Алматы тұрғыны 293 мың доллар жалған ақшамен ұсталды

225
Фото: xfile.ru

Жалған ақша жасап жалғанды жалпағынан басқысы келетіндер қазақ қоғамына да тән нәрсеге айналғаны қашан. Қылмыстық жолмен оңай олжаға кенелгендердің талайы ұсталып та жатыр. Өйткені заңның құрығы ұзын. Жалған ақша жасап баюға қанша дәніккенмен де оны кәсіп еткендердің әрекеті ұзаққа бара бермейді. Яғни жалған ақша жасап құныққандардың көркейіп-көгеруі екіталай.

Жалған ақша жасаушыларды аңдитын құзырлы органдардың бірі – ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі. Осы қызметтің жұмысындағы басым бағыт – ақшаны қолдан жасап таратуға қарсы қимыл-әрекет.

Агенттіктің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті өткен жылдың қыркүйек айында жалған 100 долларлық купюралардың айналымға түскенін анықтаған болатын. Жалған ақшаның ізіне түскен қызметкерлер Алматы қаласының Қалиев деген тұрғынын аңдыды. Бақылау жағдайында доллар сатып алу жұмысын жүргізу кезінде ол жалған купюралармен қолға түсті.  293 мың доллар жалған ақшаны өткізбек болған еді.

Осы іс бойынша жақында сот процестері аяқталды. Қалиев 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Мәлім болғанындай, ол  номиналы 100 АҚШ доллары болатын жалған шетел валютасын бірнеше рет өткізген. Ал тінту кезінде заңсыз айналымнан 975 мыңнан астам жалған доллар тәркіленді. Алматылық сотталушы Қалиев бас-аяғы бір миллион доллардың шамасында жалған ақша жасаған екен.

Криминалист-сарапшылардың айтуынша, жалған купюралар көбінесе Алматыда айналымға түседі. Оған қоса салыстырмалы түрде қарағанда Алматының базарларында нақты ақшаның айналымы көп. Ал өзге қалаларда қағаз ақшаны онлайн-банкинг ығыстырып жатыр.

Теңгені қолдан жасап сауда жасаушылар да көбейіп кеткен. Әдетте жалған теңгені жасаушылар оны кешкі апақ-сапақтың кезінде өткізеді. Сатушының асығып, ал күннің кешкіріп тұрған сәтінде ақшаның жалғандығын байқауға мүмкіндік те бола бермесе керек.

Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерінің айтуына қарағанда, жалған ақша жасаушылар бұл іске әбден шебер болып алған. Әсіресе евроның жалғанын ажырату қиын. Жалған ақшаның кейбір дестесін ақша айырбастау орындарындағы банкнот есептегіш те танымайды. Криминалистер үшін жалған ақшаны ажыратуға арнайы ультракүлгін қондырғыны пайдалануға тура келеді. Себебі қазіргі уақытта жалған ақшаның шебер жасалатыны соншалық, оны шын ақшадан айыру қиын. Алаяқтар ақшаны қолдан жасаудың көптеген тәсілдерін меңгерген, судың белгілері бар арнайы қағазды қолданады.

Осы күнгі криминалистика да осал емес.  Бұрын криминалист-сарапшылар микроскоп, компьютер сынды қарапайым қондырғылармен жұмыс істеп келген. Ал қазіргі уақытта жалған ақшаны анықтап қана қоймай, оның ізіне түсу үшін компьютерлер мен гаджеттердің жүйесін бұзатын заманауи израильдік аппараттармен жұмыс істейді. Соның арқасында қылмыскерлер уақтылы әшкере болып жатыр.

Биылғы жылдың жаз ортасындағы мәлімет бойынша соңғы бес жылда жалған теңгенің 15 мың купюрасы, ал шет ел валютасының 12 мың купюрасы тәркіленген. Ал оның жиынтығы – 60 миллион теңге, 1 миллион 99 мың 800 доллар, 256 мың 900 евро, 6 мың 100 түрік лирасы және 1 мың 600 юань.

Бес жылда жалған ақша жасайтын 29 цехтың жұмысы тоқтатылды, 7 мыңнан астам жалған купюра жойылды, 102 адам сотталды. Қазақстан, Ресей және Грузия азаматтарынан тұратын трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетінің жолы кесілді. Олар 500 евро номиналындағы купюраларды жасап, халықаралық дәлізге шығаруды ұйымдастырған еді.

Шыны керек, ақшаны кім жақсы көрмесін. Бірақ жалған ақша жарға жығатыны тағы бар. Қолыңызға ақша түскенде оған мұқият зер салуды ұмытпаңыздар.