Ауыл шаруашылығы саласы үлкен дау-дамайға қалды

43
Фото: tarlan.kz

Соңғы жылдары саланы дамытуға қазынадан жұмсалған орасан көп қаржыдан қайыр болмай тұр. Нәтиже көрінбейді. Ал бөлініп келген қаржы ауыл шаруашылығын осы күнге дейін адам танымастай етіп көркейтіп жіберуге жетерлік болатын. Мал өсіру мен егін баптаудың және қайта өңдеудің озық технологияларының түр-түрін енгізуге болатын уақыт босқа өтті деуге болады. Ал есесіне қыруар қаржы жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты дамытуға қызмет етті. Ақыры ауыл шарпушылығы саласы мемлекеттің сенімінен шықты. Салада оңған іс жоқ, бюджеттің беріп келген қаржысы желге ұшқанмен тең болды.

Жақында бұл проблема жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі сөз етті. Президент диқандар мен шаруаларға және өндірістік кооперативтерге субсидия бөлудегі келеңсіздіктерді қатаң сынға алды. Тіпті ол осыншама уақыт бойы ауыл шаруашылығын субсидиялау ойдағыдай жүзеге аспады дегенге келтірді.

Агросаланы субсидиялау үшін соңғы 5 жылда 2 триллион теңгеден астам қаражат бөлінген екен. Бірақ өніп жатқан жұмыс жоқ. Бюджет қаражатына бақылау да босаңсып келген. Осының салдарынан ауыл шаруашылығында экономикалық тиімділік болмады деуге келеді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке прокуратурамен және басқа да органдармен бірге бұл салаға кешенді сараптама жасауды тапсырдым. Оған қоғамды және шаруалардың өзін тарту керек», – деді Президент.

Мемлекет басшысының тапсырмасынан соң іле-шала тексеру басталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы Марат Ахметжанов аграрлық секторға бөлінген қомақты қаржының босқа кеткенін айтты. Ол қылмыстық схемалар мен ұрлықтың жасырын түрлері енді тергеу объектісі болатынын жеткізді.

Соңғы 5 жылдың ішінде 465 миллиард теңге  мал шаруашылығын дамытуға бөлініпті. Бұл ақша Қазақстанды ет экспорттаушысына айналдыру, жұмыс орындарын құру, жемшөп өндіретін алаңдар құру сынды маңызды жұмыстарға арналуы тиіс болатын. «Бірақ, өкінішке қарай, бізде импорт 62 пайызға өсті. Яғни біз қомақты қаржыны босқа жібердік. Олар экономика үшін жұмыс істемеді» – деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет төрағасы.

Оның пікірінше, ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған субсидиялар  ұрланған. Енді осы қолды болған қаржылардың ізі тексеріледі.

Марат Ахметжанов жеке адамдар контрабандалық жолмен пайда көрмек болғанын айтты. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Осы күні ауыл шаруашылығы саласында қолданылатын сыбайлас жемқорлық схемалары әшкереленді. Негізінен, субсидиялау ережелері сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне толы екені белгілі болды. Субсидиялардың мақсатты пайдаланылуына бақылау жоқ. Мұндай тәсілдер ұрлық пен сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтыны айтыла бастады.

Соңғы 5 жылда ауыл шаруашылығы саласында 960 қылмыс тіркелген екен. Қылмыстық жауапкершілікке 450 адам тартылған. Ауыл шаруашылығындағы құрылыс, құрал-жабдықтар мен техника сатып алу шығындарының 80 пайызы инвестициялық субсидиялардың есебінен болды. Мәселен, бес жылда жайылымдарды суару үшін 21 миллиард теңгеден астам қаржы төленді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандарының айтуынша, бұл көмек шаруаларға ешқандай пайдасын бермейді, тек алаяқтар мен жемқор шенеуніктердің қылмыстық жолмен баю тәсіліне айналған. Субсидия алуға дерекқордағы өтінімдер фермерлер атынан олардың электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы беріледі. Сотталушылардың бірін тінту кезінде 500-ге жуық шетелдік электронды қолтаңба табылыпты. Ол басқа адамдармен бірлесе отырып, 120 шаруа қожалығының атынан жалған қағаздарға алаяқтық жолмен қол қойып, солардың есепшоттары арқылы ақша жіберген. Осыған ұқсас қылмыстар барлық өңірлерде дерлік бар көрінеді. Мамандар мұндай қылмыстың кесірінен субсидиялар желге кетіп жатқанын айтуда.

Мемлекеттің ақшасын алаяқтық жолмен ұрлап келгендер енді заң алдында жауап беретін болды. Өкінішті. Егер тәртіп пен жанашырлық болса, ауыл шаруашылығы дамудың даңғыл жолына түскен болар еді. Әлі де кеш емес. Ауыл шаруашылығына серпіліс жасалса нұр үстіне нұр. Экономикамыз бен әл-ауқатымыздың бір ұстыны осы ауыл шаруашылығы емес пе?