Қазақстанда тұрғын үй кооперативтері қаптап барады

Елімізде баспана мәселесін шешіп береміз дейтін тұрғын үй кооперативтері қаптап барады деп хабарлайды Еуразия Бірінші арнасы.  Бірақ, телефонмен хабарласаңыз артық ауыз ештеңе айтпайды, бірден кеңсесіне шақырады. Тура желілік маркетингтік тәсіл сияқты.  Астанада осындай 10 кооперативтің қызметінде қаржы пирамидасының сипаты бар деген шағымдар бойынша тергеу жүргізілді. Алайда, мемлекеттік бағдарламалармен қосанжарласып жұмыс істеп жатқан кооперативтер өздерінің қызметін заңды деп сендіруден таймай отыр. Интернетте, әлеуметтік желіде жарнамасы  жер жарады.

Елімізде 500 мыңға тарта адам  жергілікті әкімдіктерде баспана кезегінде тұр. Ал 1 млн-дай қазақстандық тұрғын үй құрылысына жауапты банкте қаржы жинап жатыр. Мұның сыртында жылдар бойы тізім жылжымаса да жер кезегіне тіркелгендер бар. Халықтың, әсіресе қалалықтардың осал тұсы билікті де, ақшаның дәмін татып, бизнес қуғандардың да назарында. Мемлекет неше түрлі бағдарлама қабылдады. Қолжетімді баспана, Нұрлы жол, Нұрлы жер, енді 7-20-25 деген тағы біреуі қосылды.

«Қазіргі мемлекеттің үлкен көмегі 7 пайыз, ешқандай қосымша төлемсіз несие ұсынып отыр. Екінші үлкен жеңілдік 25 жылға несие мерзімін ұзартты. Ол өз кезегінде айлық төлемдердің қысқаруына азаюына әкеледі. 7-20-25 бағдарламасының мақсаты қазақстандықдың жеңіл жолмен үй алуына жұмыс жасау» – дейді «Баспана» ипотекалық компаниясының ресми өкілі Айбар Олжай.

Мемлекеттің мақсаты дұрыс-ау, бірақ банктердің талабы ахиреттің есебіндей. Бұрын  азаматтардың табысы мен зейнетақы аударымдарын тексеретін. Енді несие тарихы деген тағы бір құжат қосылды.   Мұндай қыл көпірден екінің бірі өте алмайды. Амал жоқ. Басқа жолын іздейді.

«Бардым, онда переплата көп. 7 пайыз болса да, 20 жылға созғанда кқп пайыз болып шығады. Пәтерде қымбатқа шығады» —  деді қала тұрғыны Самал  Мирамова

Қазір интернетті ашып қалсаңыз қаптаған тұрғын үй кооперативтерінің жарнамасы. Атауларының өзі жаныңды елжіретеді. Кейбірі мемлекеттік бағдарламаларға ұқсас. Шатасып кетуіңде ғажап емес.

«Пәтер алу үшін қазақстандықтарда 2-3 вариант бар. Банкке, Жилстройсбербанкке барады. Ол жақта 10 млндық пәтер 10 жыл ішінде 15 млнға шығады. Кооперативтерде 10 млндық пәтер 11 млнға шығады. 0113 Банкттерге хабарласқан кезде 65 пайызына отказ келеді. Табыс жөніндегі анықтама, зейнетақы аударымы, несие тарихы бар. Солармен өте алмайды» — дейді Тұрғын үй кооперативінің қызметкері Бауыржан Молдахметов.

Ал кооперативтер бұған қарамайды. Тек сұраған ақшасын салсаңыз болды.  Самал Мирамова тар баспанасын сатып жіберіп, қонысын кеңейтуді жоспарлапты. Алғашында үй салмақ болған.   Оған құрылыстан хабары бар жақын адамы жоқ. Ел-жұрттан естіп кооперативтердің біріне келіп, кеңес алып жүр.

«Маған бәрін түсіндіріп кепілдік беріп отыр. Ол коммерциялық ұйым емес қой. Ештеңе болмайды деп ойлаймын, себебі алған кісілер көп. Сондықтан қорықпаймын, банктерде жабылып жатыр ғой» — деді қала тұрғыны Самал  Мирамова.

Банктердің пайызынан қашқандарды құшағына алған кооперативтер сізді тегін қабылдамайды. Баспананың бастапқы жарнасын төлейсіз, бұдан бөлек коопертивке кіргеніңіз үшін мүшелік жарна тағы бар. Егер кері шығатын болсаңыз, мүшелік жарнаның ақшасы қайтарылмайды. Әрине аз қаржы емес. Үйдің құнының 10 пайыздайы. Дегенмен, олардың да айтар уәжі бар.

«Егер мемлекет тарапынан қолдау болса, біз мемлекеттік бағдарламаларға да қатысар едік. Өйткені, бюджеттік мекеме мен мемлекеттік қызметкерлер арасында да баспанаға зәру жандар көп. Көбінің табысы аз болып, тұрғын үйге қолжеткізе алмай келеміз» — дейді Тұтыну кооперативінің төрағасы Нұржан Нұрпейісов.

Тұрғын үй кооперативтерінің жарнама жасаудағы тағы бір тәсілі бар. Кеңес дәуірінде барлығымыз осылай үй алдық деп іш бауырыңа кіреді. Көп кешікпей бұл мәселеге депутаттарда араласуы мүмкін. Қазір өзінде тісін қайрап жүргендері бар.

«Мынау бір кооператив дегендер шығатын болса, бұл өзінше бір аферистердің жолы деп білемін.  Біздің халқымыз өзі сенгіш. Оңай жолмен ақша аламыз десе, соған көнеді де, қолындағы жиған-тергенін жинап бере салады.  Мен тағы да, ескерткім келеді. Бізде сондай мемлекеттік механизмдер жасалынды. Заңменен қорғалатын сондай застройщиктермен ғана жұмыс жасасын.  Көрінген ана тіркелмегендерге барып ақшасын шашпасын. Өйткені ол ақшаны қайтарып алуына ешкім кепілдік бермейді» — деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Омархан Өксікбаев.

Қазір олардың санын есептеп, жұмысын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Тек былтыр Астанада осындай он кооперативтің қызметінен қаржы пирамидасының сипаты бар деген мәлімет тарады.  Айтпақты, тұрғын үй кооперативі туралы заң елімізде бұрыннан бар екен,бірақ соңғы екі үш жылда ғана іске қосыла бастады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *