Өзбектер кілемдерін қазақстандық нарықта 10-15% арзандатып сатады

Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар экономика салаларының және аймақтардың қарқынды дамуы үшін құрылатын және инвестицияларды, заманауи технологияларды тарту, бәсекеге қабілетті өндірістерді құру мақсаттарын көздейтін, кәсіпкерлікті қарқынды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау инструменттерінің бірі болып табылады.

Арнайы экономикалық аймақта орналасқан кәсіпорындар үшін заңнамалық актілермен бекітілген жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған. Мәселен, АЭА қатысушыларына жер телімдері АЭА-ның құру мерзіміне өтеусіз жалға беріледі. Сонымен қатар, АЭА-ның қатысушылары корпоративті табыс салығы, жер және мүлік салықтарын төлеуден босатылады.

Сондай-ақ, өз өндірісі үшін қажетті жабдықтар мен шикізат, тауарлар мен материалдарды импорттау кезінде кедендік баж салығын төлеуден босатылады. Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес дайын өнім құрамындағы тауарларды сәйкестендіру жүзеге асырылса, арнайы экономикалық аймақтың немесе еркін қойманың аумағында өндірілген дайын өнім құрамындағы тауарлардың импорты кезінде қосылған құн салығын төлеуден босатуды қолдануға құқылы.

Бұған қоса, «Оңтүстік» АЭА аумағында өз қызметін жүзеге асыратын кәсіпорындар инженерлік коммуникациялардың барлық түрлерімен, оның ішінде газбен қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, телефондандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерімен толықтай қамтамасыз етіледі.

Қазіргі уақытта елімізде әртүрлі салалық бағытты қамтитын 12 арнайы экономикалық аймақ қызмет істеуде. Олардың ішінде жеңіл өнеркәсіп, тоқыма өнеркәсібі, киім өндірісі, химия және мұнай химиясы салаларында  кәсіпорын ашуға дайын кәсіпкерлерге арналған Шымкент қаласында орналасқан «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағының орны ерекше.

Бүгінгі таңда, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында жалпы инвестициялар құны 29,5 млрд.тг. құрайтын 13 жоба жүзеге асып отыр.

Олардың қатарында:

«Хлопкопром-Целлюлоза» ЖШС- гигроскопиялық мақта, мақта целлюлозасы, техникалық және тазартылған карбоксиметилцеллюлозасының отандық өндірушісі. Заманауи,  жоғары технологиялық, автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған кәсіпорын дайын өнімді ТМД мемлекеттеріне, Иран мен Финляндияға экспортқа шығарады.

«Шымкент-Кашемир» ЖШС— жүнді қайта өңдеу және одан дайын өнімдерді шығаратын отандық зауыт.  Компанияның негізгі қызметтері: қойдың және түйенің жүнінен жасалатын жамылғы көрпелерді дайындау, жүннен, кашемирден жасалған төсек-орындарды (көрпелер мен ілеспе үй тоқыма) дайындау, иірілген жүннен жасалған тоқылған жемпірлер мен шарфтар және тарақты таспаны (TOPS) өндіру. Негізі экспорттық нарықтары — Қытай және Италия. Өндірісте тек жергілікті шикізатты ғана пайдаланатын кәсіпорын осылайша отандық жүн өнеркәсібін дамытуды ынталандырады.

«АГФ Групп» ӨК» ЖШС— үй тоқыма өнімдерін  өндіретін Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған тігін фабрикасы. 2016 жылдан бастап фабрика ИКЕА атты шведтік компаниямен ұзақ мерзімді келісім шартқа қол жеткізіп, жылына 2 млн. жуық төсек-орын бұйымдарын Ресей және Еуропа елдеріне экспортқа шығарады.

«Бал Текстиль» кілем фабрикасы Қазақстанда теңдесі жоқ серіктестік болып табылады. Өз жұмысын 2013 жылы бастаған бұл өндіріс орны тек кілем тоқумен ғана емес, сондай-ақ полипропилен жіптерін иірумен де айналысуда. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 млн шаршы метрден астам кілем және кілем өнімдерін шығаруға мүмкіндік береді. Ал полипропилен жібін иіру қуаты жылына 4000 тоннаны құрайды. Бүгінде мұнда 245 адам жұмыспен қамтылған. Шымкенттік кілемдерді Қазақстанның барлық қалаларында кездестіруге болады. Еліміздегі ресми таратушылардың саны 400-ден асады. 2016 жылы «Бал Текстиль» фабрикасы шведтік ИКЕА компаниясымен келісімге келудің нәтижесінде экспорт көлемі 20-30 пайызға ұлғайды. Енді «Қазақстанда жасалған» белгісі бар кілемдерді Англия, Германия және Ресейдің ірі сауда маркеттерінен сатып алуға болады.

«Әлем БТ» ЖШС –шұлық және шұлық бұйымдарын шығаратын ірі кәсіпорын. Оңтүстік Кореяның заманауи технологиясы негізінде жұмыс істейтін зауыт, жылына 16 млн.жұп шұлық шығаруға қауқарлы. Бүгінгі таңда,іске қосуға шамамен 2 млрд.теңге инвестиция тартылған өндіріс орнында 200 ден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорын жобалық қуаттылыққа шыққан жағдайда фабрикада шамамен 400 адам жұмыс істейтін болады. Фабрика отандық нарықты қамтып қана қоймай, өнімін Ресей, Оңтүстік Корея нарықтарына да шығарады.

«Azala Cotton» ЖШС— еліміздегі мақта талшығын өндіретін көшбасшы кәсіпорынның бірі. Бүгінде  аталған кәсіпорында 300-ге жуық адам жұмыс істейді.  Жалпы, зауыт жылына 6 мың тонна кардалық және таралған мақта иірім жіптерін өндіруге қауқарлы. Жобаға тартылған жалпы инвестицияның көлемі  7  млрд.теңгені құрайтын фабрика өнімдері  ТМД мен  алыс-жақын шетелдерге экспортталады.

«Lux Shoes» БК» ЖШС— халықаралық стандарттарға сай, таза былғарыдан аяқ киім тігетін отандық фабрика. Іске қосылған күннен бастап аяқ киім фабрикасында жұмыс қызу. Дайын өнімдер Тараз, Алматы, Астана қалаларына жөнелтілуде. Жобаның инвестиция көлемі – 403 млн теңге. Аяқ киімдер заман талабына сай итальяндық технология бойынша түркиялық «Fantes» және «Comelz» маркалы құрылғыларда қалыпқа салынып, сапалы тігіледі. Барлық топтамалар сәнді және талғамға сай үлгіде жасалады. Жылына 120 мың жұп аяқ киім шығаруға мүмкіндігі бар отандық кәсіпорын, ішкі нарықтың сұранысын қанағаттандырып, өнімнің осы түрінің импортын алмастыруға ықпал ететін болады.

2010 жылдан бастап «Оңтүстік» АЭА-ның қатысушы кәсіпорындары өндірген өнім көлемі 46,05 млрд.тг. көрсеткішіне жетіп отыр, аталған өнімнің жартысынан астамы, яғни 29,9 млрд. тг. құрайтын өнім жақын және алыс шет мемлекеттерге экспортқа шығарылды. Бюджетке төленген салық төлемдерінің сомасы 3,16 млрд.теңгені құрап отыр.

Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА-ның кәсіпорындары Өзбекстан Республикасымен сауда-саттық жасау барысында бірнеше қиындықтарға тап болуда.

«Бал Текстиль» ЖШС және «Назар Текстиль» ЖШС кілем және кілем бұйымдарын өндіретін қазақстандық өндірушілер болып табылады. Бұл жобаларға жұмсалған жеке инвестициялардың жалпы сомасы 13 млрд.теңгені құрайды.

Аталған компаниялар үшін халық саны 30 млн.адамды құрайтын, шекаралас Өзбекстан Республикасы тартымды және кең нарық.

Алайда, Өзбекстан Республикасы Президентінің 2018 жылдың 29 маусымдағы № ПП-3818 «Өзбекстаннның кедендік-тарифтік реттеу жүйесі мен сыртқы экономикалық қызметті жетілдіру шаралары туралы» Жарлығына сәйкес Өзбекстан нарығына импортталған кілемдерге 15% көлемінде акциз салығын төлеуге мәжбүр, ал бұл өз кезегінде өнімнің өзіндік құнының жоғарылауы есебінен қазақстандық өнімдердің нарықтағы бағасы күрт өсіп, Өзбекстанның ішкі өндірушілері тауарларының бағасымен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады.

Сондай-ақ, 2017 жылы акциз салығы 70% құраған, ал 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30% дейін төмендетілгенін атап өткен жөн.

Дегенмен, өз өнімдерін Қазақстан нарығына шығаратын Өзбекстан кілем өндірушілері үшін ҚР Заңнамасында аталған төлемдер қарастырылмаған.

Шетел валютасының түсімін арттыру мақсатында, өзбек кілем өндірушілері өнімдерін қазақстандық нарықта 10-15% арзандатып сатады, ал Өзбекстанда импорттаушы өндірушілермен бәсекелестіктің жоқтығы салдарынан жергілікті кілемдер аймақтағы орташа құнынан 20-25% қымбатырақ сатылады.

Осы орайда, қазақстандық кілем фабрикалары үшін акциз мөлшерлемесін 0%-ға дейін төмендету немесе тең бәсекелестік жағдайды тудыру мақсатында, өз өнімдерін Қазақстан мен ЕЭҚ елдеріне экспортқа шығаратын Өзбекстан кілем өндірушілеріне салық салуды енгізу қажет.

ТІлші Мадина Нұрлан

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *