Ұлыбританияда оқып жүрген қазақ баласымен сұхбат

Қазіргі уақытта көптеген қазақ жастары шет мемлекеттерде білім алып жүр. Олардың меңгерген білімінің Қазақстанға қайтарымы қандай болады? Қол жеткізген білім-тәжірибесімен ел болашағына үлес қосамын деген ниеттері қаншалықты берік? Жастарымыздың ол жақтағы тұрмыс тіршілігі қандай, оқу барысы көңілдерінен шығып жүр ме?

Осы сауалдарымызға жауап іздеу мақсатында біз Англияның Рединг университетіндегі құрылысты басқару мектебінің магистранты Адат Әділханмен сұхбаттастық.  Адат білімін шет елде жетілдіре түсу үшін Нұр-Сұлтан қаласынан аттанған білікті құрылыс маманы, Баянауыл өңірінің тумасы.

– Құрылыстың ел саясатындағы мәні үлкен деп жатады. Осы жайлы айтсаңыз.

– Ия, расында да құрылыс саласы – үлкен саясат. Құрылыс ел дамуының барометрі іспеттес. Бірақ әлем қауымдастығының алдында абыройлы болу үшін құрылыстың сапасы жоғары болуы тиіс. Осы тұрғыдан алып қарағанда, әрине, күрделі жайттар баршылық. Еліміздің құрылыс компанияларында аз шығынмен көп іс тындыру деген үрдіс қалыптасты. Осыдан барып әкімшілік және әлеуметтік нысандар сапасы төмен арзан материалдардан бой көтеруде. Көбіне Қытай елінің құрылыс материалдары қолданылады. Әрине, қаржы сыртқа кетеді, себебі қажетті материалдар өзімізде өндірілмейді. Аз уақыттан кейін олардың талайы жөндеуді талап етіп жатады. Сол сияқты, мемлекеттік сатып алу тәсілі де құрылыс сапасын арттырмай, керісінше төмендетіп жатқаны жасырын емес. Мұнда нысанды мейлінше арзанға тұрғызып беремін деген компания мердігерлікті ұтады. Содан барып сапа төмен болып жатады. Халқымыздың «Арзанның сорпасы татымас» деген мәтелін осындайда еске салмасқа лаж жоқ. Проблемаға тағы бір қырынан келсек, компаниялар банктен несие алып жұмыс жүргізеді. Банктің көп мөлшерде үстеме пайызы, ай сайынғы төлемі болады. Осылайша, үнемдеу, арзанға ұрыну жалғаса береді. Ал нәтижесінде сапасы төмен ғимараттар бой көтереді. Бұл проблеманы шешудің жолы біреу-ақ. Ол – отандық құрылыс саласын түбегейлі реформалау және құрылыс өнеркәсібін тиімді де сапалы жолға қою.

– Білім-тәжірибеңізді жетілдіру үшін Ұлыбританияға келуіңізде мән бар шығар. Болашақта Қазақстанның құрылыс саласының көркеюіне қандай үлес қосуға ниеттісіз?   

– Әрине, мақсат-мұраттарым бар. Құрылыс саласындағы, соның ішінде инфрақұрылым құрылысындағы менеджменттің деңгейін арттыру қажет. Сапа да, құрылыстағы шығармашылық та, сәулет жетістігінің өсуі де бірінші кезекте жұмысты дұрыс ұйымдастыруға, саланың барлық үдерістерін технологиялармен және бизнеспен тығыз байланыстыруға байланысты. Менеджмент дегеніміз осы. Амандық болса тәжірибе жинақтап, еліміздің құрылыс саласына еңбек сіңірсем деймін. Құрылыс деген тек қана тұрғын үйлер мен мектеп, балабақшалар емес, оның аясына жолдар, каналдар, магитральды құбырлар, су қоймалары, вокзалдар, әуежайлар, ірі өндіріс орындары, мәдениет ошақтары, әкімшілік ғимараттары сынды толып жатқан нысандар кіреді.

– Маман ретінде қазіргі уақытта әлемдегі құрылыс атаулыда қандай жаңа үрдістер пайда болып жатқанын байқайсыз?

– Өзге салалар сияқты, құрылыс та заман ағымына ілесіп келеді. Қазіргі уақытта құрылыс компаниялары үшін маманның арнайы дипломы болуы шарт емес. Керегі – заманға сай жұмыс істеу дағдылары, технологияларға және сапаға қатысты біліктілік әрі жауапкершілік қасиеттері, қомандада жұмыс істеу қабылеті. Таяуда LinkedIn әлеуметтік желісі жұмыс берушілердің қоятын талаптарын зерттеп, қажетті атрибуттардың тізімін жасады. Нәтижесінде осы күні құрылыс компаниялары  маманның шығармашыл, бастамашыл, жаңашыл, идеяшыл, бейімделгіш, креативті, сыншыл, көреген, батыл және өзгенің тілін тапқыш болуына ден қоятыны айқындалды.

Елордамыз Нұр Сұлтан қаласының басты сәулетшілерінің көш басында жапон Кишо Куракава және ағылшын Норман Фостер тұрғанын білесіздер. Норман Фостер Хан Шатыр, Бейбітшілік, Келісім сарайы және Ақ Орда ғимараттарының авторы. Одан қала берді ағылшындар ғылым мен технологияны жетік меңгерген халық екеніне осында жүріп көзім жетті. Ағылшындар құрылыс мамандығын түбегейлі дамытуға көшті. Бұл бізге үлгі болуға жарайды.

– Дұрыс екен. Ал енді өзіңіз жайлы сыр тартсақ.  

– Жасымнан құрылыс саласына араластым, еңбек жолымды қарапайым құрылысшыдан бастадым. Сол кезден бері құрылыс жайлы кәсіби әдебиет менің ажырамас серігіме айналып келеді. Соңғы оншақты жылда еліміздегі мұнай-газ және құрылыс салаларындағы жобаларға қатысып, жақсы тәжірибе алдым. Дегенмен бұл тек Қазақстанның шеңберіндегі шара  болғандықтан, әлемдік қолданыстағы іс-тәжірибелер мен жаңа әдістерді көріп, меңгергім келді. Сол мақсатпен Англияда білім алудамын. Мұнда бізге әлемге әйгілі құрылыс майталмандары, заңгерлері, ірі компаниялардың басқарма төрағалары лекция оқиды. Сонымен қатар Австралия, Бразилия, Қытай, Еуропа одағы елдері, АҚШ, Корея сынды мемлекеттердің профессорлары мен бизнесмендері де келіп, тәжірибелерімен таныстырады.

– Сабақтан бос кездеріңіз бола ма? Болса немен айналысасыз?

– Сабақтан кей-кейде ғана босаймыз. Себебі ауқымды оқу бағдарламасын бір жылда тәмамдауымыз қажет. Лекциядан бөлек, топтық жұмысқа үлкен мән беріледі. Лондонның құрылыс нысандарында өтетін тәжірибелік сабағымыз да бар. Қолым қалт еткен сәтте баратын жерлерім – Лондон, Оксфорд, Кембридж сынды қалалар. Мұндағы ғимараттардың сәулеті мен жобасын тамашалап, ой түйемін. Ағылшындар ғасырлардан келе жатқан сәулет мұраларын сақтап қана қоймай, оларды әлемдік туризмнің ошағына айналдырған. Кейде мұражайлар мен кітапханаларды жағалаймын.

– Қазақ оқымыстыларынан кімдерді пір тұтасыз?

– Қаныш Сәтбаев пен Шапық Шөкинді үлгі тұтамын. Олардың ғылыми мұралары осы күнге дейін ел игілігіне қызмет етіп келеді. Қаныш Сәтбаевтың еңбегі баршаға аян. Ал Шапық Шөкин Алматы қаласынан 70 шақырым сырттағы Қапшағай су электр станциясының авторы, еліміздің электр энергетикасы саласының ізашары. Қаныш Сәтбаев пен Шапық Шөкин «Ертіс – Карағанды» каналы жобасына шешуші үлес қосқан ғалымдар. Мұның сыртында олардың арқасында Екібастұздың маңынан «ГРЭС 1» және «ГРЭС 2» сынды ірі электр станциялары салынып, жұмыс істеуде. Бұл өз кезегінде еліміздің 40 пайызын электр энергиясымен және Қарағанды металлургия өнеркәсібін энергетикамен қамтамасыз етуде.  Канал Нұр-Сұлтан қаласын сумен қамтамасыз етеді. Біз Қаныш Сәтбаев, Шапық Шөкин сынды ғалымдардай болуға талпынуымыз керек.

– Сіздің о баста оқу-білім қуып, алдыңызға үлкен мақсат қоюыңызға не әсер етті?

– Маған әсер еткен адам – өзімнің атам. Ол өте еңбекқор, ізденгіш адам. Сексеннен асса да көп оқиды, газет-журнал қарайды. Атамның осы қасиеті маған дарып келеді. Атам Баянауыл өңірінде совхоз директоры болған. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті бөлімін алғаш құрған адам.

– Ата жолына түскеніңіз ғажап екен. Ал енді әңгімеміздің негізгі бағытына оралсақ. Осы күні әлемде адамдардың қалаға ағылу үрдісі белең алып келеді. Бұл үрдістің құрылыс саласына әсері қандай болмақ?

Бұл рас. 2018 жылы әлемде қалалықтардың ұзын-ырғасы 4,2 миллиард адамды құрады. Бұл БҰҰ есебі. Ал 2050 жылға қарай 7 миллиардқа жетеді деп күтілуде. Қалалар қазірдің өзінде баспана, жұмыс орны, көлік, инфрақұрылым, тағы басқа көптеген проблемаларға тап болуда. Әрине, мұның шешімі бар. Өзге де салалардың қатарында мұнда құрылыс секторы да шешуші қызметті атқаратын болады. Бұл үшін зерттеу жұмыстары мен жобалар жасалып, жүзеге асырылады. Қазақстан бұл үрдістен сырт қала алмайды.  Біздің елімізде біркелкі инфраструктуралық даму болмай тұр, тұрғындардың қалаға ағылуы да сондықтан. Облыс орталықтарының Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент сынды дербес мәртебеге ие болып, үлкеюі жалғасады. Ал бұл өз кезегінде құрылыс секторы үшін бұрын-соңды болмаған серпіліс әкелуде. Заман тыныш болып тұрса елімізде құрылыс саласы өркендей түседі. Бәсекелестік те, сапа да жақсы болады. Мен маман ретінде еліміздің құрылыс саласын Англиядағыдай деңгейге жақындатуға атсалыссам деймін.

– Әңгімеңізге рахмет. Мақсат-мұратыңызға жетіңіз.

Сұхбаттасқан Нағашбек Алданов

Нұр-Сұлтан қаласы.


Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *