Елбасыны көргенде бетінің параличі жазылып кеткен

Шымкентте Жәнібек Әбуов деген кісі бар. Өзі бір қызық адам. Кейде оның не айтпағын ұғу қиын. Адамға не қырын қарап, не айдалағы қарап тұрып сөйлейді. Дегенмен оның жақсы өнері бар, ол – кәсіби фотограф. Осы күні Шымкент мемлекеттік педагогикалық институтының фотографы дейді.

Осы Жәнібек Әбуовтың басынан таңғажайып бір оқиға өтіпті. Ол оқиға Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен тікелей байланысты.

Бұрын Мақтааралда тұрған Жақаң бірде құлағы ауырып, онысы асқынып кеткесін дәрігерлер пышақ тигізуге мәжбүр болған екен. Іріңін тартып алу үшін құлағының астыңғы жағын кішкене тілген дейді. Сол кезде пышақтың ұшы абайсызда нерв нүктесін зақымдап, Жақаңнын бетінің тең жартысы жансызданып қалыпты.Бетіне шапалақпен ұрса да, аямай шымшыса да сезбейді. Бір көзі ашылмайды, оны саусақтың көмегімен ғана ашып-жабады. Жағының бір жағы да істемейді. Сөйлегендегі даусы да өзгеріп, сөзі түсініксіз болады. Амал жоқ, сол күйімен жұмысын жалғастырып жүреді. Ол кезде аудан әкімдігінің фотографы екен.

Сөйтіп жүргенде Ордабасы төбесінде үш елдің президенттері бас қосатын болады. Әр аудан Ордабасы төбесіне ауыл тігіп, ас-су даярлайтын болады, басшылар да тайлы-тұяғына дейін сонда аттанады. Сонда аудан әкімдігі Жақаңның да баруы керектігін айтады. Бұл кісі қашқақтағанымен болмай, алып барады, себебі суретке түсіру керек қой. Сөйтіп ол қара көзәйнегін киеді де жолға шығады.

Үш президенттің кездесуі өтіп жатады. Ығы-жығы халық. Жақаң да өзге фотографтармен жағаласып жүріп президенттерді суретке түсіреді.. Бір кезде президенттер ауыл аралауға тұрады. Сонда олар Мақтаарал ауданының тіккен үйлеріне де аялдайды. Осы кезде Жәнібек Әбуов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты тым жақыннан суретке алған екен. Бұл сәтті өзі былайша әспеттейді: «Оның жүзінен нұр шашырап тұрғандай болды. Мен әлдебір түсініксіз, ерекше әсерге бөлендім. Тұлабойым толқып, жүрегіме күй құйылып жатқандай ғажайып сезімде тұрдым».

Жиын тарқағасын жұртшылық киіз үйлерін жығып, жүктерін артып, тойдан қалған сарқытты жол-жөнекей ішіп-жеп, үйді-үйлеріне қайтып келе жатады. Көлік ішінде азан-қазан шуылдап бара жатқандарында кенет Жәнібек Әбуовтың бетінің жансыз бөлігі ду-у ете қалады. Бұған өзінің де зәресі қалмайды. Жалма-жан бетін ұстап, уқалап байқайды, Шымшып көргенде кәдімгідей ауырсыныпты. Жақаң сонда дереу машинаны тоқтатып, қаракөзәйнегін шешіп тастайды да көліктің есігінің маңдайындағы айнаға үңіле бастайды. Сонда бұрын жансыз болып келген көзі саусақтың көмегінсіз-ақ ашылып-жұмылыпты. Бұған қатты қуанған Жақаң бетіне жан бітіп кеткенін көпке дейін ауыл-аймағына да, басқаға да айтпай жүрген екен. «Егер біреуге айтсам, бетім қайта жансызданып қалатындай қорқып жүрдім», – дейді ол. Ал өзі бетіне жан бітіп кетуінің себепкері Президент Нұрсұлтан Назарбаев деп есептейді. Елбасының нұрынан, шуағынан алған ғажайып әсердің қуаты бетін тірілтіп жібергеніне Жақаң нық сенімді. Сондықтан да ол әрдайым Елбасының аман-есен болуын тілеп жүреді.

Нағашбек АЛДАНОВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *