Хиджама емі

Хиджама қандай дерт түрлеріне шипа? Не себепті соңғы жылдары дәл осы ем түрі халық арасында кең таралып келе жатыр? Медициналық білімі жоқ адамның хиджама жасауы қаншалықты қауіпті? Мұндай емге әйелдерге қарағанда ер адамдардың көбірек жүгіну себебі неде? Медициналық тілмен айтқанда «шизофрения», ал қарабайыр айтқанда — «жындануды» осы тәсілмен емдеу мүмкін бе? Бұл туралы дәрігер, «Тыныс» кабинетінде хиджама жасаушы Ғабит Нұрханұлы таратып айтып берді.

Ғабит Нұрханұлы: Жаратушымыз бізге не істеген абзал екенін бізден жақсы біледі. Мұхаммед пайғамбар (Алланың оған сәлемі мен игілігі болсын) бізге дін ғана емес, барлық сала бойынша бағыт сілтеуші. Өзім дәрігер болғандықтан, діндегі денсаулық тақырыбына қатты мән берем. Мен үшін денсаулыққа қатысты айтылған аят, сүре, хадистер қызық.Пайғамбарымыздың Алла тағаламен жүздескен Миғраж оқиғасын білетін боларсыз. Миғраж түні адамзатқа бес уақыт намаз парыз етілген. Сол оқиғаға қатысты Пайғамбарымыздың «Мұхаммед, саған жəне сенің үмбеттеріңе хиджама керек» деген хадисі бар (Бұл мәліметті Астана қаласы Әзірет Сұлтан мешітінің нәйіб имамы Бақытжан Өткелбаев растады. «Хиджама – сүннет амал. Оның адам денсаулығына пайдасы көп. Бұл туралы көптеген хадис бар, соның бірі Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың «Сіздер үшін сүннеттің ең жақсы жолы – хиджама жасау» деген хадисі», — дейді ол — тілші). Осы мазмұндас басқа да хадистерді оқығанда «неменеге ең жақсы әдіс?» деген сұрақ туындады.

 Сұрақтың жауабын таба алдыңыз ба?

Хиджама жасауды Германияда бастадым. Ол жақта кез келген дерт түрін емдеу үшін хиджама жасататын адамдарды көп көрдім. Басы ауырса да, арқасы ауырса да, ұйқысы қашса да, тіпті ауырмаса да профилактика үшін хиджама жасататындар көп болды. Сол кезде қасымдағы дәрігерлерден не үшін екенін сұрап едім, олар жақсы нәтиже барын айтты. Содан, бос уақытым болғанда жергілікті түріктерге хиджама жасап, ол туралы хадистер жинадым. Қазіргі уақытта Қазақстанда жалғастырып жатырмын. Жансақтау бөлімінде 7 жыл реанимотолог болған кезде жап-жас адамдардың инфарктен, ми қан айналым бұзылысынан қайтыс болғандарын көрдім. Қазір ойласам, сол адамдар хиджама жасап, дерттің алдын алса, мүмкін тірі қалар ма еді? Хиджама жүрек-қан тамыры ауруларының, оның ішінде инфаркт пен инсульт, өкпе артериясының тромбоэмолиясы, аяқ артерия веналық тромбтар деген аурулардың алдын алады. Яғни осындай күрделі ауруларды емдегеннен гөрі, оның алдын алған тиімді деген тұжырымға келдім.

 

 Ең алғаш тәжірибе жасаған науқас есіңізде ме? Әсері қалай болды?

Ең алғаш өзіме тәжірибе жасадым. Қолымнан, бетімнен қан алдым. Әсері тамаша болды. Беттен қан алу қара дақтар мен артық әжімдерді азайтады.

Хиджама қандай дерттерге ем?

 Хиджама көптеген аурудың алдын алады. Емнің бұл әдісі бас ауруы (мигрень және т.б.), құлақ, тамақ, мұрын, көз, ішек аурулары, қан айналым жүйесі ауруларына, бронх демікпесі, бедеулік және психикалық ауытқушылығы бар адамдардың дертіне шипа болады.

 Хиджама адам бойындағы дертті қалайша емдейді?

 Жүректі моторға, қанды бензинге теңеуге болады. Кез келген дерт түрі қанға байланысты. Мысалы, бүйрекке инфекция қалай түседі? Тікелей қан арқылы түседі. Сол себепті қан тазалығына аса мән беруіміз керек. Біздің бойымызда үш түрлі тамыр бар, олар: күретамыр (артерия), көктамыр (вена) және қылтамыр (капилляр). Күретамыр оттегімен қаныққан қанды, ал көктамыр көмірқышқыл газына, гормондарға қаныққан қанды жүрекке тасымалдайды. Қылтамыр – ең жіңішке және тым жұқа қабырғалы тамыр, ол ағзадағы жасушалық және ұлпалық деңгейдегі зат алмасуды жүзеге асырады. Адамның жасы ұлғайған сайын жасуша суы азаятындықтан, көк тамырдағы қанның жүруі қиындайды. Соның салдарынан күретамырдағы қанда да іркіліс пайда болады. Қан қоюлана бастайтындықтан, қылтамырлар да кеңейе бастайды. Сөйтіп зат алмасу процесі баяулап, әртүрлі дерттер пайда болады. Хиджама жасағанда қозғалыссыз тұрып қалған арам қан ағзадан шығып, қылтамырдағы қысым төмендеп, қан айналымы жақсарады.

