Астанада үстіне қақпа құлаған баланың жағдайы өте ауыр

Үстіне футбол қақпасы құлап, жарақаттанған бала жан сақтау бөлімінде жатыр. 9 жастағы жеткіншектің өмірі үшін күресіп жатқан дәрігерлер қандай да болжам айтуға асығар емес. Оқиға Астана шетіндегі елдімекенде болған еді.

Қазір оқыс жағдайды пайдаланып, жалған ақпарат таратып жатқандар бар екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Оқыс оқиға жексенбі күні болған. Астаналық хоккей мектебінің тәлімгерлері Қарағандылық қарсыластарымен жолдастық кездесу өткізген екен. Таңертең басталған ойыннан соң бірнеше сағаттық үзіліс болған. Балалардың кейбірі үйлеріне кетіп, кейбірі спорт кешенінде қалыпты.

Оқиға болған кешен Астана шетіндегі Мичурино елді мекенінде орналасқан. Айналасы темір қақпамен қоршалған, арнайы күзет бекеті бар ғимарат. Сондықтан ішіне кіру мүмкін болмады. Хоккей мектебінің директорын ауруханадан таптық.

«Кездейсоқ болған жағдай. Балалар бос уақытты пайдаланып ойнап жүрген. Біреуі жерде жатқан, екіншісі кіші футбол қапасының торын тартып ойнады. Қақпа құлап кетіп, жатқан баланы жарақаттады. Әрине, жауапты жаттықтырушылар қайда қарады деген сұрақ туындайды. Ол жалғыз болған соң бәріне бірдей ие бола алмады. Біз өз кінәмізді мойындап отырмыз. Бұдан сабақ алып, қайталанбауын қолға алуымыз керек», — дейді «Номад» хоккей мектебінің директоры Вячеслав Борисов.

9 жастағы бала елордадағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы өте ауыр. Бірден ота жасалған. Қазір дәрігерлер оның өмірі үшін күресіп жатыр. Ал оқиға туралы естіген азаматтар балаға қан тапсырып көмек беруде.

Қан орталығындағылар 42 адам қан тапсырғанын айтты.

Алайда хоккей мектебінің директоры зардап шеккен жеткіншек қанға, отбасы қаржылай көмекке мұқтаж емес дейді. Азаматтарды жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды.

«Много дезинформации…Ғаламторда жалған ақпарат өте көп тарап жатыр. Ойын кезінде болған оқиға дейді, балаға шұғыл түрде қан керек, ақша жинау қажет. Барлығы жалған. Оқиға ойындар арасындағы бос уақытта болған. Ешкім көмекке мұқтаж емес. Керек болса, өзіміз ресми түрде сұраймыз. Қайғылы оқиғадан ұпай жинауды көздейтін шолақ белсенділерді түсінбеймін», — дейлі Борисов.

Қан тапсыру керектігі туралы ақпарды Астана хоккей мектебі таратқан көрінеді. Өйткені жас спортшы біраз уақыт сонда жаттығыпты. Жеткіншектің туыстары сұхбат беруден бас тартқан. Оқиға бойынша полиция қызмкеткерлері іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізуде.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *