Арал өңіріндегі ыстық бұлақ неге туристік орынға айнала алмай тұр?

217

Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында бірі білсе, енді бірі біле бермейтін 1200 метр тереңдіктен ыстық суы атқылап, суықта буы бұрқырап тұратын бұлақ бар. Судың ыстықтығы 62 градус. Ол Арал қаласынан шамамен 125 шақырымда жатқан алпысқа жауық үйі бар Ақеспе деген балықшылар ауылының маңында жатыр. Жергілікті жұрттың айтуынша, бұл жай ғана ыстық бұлақ емес, оның шипасы да өз алдына.

Қарап тұрсақ, туристік орынға айналдыруға сұранып-ақ тұрған жер. Біріншіден, табиғаттың азамзатқа берген осынау сыйын қызықтап көруге болса, екіншіден, мұнда ем алу үшін келуге болады. Былтыр бұл өңірді туристік орталыққа айналдыру да көзделіпті.

Бір қызығы, Қазақстанның Солтүстік аймақтарында қыста ақ түтек боран болып, үйлердің айналасын омбы қар алып қалса, Ақеспеде жазда кейбір үйлер құмның астына көміліп қалған екен.

Ыстық бұлақтың айналасындағы суға түсетін шағын бассейн мен киім ілетін орын.

Біздің байқағанымыз, мұнда туризмді дамыту үшін сервистік қызмет ақсап тұр деуге болады. Өкінішке қарай, бұл жерде ұялы телефон байланысы ұстамайды. Ақеспе ауылының өзінде ғана «Актив» мобильдік байланысы бар болғанымен, ғаламтор жоқ. Ғаламтор желісі тек мектепте ғана. Сол үшін ыстық бұлақтың жанындағы үйде радиотелефонды пайдаланады. Біз іздеп барған осы жердің шағын кәсіпкері Болатхан Кенжебаевқа алдын-ала хабарласа алмағанымыз да сол себептен. Орта жастағы Болатхан Кенжебаев әрекетке берекет болсын, кәсіптен нәсіп табайық деген оймен інісі Дархан Кенжебаев екеуі сырттан келетін туристер үшін ыстық бұлақтың жанынан демалатын 9 бөлмелік жер үй салған. Мұнда қонудың бағасы – адам басына тәулігіне 2500 теңге. Бірақ келетіндер тамағын өзімен бірге алып келуі тиіс екен. Өйткені жатын үйге қарама-қарсы салынған шағын асханада коммуналдық қызметтер әлі қосылмады. «Әзірше толықтай іске қосыла алмай отырмыз. Бірақ келген меймандарға газ, су, отыратын орындық, қажетті ыдыс-аяқтар береміз ғой. Алдағы уақытта асхананы керек-жарағымен жабдықтауды жоспарлап жатырмыз», — дейді Болатхан Кенжебаев. Олай деуіне себеп – Арал ауданының әкімі былтыр бұл маңға инфрақұрылым тартқызу мәселесін назарға алыпты. Туризмді дамыту мақсатында бұл жермен арнайы келіп, танысып қайтқан.

Ағайынды кәсіпкерлер шағын бизнесін осыдан 3-4 жыл бұрын бастаған. Негізі жеті ағайынды екен: өздерін қосқанда бес ұл және екі апасы бар. Ал мына бастаманы қолға алуға «Шарткен-Ата» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құдайберген Саржанов деген жездесі тікелей көмектесіпті.

‒ Алғашында осы жерде кәсіп бастауымызға рұқсат бермеген, құжаттарды реттеуде сәл қиындықтар болды. Сосын бізге жездеміз қолғабыс етті. Негізі ата кәсібіміз – мал мен балық шаруашылығы», — дейді Болатхан Кенжебаев.

Олар туристерді күтуге арналған тас үйдің қабырғасын қаламастан бұрын, ең алғашқыда, ыстық бұлақтың маңына киіз үй ғана тігіп көрген. Сол жерге өзге жерлестері шұбатын, құрт-майын көтеріп келіп, напақасын айырып отырыпты. Алайда киіз үй сырттан келген адамдарды тек жаз мезгілінде ғана қабылдауға мүмкіндік береді. Ал келушілердің қарасы біртіндеп көбейе бастаған соң әрі қазір сұраныс болғандықтан,  көк шатырлы жер үй тұрғызылған. Шыны керек, бөлмелер сәл тарлау көрінді. Төсек орындар да әлі қойылмапты. Әрине, оның бәрі қаражатқа келіп тіреліп отыр.

‒ Қаладан алыс жер болғандықтан, құрылыс материалдарын тасымалдаудың өзі қымбатқа түсті. Құрылыс заттарының құнын есептемегеннің өзінде, демалыс үйінің қабырғасын қалау үшін ғана 900 мың теңге қаражат жұмсалды. Мұнда ұялы байланыс пен ғаламтор беріліп, инфрақұрылым дамып, кәсібіміз кеңейіп жатса, ақысына аспаз және басқа да көмекшілер жұмысқа алу жоспарда бар. Өйткені жаз кезінде адам көбірек келгенімен, басқа уақыттарда бөлмелер бос тұрады. Көп дегенде күніне 20 шақты адам табан тірейді. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда қазір келетіндердің саны артқаны рас. Көбі «сарафанное радио», яғни ауыздан ауызға тараған ақпарат арқылы біліп жатады және интернеттен көргендерін айтады. Шипалы ыстық су үшін Ақтөбе мен Қостанай облыстарынан, Ресейден келгендер бар. Мысалы,  Хромтаудан (Ақтөбе облысы) тұрақты түрле жылына 4-5 рет келіп ем алатын қария бар. 2-3 күн осында қонады. Сол кісі бұрын 200 мың теңгеге дәрі-дәрмек ішіп келсе, қазір аяғы сырқырауын қойғанын айтады. Жалпы, бұлақтың ыстық суына түсуге емес, суретке түсіп, қызықтау үшін келіп-кететін туристер көп. Кейбіреулері өз палаткаларымен келеді. Турист көп келетін маусым – тамыз айы, – дейді кәсіпкер.

Тақтатаста жазылған ақпарат: ыстық суда денсаулыққа қажетті минералдар көп. Ыстық су теріге, буынға, суық тигеннен емделуге, жүйке аурулары және тағы басқа кеселдерден айығуға пайдалы.  

Олар бұл уақытқа дейін мемлекеттік жеңілдікпен ешбір несие алмаған. Бірақ алдағы уақытта қаржылай көмекке жүгінсек пе деген ойы бар. Себебі көктемде ыстық бұлақтың айналасындағы суға түсетін шағын бассейндерін тазалау, ерлер мен әйелдер шомылатын бассейнді бөлу, тынығып отыратын көлеңке салу қажет болып отыр. Қазір адам түсетін аумақ кішкене лас екенін айтады кәсіпкер. Ал аталған жұмыстарды тындыруға әлбетте, қаражат керек.

Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асыратын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында жасалды.

#ARALissues

 Нұрсұлу Мырзахмет

Данияр Сәдуақасов