Хиджама артық салмақтан арылтады

 Діни медицинада қан алдыру арқылы жын шығаруға болатыны жиі айтылады. Тәжірибеңізде ондай науқастар болды ма?

Хиджама – жан мен тәннің, рухтың емі деп бекер айтылмаған. Қазір хиджама жасатып жатқан адамның диагнозы: маниакал-депрессив синдром, яғни биполярлы бұзылыс. Бұл дерт түріне шалдыққан адамның еңсесі түсіп, кеудесінде ауыр тас тұрғандай әсерде болып, өмірден түңіліп кетеді. Бұл да шизофрения сияқты созылмалы дерт түріне жатады. Медициналық атауы осылай болғанымен, діни ұғымда бұл дертті «жындану», «жын соғу» деп атайды. Бұл науқас медицинадан ем таппаған соң молдаға барған. Молда бірнеше күн Құран оқып, хиджама жасауға жіберген. Маған екінші рет келіп тұр. Бірінші рет қан алдырғаннан-ақ жағдайы жақсарғанын, көңіл-күйінде өзгеріс болғанын айтты. Әдетте жынды Құран, қамшы, қанжар қолдану арқылы шығарады. Хиджама жасағанда да арнайы құрылғымен адам денесін тілеміз, мүмкін соның әсері ме, әлде қанмен бірге шыға ма – ол жағын нақты айта алмаймын. Бұл – ауқымды тақырып.

 Хиджама жасатушылардың көбі әйелдер ме, ер адамдар ма?

 Әйелдер артық қаннан айына бір рет табиғи жолмен тазарып отырады, сол себепті маған көбінесе ер адамдар келеді. Ал әйелдер келсе басының сақинасы ұстауын емдету, бетін тазалау сияқты мақсатпен келеді.

 Артық салмақтан арылу мақсатында келетіндер бар ма?

 Ондай мақсатпен келгендер жоқ, бірақ хиджамадан кейін салмақ тастағанын айтқандар болды. Қан алған кезде зат алмасу процесі жақсарып, тромбтар ыдырайды. Соның әсерінен адам ағзасында өзгеріс болатыны сөзсіз.

Хиджаманың кері әсері қандай?

Емделу ұзақтығы қанша уақыт?

Қан алдыру 1-1,5 сағатқа созылады. Араға бір-екі апта салып, екіге, үшке бөліп емдеймін, яғни банканы арқаға, белге, аяққа бөлек-бөлек күндері қоямын.

 Кез келген салада жүрген адам қан алумен айналыса алады. Бұл қаншалықты дұрыс?

 Шын мәнінде кез келген адам хиджама жасауды үйреніп алуына болады. Халық емшілері мен дәрігерлердің дүниежүзілік ассоциациясы қоғамдық бірлестігінің рұқсат қағазын алып, хиджама жасай беретіндер бар. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Германияда екпе жұмысы және тағы да басқа денеге ине кіргізетін жұмыстардың бәрін тек дәрігер істеуге ғана құқылы.

 Хиджама жасау барысында адам өміріне қауіп төнетін жағдайлар бола ма?

 Біріншіден, емделуге келген адамның қан қысымын, салмағын өлшеу керек. Білікті дәрігер қан қысымы төмен болып тұрған адамға хиджама жасамайды, себебі оның қаны онсыз да аз деген сөз. Екіншіден, қанша жерден қауіпсіз дегенмен, хиджама барысында кездесетін асқынулар бар. Оның ішінде көп қан алу салдарынан болатын гиповолемиялық шок жəне ауырсыну шогын атап айтуға болады. Мұндай жағдайда ағашқы жəрдемді дұрыс жəне сауатты көрсетпесе, арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін. Ондай кезде дәрігер ғана дәрі тамызғыш қойып, адреналин салып, алғашқы медициналық көмек көрсете алады. Үшіншіден, асептика, антисептика ережелерін толық сақтау керек . Яғни науқасқа инфекция кіруден сақтап, тілетін құралдар стерилді болуын қадағалау қажет. Хиджама жасайтын банкалардың материалы пластиктен жасалатындықтан, ол стерилдеуге, ыстық булы пешке қоюға және қайнатуға келмейді. Жай спирт ерітіндісімен сүрткен кезде вирусты C гепатиті, герпес, стафилокок деген инфекциялар кете қоймайды. Сол себепті банкалар бір реттік болу керек. Адамның денесін арнайы медициналық құрылғымен ғана тілу керек. Медициналық білімі жоқ, үй жағдайында қан алатындар тазалық сақтайды деп айта алмаймын. Олар қан алған банканы жуып, келесі адамның арқасына қояды. Ондай жағдайда біреудің дертін екінші адамға жұқтыруың мүмкін. Денені ұстараның жүзімен тілетіндер бар, одан адам денесінде тыртық қалады.

Тілші Мадина Нұрлан 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *