Ресейдегі шіркеу құрылысына ақша берген қазақстандықтар кімдер?

Ресей қорғаныс күштері бас шіркеуінің құрылысына Нұр-Сұлтан берген 1 миллион рубль (5,9 млн теңге немесе 15 504 доллар) Қазақстан бюджетінен алынбаған. Бұл туралы Қазақстан қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Тимур Дәндібаев Азаттық Радиосына берген ресми жауабында хабарлады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Естеріңізде болса,14 мамырда Қазақстан Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Мүслім Алтынбаев «Қазақстанның қорғаныс ведомствосы Ресейдегі бас әскери шіркеу құрылысына белгілі бір сомада қаржы аударды» деген. Ол «Қазақстан атынан Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандардың есімдері Ресейдегі бас әскери шіркеуде сақталатынын» айтқан. Алтынбаев шіркеу құрылысына Нұр-Сұлтанның қанша қаржы аударғанын айтпаған.

Қорғаныс министрлігінің Азаттық радиосына айтуынша, Ресейдегі шіркеу құрылысына жіберілген 1 миллион рубль демеушілерден алынған. «Демеушілер аттарын атамауды өтінді. Себебі бұл көмек жарнама жасау үшін емес, батырларға мәңгі ескерткіш орнату үшін көрсетілген» деп жазады ведомство өкілі.

Министрлік жауабында Қазақстанның Қорғаныс министрлігі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақстандық ардагерлерге «тағзым ету мақсатында архив материалдарын жинап жатқанын» айтқан.

«Осыған байланысты Қазақстан Ресей Қорғаныс министрлігіне ардагерлердің суреттерін, қысқаша биографиялық мәліметтерін, соғыста қаза тапқан ардагерлердің ерліктері туралы деректерді жолдады. Бұл материалдар «Еске алу жолы» галереясын құру кезінде пайдаланылады», — дейді ведомство.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *