Байқоңыр зары Семейден кем емес

34

Байқоңыр ғарыш айлағынан зымыран тасығыштар мен ғарыш кемелерінің тоқтаусыз ұшырылып жатқанына алпыс жылдан асты. Оның экологиялық зардабының радиусы бірнеше облысқа тараумен келеді. Аралдың тартылып кетуіне де ұшқан ракеталардың зияны тиген. Ал осы күні Байқоңырдың экологиялық зардабы әбден шегіне жетті. Жер-суымыз толық бүлінді, жан-жануар қырылып, даламыз шөп пен ағаш шықпайтын қуаңға айналды. Адамдар шетінен қатерлі ісік дертіне ұшырап, жас сәбилер ақыл-есі кем болып туылуда. Ракеталардан бөлінген өте қауіпті гептил қалдықтары жер мен ауаны улап жатса, аспандағы озон қабатының талқандалуынан көтерілген құйын мен дауыл климатты түбегейлі бұзып тынды.  Байқоңырдың бүгінгі ахуалы кеңес заманындағы Семей проблемасынан кем емес. Осыншалықты құрбандыққа баратындай қазіргі Қазақстанның басына не күн туды? Армысыздар, ағайын! Бұл – «Анығын айтсақ» бағдарламасы.

Пайдасынан зияны мың есе көп ғарыш айлағынан елімізге не қайыр? Экологиялық апат аймағы деген сөз тіркесіне әбден етіміз өліп, бойымыз үйреніп кеттік пе әлде төбе шашты тік тұрғызар жағдайды санамыз бей-жай қабылдайтын күйге түстік пе?

Қоғамымыздың Байқоңыр проблемасына дабыл қағып келе жатқаны қашан. Соның жаңғырығы болар, осы күні Парламент Мәжілісінің депутаттары да тықырши бастады. Ғарыш айлағының жер мен халыққа тигізіп жатқан зардабы өз алдына, оны тәуелсіздіктің бастауынан бері жалға алып келе жатқан көршіміз Ресей экологиялық талапқа пысқырып та қарамауға айналды. Ал соңғы жылдары Ресей жалға төлеу мен апат кезінде төгілген гептил үшін экологиялық өтемақы беруді мүлде тоқтатқан. Халықтың жанына батқаннан кейін депутаттар да бас көтере бастады.

Байқоңырдан ғарышқа жөнелтіліп жатқан «Роскосмос» зымырандары аса улы гептилді пайдаланады. Бұл арадан әскери іс-қимыл кезіндегі зымырандар да ұшырылады.

Гептил ен даланы бүлдіріп, адамға ауру таратады, өсімдік әлемі мен жан-жануарды қырып салады. Ал зымыран тасушы «Протонның» шапшу ала алмай жерімізге құлаған жағдайлары өте көп. Ондай кезде жерге гептил ондаған тонналап төгіледі де жүздеген шақырым кеңістігімізді қайтып айықпастай етіп уға бөктіреді. Қызыл кітапқа енген қасиетті киіктеріміздің мыңдап жаппай қырылуы да соның салдары.  2015 жылдың маусым айының басында Қазақстанда 132 мыңнан астам киік қырылды. 2014 жылы бұл жануарлардың қырылуы 256 мыңға жеткен.

Соңғы 20 жылда «Роскосмос» «Байқоңыр» ғарыш кешенінен «Протон-М» зымыран тасығышын 110 рет ұшырып, оның 11-і апатқа ұшырады. Соның әр сәтінде халқымыз киіктің жаппай қырылғанына куә болды.

Жанармайдың гептил түрін әлемде Ресей мен Қытайдан басқа бірде бір ел қолданбайды. Оған дүниежүзінде тыйым салынған. Соған қарамай Ресей гептил қолдануды да өз жерінде емес, Қазақстанда іске асырып келеді.

Депутаттарымыз өз жерімізде гептилдің қолданылуына тыйым салатын заң тетіктерін жасауға талпыныс білдіріп отыр. Ресейдің Байқоңырда гептил пайдалануы жуық арада тоқтай ма, әлде тоқтамай ма, ол жағы әзірге белгісіз. Кейбір сарапшылар оның тоқтауына әлі кемінде бес жыл керек екенін айтады.  Бір ракетаны ұшырудың бағасы 50 миллион доллар тұрады. Ресей гептилді пайдалану арқылы әлемде ең арзан бағада ракета ұшырып, қыруар пайда табуда.

Гептилдің кесірінен Байқоңыр өңіріндегі тұрғындардың көпшілігі қатерлі ісік ауруына шалдығып, жаңа туған сәбилердің ақыл-есінде ауытқулар байқалып отыр. Ал Мәскеу болса Байқоңыр табиғаты мен аймақ тұрғындарын қатерлі дертке ұшыратқан әрекеті үшін жауап бергісі келмейді. Сондықтан халық қалаулылары гептил жанармайын қолданатын зымырандардың экологияны улап жатқанын ашық айтып, тез арада шара қолдану керектігін алға тартты. Депутаттар Ресейдің «Байқоңырды» пайдалану қағидаларын қатаңдатуды көздейтін заң қабылдамақ.

Ресей биыл ғарыш айлағынан аузы-мұрнын гептилге толтырған тағы үш зымыран ұшыруды жоспарлап қойған.

Марат Сыздықов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

«2018 жылы «Байқоңыр»  ғарыш кешенінде орын алған апаттан кейін Кремль экологияға келтірген орасан зиянның орнын толтырмады. Қазақстанға көк тиын төлеген жоқ.  «Союз-ФГ» ғарыш зымыран тасығышы апатқа ұшырап, 22 тонна зымыран майы өңірдегі территорияға төгілген болатын».

2013 жылы «Протон-М» зымыран тасығышы апатқа ұшыраған кезде де, «Союз-ФГ» зымыран тасығышы құлағанда да өтемақы төленбеген. Ол кезде де зымыраннан төгілген 600 тонна гептил табиғатты ластап,  экологияға таралып кеткен. Қазақстанның Қоршаған ортаны қорғау және су ресурстары министрлігі апаттың шығынын 13 миллиард теңгеге бағалаған болатын.

Парламент мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Байқоңырдағы құлаған зымырандардың салдарынан зардап шеккен тұрғындарға материалдық көмек берілетінін атап өтті.

Нұрлан Нығматуллин, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы:

«Кремль? Біздің азаматтар не үшін мұндай бюрократиядан зардап шегуі керек!».

Нығматулин ҚР Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдад Мусинге Ресейдің ғарыш кешенін пайдалануының тәртіптері бойынша жобалық құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Онда қойылатын негізгі талаптарды да атап өтті.

Жанайқайға салып жатқан мамандар да бар. Олар халықтың амандығына алаңдап, шұғыл әрекетке көшуді ұсынады.

Дмитрий Калмыков, Қарағанды экологиялық мұражайының директоры:

«Тез арада қауіпсіздік шараларын әзірлеп, Байқоңыр маңындағы халықты қауіпсіз территорияларға көшірудің әрекетін қамдауымыз керек. Басқа жағдайда бейбіт тұрғындар зардап шегіп, қайғылы жағдай  орын алуы мүмкін».

Ал «Байқоңыр Эко Мониторинг» экологиялық қоғамдық қорының төрағасы Марат Дәулетбаевтың айтуынша Ресей атмосфераға ондаған тонна гептил қалдықтарын тастағаны өз алдына, Қазақстаннан жалға алынған аумақтарға улы қалдықтарды көміп, жеріміздің астын да, үстін де ластауда.

Марат Дәулетбаев, «Байқоңыр Эко Мониторинг» экологиялық қоғамдық қорының төрағасы:

«Бұл ауданда онкологиялық аурулар мен өлім-жітім көп. Соның ішінде балалар мен жаңа туған нәрестелер арасында физиологиялық ауытқулар көптеп тіркеліп жатыр».

Мамандарға құлақ салсақ, гептилдің зардабы жойқын. Гептил ыдыраған кезде сұмдық зиянды мутаген шығарады. Гептилмен ластанған су бірнеше жылға дейін, топырақ ондаған жылға дейін залалсызданбайды. Ол жинала келе сұмдық тажалдың әсері 20-30 жылдан соң білінеді, бірақ ол кезде  кеш болады.

Топырақта өсіп, су ішкен жеміс-жидек пен саңырауқұлақ арқылы және балық пен мал етінен жасалатын тағамдармен гептил адамның асқазанына түседі. Гептилдің тез сіңімділігі сонша, ол металлдың кристалдық торша көздерінің ішіне дейін сіңіп кетеді.

Қазақстан жеріне ракеталардың бірінші сатысынан құлаған металдар түседі. Жылына қанша тонна металл мен гептил уы құлайтынына есеп жүргізілмеген. Қоршаған ортамызда  қанша гептилдің жиналғанын  білмейміз.
Алпыс жылдан астам ракета ұшырылып жатқан Қызылорда облысының Байқоңыр аймағының халқының бірінші ұрпағы орташа есеппен қанша өмір сүрді, екіншісі, үшіншісі қалай өмір сүріп жатыр, қанша адам қатерлі ісікпен, қаншасы қан ауруымен ауырды, қанша бала мүгедек болып туды, қанша суицид орын алды деген сияқты есеп жүргізілмей келеді. Ресей Байқоңыр аймағының халқын лабораториялық тәжірибелік сынақта ұстап отыр демеске лаж жоқ. Осы күні Ресей Қазақстанға атом электр станциясын салайық деп бүйірден тақалып отыр. Ресей атом станциясының сапасы күмәнді екені Чернобыль апатынан белгілі. Атом электр станциясы салынған күнде ол да бас ауруымызға айналары сөзсіз.