Руслан Даленов: Қазақстан экономикасы өсіп келеді

Қазақстан экономикасының өсімі сегіз айдың қорытындысы бойынша 4,3%-ды құрады, деп мәлімдеді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов. «Ағымдағы жылдың тамыз айында тұрақты динамика сақталды. сегіз айда ЖІӨ өсімі 4,3%-ға дейін артты», — деді ол 10 қыркүйек күні Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, барлық халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингін инвестициялық тартымдылық деңгейінде растады. Экономика өсуінің басты факторлары инвестициялық белсенділік және нақты сектор өндірісін ұлғайту болды. Атап айтқанда, инвестициялар сегіз айда 10,7%-ға өсті.

«Жылдық инфляция нысаналы дәліз шегінде тұр және 5,5%-ды құрады», — деді Дәленов. Дәленов ЖІӨ-ді осы деңгейде (4,3%) сақтау үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар келесі шараларды қаматамасыз етуі қажет екенін айтты.

Олар: негізгі капиталға салынған жаңа инвестицияларды тартуға жаңа серпін беру үшін нақты шаралар қабылдау; экономика салаларында қол жеткізілген қарқынды төмендетпеу; меморандум аясында бекітілген жалпы өңірлік өнімнің өсуін қамтамасыз ету; тұтынушы тауарларына, әсіресе күзгі-қысқы кезеңде жеміс-көкөніс тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу.

Оның сөзінше, өнеркәсіп өндірісі жыл басынан бері 3,2%-ке дейін өсті. Өсу қарқыны жағынан өңдеу өнеркәсібі кен өндіру өнеркәсібінен алда тұр.

«Көмір өндіру бойынша жағдай айтарлықтай жағымды емес. Осы жылғы қаңтар-тамызда өндіріс көлемінің қысқаруы жалғасты. Төмендеу 3,0%-ті құрады», — деді Дәленов. «Ал құрылыс секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Орындалған жұмыстардың көлемі 11,8%-ке өскен.
«Қаңтар-шілдеде сыртқы сауда айналымы 1,7%-ке, 53,8 миллиард долларға дейін ұлғайды. Экспорт көлемі 32,9 миллиард долларға жетті. Импорт 20,9 миллиард долларды құрады», — деді министр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *