Жердің Күнді бір айналып шығуына кететін 12 жыл уақыт бір мүшел деп аталатынын білесіздер. Мүшелмен жыл есебін жүргізуді қазақ халқы «жыл қайыру» деп атайды. Он екі жыл бір айналғанда мүшел жасты құрайды. Сондықтан, адамның алғашқы мүшелі – 13 жас. Оған он екі жастан қосып отырсаңыз, келесі мүшел шығады.

Әр аймақтың өз жыл санау хронологиясы қалыптасқан. Қалай пайда болғаны жөнінде сан түрлі дерек бар. Соның бірнешеуіне тоқталайық.

Шумерліктер жұлдыздарды топқа бөлген

Ең алғаш рет шумерліктер жылды он екі айға, жыл мезгілін төртке, жұлдызнаманы он екіге бөлген. Минут пен секундты, сына жазуын (клинопись) ойлап тапқан. Олар аспан денелеріне тағзым етіп, Оңтүстік Месопатамия жеріндегі Тигр мен Евфрат өзендерінің сағасын мекендеген (қазіргі Ирак).

Мына қызыққа қараңыз! 1853 жылы ассириолог Раулинсон сына жазуын скифтер немесе түркілердікі деген болжам жасап, шумерліктерді «вавилон скифтері» деп атаған. Шумерліктер б.з.д III мыңжылдықта өздерінің шығу тегін ұмытып қалған. XIX ғасырдың ортасындағы орыс саяхатшысы Матвей Ястребов былай деп жазған еді: «Ең алғашқы астрономдардың көшпелі халық болғаны даусыз. Кең далада мал бағып өмір сүру олардың аспан денелерінің қозғалысына үнемі бақылау жасауға мүмкіндік тудырды. Сол аспан денелерінің адамның денсаулығына, рухани жай-күйіне әсер ететіндігі жөнінде өзінше жорамалдар жасауды тудырды».

Гректер де аспан денелерін құдай ретінде санай бастады

Гректердің патшасы Ескендір Зұлқарнайын (б.з.д 384-322.) Египет пен Мысырды жаулап алғаннан кейін Вавилонды, Иранды, Орта Азияны қол астына қаратып, аспан денелеріне табына бастады.

Ғалым Ағжан Машани «Ғаламдық мөр» деген кітабында:

«Ертеден келе жатқан мәдени орталықтар грек империясының қолына көшкен. Осы себепті барлық ғылыми мұра грек тілінде сақталған. Грек ғалымдары осынау ескі мұраны (шығыс пен батысты) едәуір дәрежеде игерген, дамытқан. Мысалы, Фалес, Пифагор, Платон деген ғалымдардың шығыстан әкелген мирастарын өзінікі деп таныған.

Гректердің орталық орындары да сол ескі мәдени орындарға ауысқан. Египетте ғылыми орталық Александрия, кейіннен Румия-Византия болды. Ислам діні дүниеге келгенде ғылыми әсер еткен ғалымдар сол орталықтан шыққандар еді» делінген.

Содан кейін шоқжұлыздардың әрқайсысына аңыз ойлап тапқан

Грек мәдениетінің өрлеп тұрған кезінде олимп дінін ұстанған. Олар Олимп тауын жұлдыз құдайлардың мекені деп таныған. Жеті қат көк, жұлдыздарға сол таудың басында бұйрық беріледі деген. Жыл санауды Олимп тауына қарап есептеп, б.з.д. 776 жылдың 1 шілдесінен басталады деп болжаған. Осындай жыл санау жүйесі б.з. төртінші ғасырына дейін сақталып келді.

Жұлдыздарды қарастырған кезде кейбірінің жануарларға немесе аңыз-әңгімелердің кейіпкерлеріне ұқсас екенін аңғарған. Сөйтіп, оларға Торпақ (өгіз) немесе Персей (грек кейіпкері) деген сияқты атаулар берді. Құдайлардың басшысы саналатын Зевс – Есекқырған (Юпитер) планетасы. Махаббат құдайы саналатын Афродита – Шолпан (Венера), соғыс құдайы Арес – Қызыл жұлдыз (Марс) ғаламшары. Ойлап табылған түрлі аңыздар Гомер жазған «Илиада» мен «Одиссея» поэмалары арқылы жан-жаққа тарай бастайды. Қисынға салсақ, Пифагор, Платон, Аристотель, Евклид сияқты ғалымдар еңбегін әл–Фараби Еуропаға танытты.

Ислам ғалымдары он екі мүшел жұлдыздың, жеті қат көктің болатынын дәлелдеген

«Әл-Хорезми, әл-Баттани, әл-Фараби, әл-Беруни, Әбу Али Ибн Сина, Меруази, ат-Туси, Ұлықбек жеті қат көктің ортасында күнді нөкерлері айналып жүретінін жазған. Осыдан 450 жыл бұрын Еуропа ғалымдары исламның жоғары дәрежедегі астрономия ғылымымен танысып, латыншаға аударып қолдана бастады. Мысалы, «Жаңа астрономия» кітабының авторы Николай Коперник (1473-1543) болған. Оны ары қарай дамытқандар – Иогани Кеплер (1571-1630), Галилео Галилей (1564-1630).

Бұларды шіркеу дінге қарсы шықты деп есептеді. Себебі, христиандардың діни кітабында ғаламның қозғалмайтын орталығы Жер деген түсінік бар. Демек, бұл ғылымға қайшы келеді. Сондықтан, шіркеу тарапынан «Жаңа астрономияны» қудалау басталды. Н.Коперник ерте өліп кетті. Аспанды зерттегенде әл-Фарабидің ойыс айна аспабын қолданған Г.Галилей шіркеу сотына тартылды», – делінген ғалым Ағжан Машани «Ғаламдық мөр» деген кітабында.

"Орхон таңбалары аспан іліміне байланысты шыққан деген жорамал бар

Орхон таңбалары аспан іліміне байланысты шыққан деген жорамал бар / Ғалым Ағжан Машанидің «Ғалами мөр» кітабынан алынды

Шығыс пен Батыс күнтізбесінде айырмашылық бар

Батыс елдерінде он екі айға мән беріп, әр адамның мінез-құлқын, темпераментін анықтайды. Ал, Шығыс елдерінде түгелдей жылды қарастырады. Екеуінде екі түрлі жүйе болғанымен, адамның туған күні негізге алынған. Баспагер Қалбан Ынтыханұлы шығыс жұлдызнамасын қытайлықтар ғұндардан алғанын айтады. Олар бұрынғы иероглифпен таңбаланған жыл санау әдістерін жануарларды белгі етіп, жыл санау әдісімен қатар ұстанды.

Шығыс күнтізбесі: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз.

Шығыс күнтізбесі Қытайдан Орта Азияға моңғол империясы арқылы жеткен

Шығыс күнтізбесі Қытайдан Орта Азияға моңғол империясы арқылы жеткен / Abai.kz сайтынан алынды

Батыс күнтізбесі: Балықтар, Тоқты, Торпақ, Егіздер, Шаян, Арыстан, Бикеш, Мизам (Таразы), Сарышаян, Мерген, Ешкімүйіз, Суқұйғыш.

Мичиган университетінің психологы Б. Силверман жұлдыз-жорамалдың адамдарға әсер етпейтінін анықтады

Мичиган университетінің психологы Б.Силверман жұлдыз-жорамалдың адамдарға әсер етпейтінін анықтады / unn.com.ua сайтынан алынды

Үркер шоқжұлдызы Бикеш боп шыға келген

Жазушы Кемел Жүністегі былай дейді: «Бүгінде Үркер шоқжұлдызы Бикеш боп шыға келген. Орысша «Дева» болғаннан кейін, «Үркер» аузына түспей, солай атай салған. Енді бір шоқжұлдыз Егіздер атына ие болыпты. Орысшасы «Близнецы» ғой. Мал баққан қазақ бұл жұлдызды «Қосақ» (қойды сауарда қосақтағанды «қосақ» деп айтады. Жұлдыздардың айқасуы соны көрсетіп тұр) дейтін де, жанындағы ромбы тәрізді жұлдыз тобын «Шетен» атаған. Көшпелі мал баққан қазақ жұлдыз әлеміне сүйсіне қарап, өзінің тіршілігіне, ыңғайына қарай атаған.


Ең бір қызығы, кей әдебиетте осы «Близнец» жұлдызын «Босаға» деп атап жүр. Бұл – қазақта әйтеуір бір жұлдыздың аты «босаға» еді дегеннен шыққан сөз. Иә, «Босаға» жұлдызы бар. Ол жаз шыға туып, қара күздің соңын ала батады. Қыс бойы көрінбейтін, шын мәнінде босаға тәрізді сегіз жұлдыз. Оның ең биік көтерілген шағында – жаз ортасында оңтүстік көкжиектен маңдайға (зодиак) жетпей, иық тұсында тұрады. Сонымен, «Босаға» – жаздың кірер босағасы, жазбен келіп, жазбен кететін шоқжұлдыз».

Жылдың жаманы жоқ

Биыл Түрікменстанда Доңыз жылын тойлауға тыйым салынды. Қаланы жаңа жылға қарсы безендіргенде доңызға қатысты бір де бір бейне қолданылмайды. Тіпті, шошқа бейнеленген ойыншықтар да сатылмайды. Халықтың пікірінше, бұл шешім ислам дінінде талпақ танауды «лас хайуан» деп санайтындықтан қабылданып отыр.

Ал қазақ «Тауық жылы – табысты, Ит жылы – игілік, Доңыз жылы – дүниелі болады» деп әрқайсысының мағынасын ашып, барлығын жақсылыққа балаған. Жылды жақсы ететін де, бүлдіретін де адамдардың ниет-пиғылы мен іс-әрекеті емес пе?

Осыған дейінгі доңыз жылы елімізге қалай әсер еткені жөнінде іздестіріп көрдік.

1911 жылы қандай жыл болды?

  • 5 млн 408 мың қазақ болған. Осы тұста Қытай мен Моңғолияда 100 мың қазақ өмір сүрген.
  • Қаңтардың төртінде Верныйда (қазіргі Алматы) магнитудасы 10 балды көрсеткен жер сілкінісі болды.
  • Троицк қаласында Мұхамеджан Сералин «Айқап» журналын шығарды.
  • Доссордағы №3 ұңғымадан мұнай қоры табылды.
  • «Қазақ елінің уставы» деп аталатын алғашқы қазақ конституциясының жобасы әзірленді. Бірақ, қабылданған жоқ.
  • 1911 жылы мамырда Перовск және Түркістан шеберлік бекетінің теміржол жұмысшылары, «Атбасар мыс рудалары» акционерлік қоғамының кенішіндегі кеншілер ереуілге шықты. Оған 300-дей адам қатысты, олар еңбекақының көтерілуін талап етті.

1923 жылы қазақ халқына оңай болған жоқ

  • 1921-1922 жылдардағы ашаршылықтан кейін аш-жалаңаш балалардың саны артпаса, кеміген жоқ. 1923 жылғы 1 наурыздағы деректер бойынша қараусыз қалған балалар саны Қазақ АКСР-і бойынша 408 022-ге жетті.
  • Ашыққан халыққа көмек көрсету жөніндегі РКФСР Орталық Комиссиясы халыққа көмек көрсете бастады. Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті Кеңесінің 1923 жылғы 20 маусымдағы декретімен сол жылдың 1 тамызынан бастап ашаршылықпен және оның салдарымен күрес жөніндегі комиссиялар таратылды.
  • 4 желтоқсанда «Талап» қоғамы құрылып, оның құрамына А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М Міржақып Дулатұлы, Қ.Кемеңгеров т.б енді.
  • Арнайы шақырылған Ә.Қашаубаев, И.Байзақов, Е.Өмірзақов, Ғ.Айтпаева, Қ.Байжанов, Қ.Жандарбеков т.б. қазақ әншілері мен музыканттары Мәскеуде концерт қойды.
  • Ақмола облысында Қорғалжын елдімекенінің іргетасы қаланды.

1935 жылы Сталинге қарсы топтарды жою кең өріс алды

  • Экономиканың тоқырау себептерін жау элементтерден іздестірілді. Бірінші бесжылдықтағы «…барлығын техника шешеді»ұраны 1935 жылы «кадр бәрін шешеді» ұранымен өзгертілді.
  • 16 қыркүйекте санақ парағының жобасын жетілдіру үшін арнаулы комиссия құрылады. Бұл комиссияның құрамы санақ қорытындысымен бірге жылдар бойы құпия сақталды.
  • Жамбыл облысында Жаңатас фосфорит кен орны ашылды.
  • Тарихшы ғалым Санжар Асфендияровтың «Қазақстанның өткені: деректер мен материалдар» атты деректер жинағының бірінші томын шықты. Сонымен қатар «Қазақ тарихының очерктері» атты мектеп оқулығы баспадан шықты.

1947 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалай болды?

  • «Қазақстан XIX ғасырдың 20-40-жылдарында» атты монографиялық зерттеудің авторы, талантты тарихшы ғалым Е. Бекмаханов жазықсыз қудаланып, 25 жылға сотталды.
  • Қазақстандық ғалымдардың жазықсыз жазалануына араша болуға ұмтылған республиканың Ғылым академиясының тұңғыш президенті Қ. Сәтбаев қызметінен босатылып, Қазақстаннан кетуге мәжбүр болды.
  • Карточкалық жүйе жойылып, ақша реформасы жүргізілді.
  • Азык-түліктің негізгі түрлерінен мен ұннан істелінетін тағамдарға, етке, өнеркәсіп тауарларына деген баға төмендетілді.

1959 жылы Теміртауда металлургиялық комбинат салынды. Ауыз су жетпей, нашар тамақтанған жұмысшылар наразылық көрсетті. Дүкендерді, базарды, асханаларды тонады.

1971 жылы – Қазақстанның клубтық футбол тарихындағы ең ірі жеңісі тіркелген жыл. Алматының “Қайрат” футбол клубы Кеңес Одағы клубтарының арасында бірінші болып теміржолшылардың Халықаралық Спорттық Одағы Кубогін жеңіп алды.

1983 жылды БҰҰ «байланыс жылы» деп жариялаған. Қазақ ССР тарихының «Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталатын екінші томы жарияланды. Телевизияда екінші аппараттық-студиялық кешен іске қосылды. 30 тамыздың түнінде «Аэрофлот» авиакомпаниясына тиесілі ТУ-134А ұшағы апатқа ұшырады. 84 жолаушы түгел қаза тапты.

1995 жылы Қазақстан егемен ел ретінде доңыз жылын алғаш рет қарсы алды

  • Дәл осы жылы Қазақстан өзін көпұлтты, бейбіт мемлекет ретінде жариялап, Қазақстан халықтары Ассамблеясы құрылды.
  • Ұлттық валютамыздың тұғыры бекіп, төл теңгемізді шығаратын фабриканың ашылу рәсімі өтті.
  • Республикалық референдумда ҚР жаңа Конституциясы қабылданды.
  • Жалпыхалықтық референдумда қабылданған ҚР Конституциясында «Парламент» ұғымы алғаш рет ресми түрде бекітілді.
  • «Жекешелендіру туралы» Заң қабылданды.
  • «Батыс Қазақстан – Құмкөл» мұнай құбыры іске қосылды.

2007 жылы егемен елімізде доңыз жылы екінші рет тойланды

  • Қазақстанда ойын бизнесін ұйымдастыру жөніндегі қызметтерге шектеулер қойылып, қызмет ету аясы Заң жүзінде анықталды.
  • Жолдауда Үкіметке ана мен баланы әлеуметтік қамтамасыз етуді жақсарту, зейнетақы мөлшерін үлғайту мен индекстеу сынды міндеттер жүктелді.
  • Конституцияға енгізілген көптеген өзгертулер мен түзетулер бекітілді.
  • Елбасы Президенттің өкілеттілігі мерзімін 2012 жылдан кейін жеті жылдан бес жылға дейін қысқартуды ұсынды.
  • Қазақстан Республикасының Президенті, Парламенті, «Сайлау туралы», сонымен бірге «Үкімет туралы» Конституциялық заңдарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойылды.
  • «Қазақстанның 30 корпоративті көшбасшысы» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді.
  • ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі 2010 жылы бұл ұйымга ҚР-ның төрағалық етуі туралы шешім қабылдады.

2019 жылы қандай сый күтіп тұр?

Украинадағы «Экстрасенстер шайқасының» жеңімпазы, астролог Юлий Кацманның айтуынша, алдағы жылдың символы – Сары доңыз. Қытай күнтізбесі бойынша, жыл 5 ақпаннан басталады. Жаңа жылда қоңыр, сары, жасыл түсті киім киген дұрыс. Сонымен қатар, көк, күлгін, алтын түстес, қара, ақ түстерден де киюге болады. Астролог доңыз етін мүлде жемеуге кеңес береді.

– Шығыс мифологиясына сәйкес, доңыз – ақша мен байлықтың белгісі. Оның үстіне отбасын құруға, неке заңдастыруға, балалы болуға сәтті уақыт. Махаббатын іздеп жүргендердің де жолы болып, неке көп қиылады. Бала саны биылға қарағанда көбірек дүниеге келеді. Ажырасу мен сот ісі де көп болады. Себебі, 2019 жылдың символы өтірік айтқанды ұнатпайды. Ендігі бір байып – білім саласында өзгеріс болып, білім беретін орталықтардың саны артады, – дейді ол.

Жұлдызшы Ботагөз Нұрғали доңыз жылына қатысты  арнайы болжам жасады

– Елімізді 2020 жылы тың өзгерістер күтіп тұрса, 2019 жыл дайындық ретінде өтеді. Жыл бойы Есекқырған (Юпитер) ғаламшары Мерген жұлдызнамасының орбитасында айналады. Сондықтан, оңтайын тауып, білім жүйесінің, туризм саласының ыңғайын келтіру керек. Мерген, Арыстан, Егіздердің ілкіде жоспарлаған мақсаты орындалып, жолы болады. 2019 жыл Шаян мен Тауешкіге қиындықтар әкелуі мүмкін. Қоңырқай (Сатурн) ғаламшары Тауешкі жұлдызнамасына жақындағандықтан, құрылыс саласында ережелер пайда болып, баспаналы болмай жүргендердің ұнжырғасы көтеріледі.

Доңыз жылы отбасы алдыңғы орынға қойылады. Валютада құбылу болмайды. Ең маңыздысы – Доңыз жылы бес рет күн тұтылады. Мұндай құбылыс көбінесе бір жылда үш-төрт рет ұшырасатын еді ғой. Нақтырақ айтқанда, 2019 жылы екі рет күн, үш рет ай тұтылады, – дейді астролог Ботагөз Нұрғали.

Нумерологтар не дейді?

– Келер жылдың саны – 3. Бұл санға сай әдемілік, креатив, дизайнер, сәулетті меңзейтін болғандықтан, сәулетшілердің жылы болғалы тұр. Ипотекамен үй алғыңыз келсе, доңыз жылы жақсы энергетика сыйлайды. Біздің байыбымызша, елімізде қыркүйек айына дейін инфляция болмайды. Шатқаяқтап тұрған шағын және орта бизнес құрылыс, тау-кен, зергерлік саласында жақсы дамиды. Біліктілікті арттыратын оқу орындарын ашқандар ұтылмайды. Өйткені, халықтың көбісі білімін көтеруге ұмтылады. Қаңтар айында аянбай еңбек еткендерге жыл бойы табыс болады. Спорт пен IT байланысып, жаңа жоба шығады. Отбасы құрғандардың шаңырағы берік болады. Қазан айында Қорғаныс министрлігінде өзгерістер болады. Сол кезде өрт қауіпсіздігіне мән беру керек, – дейді нумеролог Құралай Бақытқызы.

Нумеролог Луиза Телегенованың айтуынша, доңыз – молшылық жыл болып есептелгенімен, алғашқы үш айы ауыр болады. Қайткенде де ол кезді орағытып өтетін жол табу керек. Жаңа заңдар қабылданып, өзгерістер енгізіледі. Сол кезде халық қабылдай алмай, агрессиялы күйде болады. Оның үстіне жұлдыздар Меркурий орбитасына келеді. Планеталар қозғалысы кезінде адамдарға сақ болғаны дұрыс. Содан кейін наурыз-шілдеде көпшіліктің көңіл-күйі көтеріңкі болады. Қыркүйек айында денсаулығыңызға мән беріңіз.

Доңыз жылы туғандар қандай болады?

Өтейбойдақ «Шипагерлік баян» кітабында доңыз жылы туғандарды «қорысқы» деп атаған. Онда былай делінген:

«Бұл тектелгі мүшел жылдағылардың ойлаған күтпелілігі құлқыны ғана болмақ. Басқаға қастық сайлалдығы тым аз, балалы-шағалы болуды армандағыш, харекетшіл, тер төккіш, кем сөзді, тоңмойындылығы, айтқанынан қайтпайтын, ашуланса астындағы атын басқа ұрып, қатынын сабап, қарсы келгенді мерт қылатын, басқаларды сөзбен түйіп тастағанын өзі сезбейтін, келер-кетерді аңғарымы онша болмақты, сыйлағанға сыпыра құрметін аямайтын, көңілі қалса қайырылмайтын, қулығы аз, батылдығы күшті, аусарсоқ, тамақсаулық ақылы болғы ашқарақтар дендемек».

Ұлттық банк 2018 жылдың 19 қарашасында "Доңыз жылы" тиынын шығарды