Ауылда кедейшілік деңгейі қаладан 2 есе жоғары

122

Бұрыннан кедейі көп мемлекет едік. Пандемиялық шектеулердің тұсында күнкөрісі төмен отбасылардың саны арта түсті. Өкінішке қарай кедейшіліктің қамытын сүйрей алмағандардың кейбірі дүниеден баз кешіп те жатыр. Адамдардың қылмыс жасаушылыққа баруы немесе жарық дүниемен қайыр-қош айтысуы көбіне қу жетіспеушілік пен баспананың жоғына байланысты екені жасырын емес. Сіңірі шыққан кедейге айналып, жігері құм болған пенде барар жер, басар тау таба алмағаннан кейін Аллаға да, төңірегіндегі адамдарға да өкпе артпай ма? Ондайлар үшін өмірдің мәні жоғалады, ештеңені керек етпейтін күйге түседі. Ал кедейлердің азаймауы кез-келген мемлекетке сын.

Статистикаға үңілсек, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен отандастарымыздың 85 пайызы көпбалалы отбасылар екен. Қазіргі уақыттағы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен табыс 24  мың теңгеге тең. Нақтырағы – 24 мың 11 теңге 4 тиын. Бұл сома ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызымен бара-бар. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі  2021 жылдың 1-қаңтарынан бері 34 302 теңге. Айына осы 34 мың теңгені  талғажау етіп отырған отбасылардың ұзын-ырғасы осы күні 150 мыңға жақындады. Ал айына 24 мың теңгеге 5 мыңға тарта отбасы күн көреді екен. Жалпы, кедейшіліктің деңгейі соңғы бір жылда бірден 21 пайызға артып отыр.

Ауылдарда кедейшілік деңгейі қалалармен салыстырғанда 2 есе жоғары. Осы күні елімізде миллионға тарта адам табысы төмен отбасыларда тұрып жатыр. 2021 жылдың екінші тоқсанындағы есеп бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен халықтың басым бөлігі Түркістан облысында тұрады. Кейін тізімде Ақмола облысы мен  Шымкент қаласы.  Ақмола мен Маңғыстау облыстарында да өткен жылмен салыстырғанда кедейлік деңгейі артқан.

Шыны керек, сыртымыз қампиғанымызбен ішімізде түк жоқ дейтіндей-ақ жағдай. Ел ішінде нарықтық қатынасқа килігіп кете алмайтындар өте көп. Өз беттерінше кәсіппен айналысуға қабылеті жетпейтіндер де өріп жүр. Еш жерге еңбекке орныға алмай, өздігінен күнелтіп жүргендердің көпшілігі сіңірі шыққан кедей. Олардың едәуір бөлігі бір-екі күндік жеке жұмысқа жалданатындар немесе ауылдан безіп, нәпақа табудың жолында әр қалада пәтер жалдап қаңғып жүргендер. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер деген санатқа алынғандардың да шекелері шылқып жатқаны шамалы. Олар да шықпа жаным шықпа деп отырған қарақұрым халық.

Рас, мемлекет ел ішіндегі кедейшілікті төмендету үшін көптеген шараларды белгілеген. Мамандықтарға оқыту, жұмыс орындарын көбейту әрекеттері талай жылдан бері бар. Мемлекеттік бағдарламалар да жұмыс істейді. Дегенмен еңбек нарығына жолағаннан гөрі өз бетінше күнелтудің жабайы жолына түсіп кеткендер де көп-ақ. Олар пәтер жалдайды, екі қолға бұйырған уақытша жеке жұмыстарды атқарады. Бірақ басым бөлігінің жағдайы түзеле қоймайды.

Капитализмнің қатал заңы Қазақстан тұрғындарын екі жарып қойған. Елімізде табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен де төмен халық санының өсіп келе жатқанына қарамастан, байлар да көбейіп кеткен. Қазақстан осы күні бай адамдардың өсімі бойынша әлемнің ТОП-10 елінің қатарына кірген. Байлардың байыған үстіне бай бола беруіне коронавирустық пандемия да кедергі келтіре алар емес. Елімізде байлығы 30 миллион АҚШ долларынан жоғары адамдардың саны соңғы бір жылда 2,4 пайызға көбейіпті. Қазіргі уақытта қаражаты мен активтері 30 миллион доллардан асып жығылғандардың саны 520 мыңнан асатын көрінеді. 2025 жылға қарай мұндай байлардың саны тағы 27 пайызға өседі деген болжам айтылуда. Сәуегейлер Қазақстанда ең бай адамдардың саны 33 пайыздан асып түседі деп отыр.

Кез-келген мемлекеттің арманы ел ішіндегі әлеуметтік теңдікке қол жеткізу болса керек. Кедейі аз ел жағымды ел деп қарастырылады. Ал ондай жағдайға жету оңай емес. Бірлі-екілі елдің халқы ғана қамсыздыққа жақындағаны болмаса, халқының толық бақытты болуына ешбір мемлекет жеткен жоқ. Ал біздің еліміз үшін кедейлердің санын азайтуға ұмтылыстың өзі үлкен жұмыс болып тұр.