Бизнеске карантин кезінде жұмыс істеуге көмектесетін қосымша енгізілмек

203

Елде коронавирустың халық арасында таралу қаупін азайтып, бизнеске карантиндік шектеулер кезінде жұмыс істеуге көмектесетін қосымша іске қосылады.

Қосымшаның қызметі туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді.

Қосымша ASHYQ деп аталады.

Оның айтуынша, жобаны кезең-кезеңімен Қазақстан бойынша кеңейту көзделген.

Қазір қосымшаны қызыл аймақтағы үш қалаға кіріктіретін боламыз. Олар — Алматы, Қарағанды және Нұр-Сұлтан қалалары. Содан кейін біртіндеп барлық қала тұрғыны үшін қосымшаны қолжетімді еткізе түсеміз. Қосымшаны барлық қалаға енгізу жұмыстарын сәуір айының соңына дейін аяқтау жоспарланған, — деді министр Бағдат Мусин.

Мусиннің сөзінше, бұл қосымшалардың барлығы халықаралық тәжірибелерге сүйеніп жасалған. Оны жасау барысында Түркия, Араб әмірліктері мен Малайзияның тәжірибесі қолданылды.

Бұған дейін министр Егов порталында вакцинация паспортының іске қосылғаны туралы айтқан болатын.