Елорда төрінде журналистер бас қосты

Нұр- Сұлтан қаласында «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ ұйымдастыруымен «Әлеуметтік журналистика: БАҚ- тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында журналистер арасында семинар- тренинг болып өтті. «Шеврон» компаниясының демеушілігімен өткен шараға Алматы, Нұр- Сұлтан, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Жезқазған, Павлодар, Көкшетау, Өскемен, Қарағанды сынды қалалардан келген отызға жуық журналистер қатысты.

Бүгінгі таңда өңірлердегі журналистерді қолдау кең қарқын алып келеді. Семинар барысында өңірлердегі әлеуметтік журалистиканың әлеуеті кеңінен талқыланып, «Әлеуметтік журналистиканың этикалық нормалары» тақырыбында «Қарекет» бағдарламасының продюсері Самал Мейрамқызы өзекті тренинг өткізді. Сонымен бірге, «БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланатын әлеуметтік тақырыптағы ақпараттар мен жазбаларды реттейтін қазақстандық құқықтық стандарттар» туралы  заңгер Халида Әжіғүлова  баяндама оқып, журналистердің құқықтық сауатын жетілдіруіне ықпал жасады.

Семинардың екінші күні қатысушыларға ІТ маманы Айбар Қасен жаңа медианың ерекшеліктерін түсіндіре отырып, шараға қатысушы журналистер «Cogi», «ListNote», «PicMation» ақпаратты жедел жеткізуге ыңғайлы мобильді қосымшаларымен тәжірбие түрінде  жедел ақпараттар таратты. Қазақстандағы тұңғыш диджитал бағытындағы «ULYS» журналының редакторы Ержан Қалыбай ақпарат берудегі ерекшеліктер жөнінде тоқталса, «Радиодағы әлеуметтік мәселелердің көтерілуі» тақырыбында Лаззат Ноғайбай семинарға қатысушыларға тұщымды ақпараттар бере білді.

 Осынау іребдел маман иелерінің бір шоғырға жиналуына ұйытқы болған «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ президенті Назия Жоямергенқызы өз сөзінде: «Журналистер қоғамның айнасы. Оларға сапалы контент дайындауды үйретуіміз шарт. Осы шараға Қазақстанның әр өңіріндегі журналистерді шақыруға тырыстым, себебі шалғай ауылдарда әлі де контент дайындауда кемшіліктер бар»,- деді. Қазақ журналистерінің басын біріктірген шара келер жылы да жалғасын таппақ.

                             Айдана Тілеуғабылова

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *