Ақылы жолдардың пайда-зияны қандай?

20

1 маусымнан бастап еліміздің өңірлеріндегі күре жолдар ақылы болады дегеннен жер-жерлерде жүргізушілер топтанып наразылық таныта бастады. Ондаған адамды полиция құрықтап, айыппұл салынды. Наразылық тоқтаған жоқ. Күре жолдардың көптеген учаскелерінде жүргізушілер жүк көліктерін қаңтарып қойған. Олар жолдың ақылы болуы мен белгіленген тарифтің сомасына қарсы. Күре жолдардың ақылы болуының халыққа пайда-зияны қандай? Мемлекеттің көздегені не?

Құдайдың қара жолының ақылы болуын қазақ елі бұрын-соңды көрмеген еді. Бұл жаңа үрдісті көлік жүргізушілері тосырқап қабылдағаны рас. Оларды да түсінуге болады және қойып отырған талаптары орынсыз да емес. Жүк тасымалдаушылардың табысы едәуір кемиді әрі жүктің, яғни халық тұтынатын тауардың өзіндік құнының күрт өсуіне әсер етеді. Жүргізушілер жолдардың инфрақұрылымы мен сапасы талапқа сай емес, сондықтан ақылы болуы көңілге қонбайды дейді. Ал мемлекет оларға кемшіліктің орны жолдың ақылы болуы арқылы толтырылатынын алға тартады. Тіпті ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов наразылық білдіріп жатқан жүргізушілерге үзілді-кесілді жауап қатты.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

«Бірінші кезекте ақауы жоқ жолдарды ақылы деп таңдаймыз. Бұл процесс ақырындап жалғасады, біз тоқтамаймыз».

Соған қарағанда мемлекет күре жолдарымызды ақылы жасау райынан қайтпайтыны түсінікті. Жүргізушілердің наразылығы басылмай бара жатқасын Бейбіт Атамқұлов баяндама түріндегі есептік түсіндірме берді.

Ақылы жүйені енгізудің негізгі мақсаты – автожолдарды күтіп-ұстау шығындарын жабу және республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайту. Қолданыстағы учаскелердегі төлемақы мөлшерлемелері 2013 жылы «Астана-Щучинск» жолында алғашқы ақылы жүйе енгізілгенде Қазақстан Республикасының Үкіметі тарапынан бекітілген.

Бейбіт Атамқұлов жол жүру ақысының мөлшерлемесін шет елдермен салыстырды.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

«Мысалы, Ресейде жүк машиналары 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді. Италия мен Германияда орташа есеппен 70 теңге, Беларусияда  — 80 теңге, ал Хорватияда жүк көлігіне арналған жолдар бойынша жүру құны 122 теңге».

Жеңіл көлікке төленетін ақы 1шақырым үшін 1 теңге. Бұл ретте жергілікті жеңіл көлік үшін құны 1 000 теңгені құрайтын бір жылдық абонемент қарастырылған. Автобустар үшін бір шақырымға 5-тен 15 теңгеге дейін.  Ал қалааралық және жергілікті рейстік автобустар төлемнен босатылған. Жүк көліктері үшін бір шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейін.

Қазақстан аумағы арқылы шет елдерден он мыңдаған транзиттік жүк машиналары өтіп, жолды тоздырады. Ал біздің тасымалдаушылар шет елдердің аумағынан өткенде барлық алымдарды төлейді.

Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, қазір ұсыныстар жиналып жатыр. Ұтымды ұсыныстар болып жатса, жаңа учаскелерде ақылы жүйені енгізу жайлы және төлем мөлшерлемелері туралы Бұйрықтардың жобалары қаралуы мүмкін.  Жалпы 2025 жылға дейін күре жолдарының 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған.

Елімізде 25 мың шақырым республикалық күре жол бар. Оны күту үшін жыл сайын республика бюджетінен 40-42 миллиард теңге қаржы бөлінеді. Белгілі болғанындай, жолдарды ақылы етудегі мақсат – бюджеттен бөлінетін қаржының сомасын едәуір азайту.  2013 жылдан бері Нұр-Сұлтан және Алматы маңындағы күре жолдардың 4 учаскесі ақылы. 2020 жылы осы жолдар 5,7 миллиард теңге пайда әкелген, қаржы жол күтімсіне жұмсалған.

Ал қазіргі жоба бойынша мемлекет 18 күре жолдың учаскелерін ақылы етуді бастап жатыр. Бас аяғы 5 мың 800 шақырым жол ақылы болады. Олар –Шымкенттен Қызылордаға және Таразға шығатын бағыттар мен Өзбекстан шекарасына дейінгі аралық. Қапшағай-Талдықорған, Қарабұтақ-Қызылорда жол бөліктері. Солтүстікте Қостанай-Троицк, Павлодар-Омбы жолдары. Батыста Оралдан Саратов және Самара қалаларына дейінгі аралық.  Орынбор-Ақтөбе, Щучинск-Петропавл арасындағы жолдар. Ақтөбе-Орал жолы, Атыраудан Бейнеуге дейінгі және әрі қарай Өзбекстан шекарасына дейінгі жолдар да ақылы болады. Нұр-Сұлтан-Қостанай, Нұр-Сұлтан-Павлодар бағыттарында да автокөлік иелері енді ақы төлейді.

Жолдардың ақылы болуы күре жолдарымыздың инфрақұрылымын гүлдендіріп жіберсе қанеки. Жолдарға таяу жатқан елді мекендердің тұрғындары да жұмыспен қамтылар еді. Әрі жолдарымыздың сапасы шет елдердің жолдарымен теңесіп жатса құба-құп. Әлемдік тәжірибеде ақылы жолдың жанынан тегін жол салу да бар. Жүргізушіге таңдау жасалады. Ақылы жолдар ыңғайлы, барлық инфрақұрылымдық жағдайы жасалған. Тегін жолмен 5 сағатта баратын жеріне ақылы жолмен 3 сағатта жетеді.

Франция, Швейцария, Австрия, Италия, Польша сынды елдер ақылы жол мәселесінде алға шығып кеткен. Тек Германия ғана көш соңында қалып, осы былтыр ғана жолдарын ақылы етіпті. Жергілікті тұрғындар ешбір қарсылық білдірмеген. Жолдар ақылы болғанымен, есесіне көлікке төленетін салық мөлшері азайған.  Жоспардағы ақылы жолдардан түсетін 4 миллиард еуро жаңа күре жолдардың салынуы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалмақ. Неміс халқы біз шет елде болсақ, олардың жолына төлейміз, неге олар да бізге төлемеске деп қарайды. Ақылы жолдан түсетін қаржының басым бөлігі шет елдік көліктерге есептелген.

Израильдегі ақылы жолдар да жақсы ұйымдастырылған. Оларды пайдалану үшін төлеу жүйесі басқаша. Әр көлік үшін мемлекет белгілі бір мөлшерде ақы төлеп отырады. Жолдары шу мен ылғалды өзіне сіңіріп алатын жол төсемімен, толассыз жаңбыр жауғанда ойпаттардан су сорып алатын стансалармен жабдықталған. Елдің солтүстігі мен оңтүстігін  жалғайтын жолдың үштен бір бөлігі тегін. Оңтүстік аймақты дамыту үшін осылай жасалған.

Оңтүстік Кореяда ақылы жолдардың жарты ғасырлық тарихы бар. Жүргізушілер ақылы жоғары жылдамдықпен жүруге арналған жолды пайдалануға әбден үйренген. Жол ақысының негізгі бағасы 900 вон, біздің ақшамен есептегенде 300 теңге. Оған қоса әр шақырымға он бес теңге төлеуі тиіс. Есесіне жол бойы жүргізушілерге арналған арнайы демалыс орындары кездеседі. Ал тегін жолда жүретін болса, жол-жөнекей қалаларға соғып, бағдаршамдарға кезігіп біраз уақытын өткізіп алады.

Қазақстанда күре жолдарымыздың ақылы болуы – жол қатынастарын реформалау болып табылады. Өйткені қазіргі даму ке­зеңінде еліміздің автожолдарын халықаралық талаптарға сай қайта құрып, жаңаша жабдықтау уақыт талабы болса керек. Еуразия кіндігіне орналасқан жеріміз бізді транзиттік ел етіп отыр. Сондықтан, автожол қызметтерін жо­ғары дәрежеде жетілдірудегі мақсат – әлемдік автожол жүйесіне интеграциялану. Мемлекет республикалық және халықаралық автожолдарды күтіп ұстауды бюджеттен босатып, коммерциялық жүйге бермек. Осы күнге дейін автожол саласы тек республикалық бюджеттен ғана қаржыландырылатын. Ал бюджеттің беретіні жолдарды халықаралық талаптарға сай жабдықтауға жеткіліксіз көрінеді.

 

Н.Алданов