. Оқушы жастар, студенттер, жалпы, әйелдердің жол сапарлары қауіпсіз болғанына не жетсін.

Қауіпсіз демекші, Қазақстанда әйелдерге арналған вагондардың пайда болуы өткен жылы «Петропавл-Алматы» бағытындағы Тальго пойызында жолаушының жас қызды зорламақ болған оқиғасымен байланысты. Осыдан кейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы әйелдердің қауіпсіздігі мәселесі туралы ойлана бастаған. Ал жас қызды зорламақ болған адам істі болып кетті.

Басында «Қазақстан темір жолы» компаниясы арнайы әйелдер вагонын шығаруға жүрексінген еді. Келтірген уәждеріне қарағанда, бір вагонның құны 1 миллион АҚШ доллары тұрады екен. Жай ғана әйелдер купесін дайындайық деген ой басым болды. Ал жеме-жемге келгенде тұтастай вагонның тек әйелдерге арнағаны тиімді болатынына көздерін жеткізді.

Тек қана әйелдерге арналған вагондар бұдан бес-алты жыл бұрын Тайландта пайда болған еді. Ол елде темір жол қызметкерлері 13 жасар қызды зорлап, соңынан өлтірген болатын. Сол оқиғадан кейін Тайландтың темір жол бағыттарына арнайы әйелдер вагондары тіркеле бастады. Ондай вагондар осы күні де әйелдерге қызмет етіп келеді. Оларда әйелмен бірге оның он жасқа дейінгі ұл баласы сапарлауы мүмкін. Ұл балаға қойылатын талап – оның бойы 150 сантиметрден аспауы керек.

Әйелдердің қауіпсіздігі барлық елдер үшін өте керек нәрсе. Мысалы Түркияда тек қана әйелдерге арналған жағажайлар бар. Ол маңға ер адамды жолатпайды. Түріктер әйелдердің сұқ көздерден таса болуына және қалаған киімдерін киюіне осылай жағдай жасаған.

Жалпы алғанда, әйелдердің жол жүрудегі қауіпсіздігі көз жұма қарайтын жай нәрсе емес. Қызмет көрсетудің басқа түрлеріне де біртіндеп әйелдердің қауіпсіздігіне бағытталған жаңа жобалар енгізілетін болса керек.