Бүгінде малы ұрланбаған ауылды таппайсыз

87
Фото: inform.kz

Ұры-қарыда ұйқы жоқ, олар барымталайтын мал аңдиды. Малы ұрланбаған ауылды бүгінде таппайсыз. Ұрылардан халық та, полиция органдары да әбден шаршаған. Өйткені малдың жоғала беруі жанға тиіп бітсе керек.

Ал мал деген көздің жауы емес пе? Ұрылар үшін оны айдап әкету түк те емес. Әп-сәтте қолын – қол, аяғын – аяқ етіп жіліктейді де тастайды. Еті базарға түскен соң ізі де суып жоғалады.

Бірақ адамдар малды еріккеннен бағып отырмайтыны да белгілі. Мал ұстау деген шығыны көп кәсіп болғанымен кірісі де аз емес. Отбасының үміті де, бар сенері де қолдағы малы. Қарап отырсаңыз ауылдық жерлерде мал ұстаудың маңызы үлкен. Тіпті малды адамнан бұрын атайды. Хал сұрасқанда алдымен «Мал-жан аман ба?» дейді. Немесе шаруасына асыққанда «Мал бар, жан бар» деп сөйлейді. Өйткені малдың арқасында тамағы тоқ, ал одан артса қаражат болады.

Міне ауыл тұрғындары үшін көздің қарашығындай болған мал біткеннің жауы көп.

2021 жылдың басынан бері 800-ден астам мал ұрлығы оқиғасы әшкере болған. 7 мыңдай мал ұрланған. Бұл бойынша 112 қылмыстық топ қолға түсіріліпті. Ұрланған малдың 4 мыңға жуығы табылып, иелеріне қайтарылған.

Осы күні мал ұрлығына қарсы әрекет ету ішкі істер органдарының жұмысының негізгі бағыттарының біріне айналған. Жақында Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» деген жеке бап енгізілді. Мал ұрлаған адам бұл бап бойынша 12 жылға қамалуы мүмкін. Жаза әсіресе малды үйдің ауласындағы қораға кіріп ұрлайтындарға күшейтілген. Бұл бап ұрылардың мал иесімен татуласу арқылы жауапкершіліктен жалтаруына жол бермеуге және ұрлықтың алдын алуды күшейтуге бағытталған. Мал ұрлығының ұйымдасқан түрімен күресу үшін өңірлерде жедел-іздестіру топтары жұмыс істейді. Олар мал базарлары мен мал сою орындарында арнайы рейд ұйымдастырады.

Жөн-ақ. Себебі мал ұрлығы ауыл тұрғындарына айтарлықтай материалдық және моральдық зиян келтіреді. Жергілікті атқарушы органдарға мал жаю қағидаларын әзірлеу және бекіту бойынша құзырет берілген. Соған сәйкес, малды жайылымға бақылаусыз жіберуге тыйым салынады. Жылдың басынан малдың жайлауда қараусыз жүргеніне орай 36 мыңға жуық әкімшілік хаттама толтырылған. Бұл әрекет те мал ұрлығының алдын алу шараларының біріне жатады.

Мал ұрлығы тоқтаған емес. Ұрылардың ішінде әбден құнығып кеткендері де кездеседі. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысында бір топ ағайынды адам мал ұрлығы бойынша сотталды. Соңғы екі жылда ұрылар алыс-жақындағы төрт түлік малды қоймаған. Тек қана ұрлаған жылқыларының өзі мыңға жуық болған екен. Ұрланған мал етке немесе Атырау, Қызылорда, Түркістан облыстарына жөнелтіліп отырған. Бұл оқиға мал ұрлығы бойынша ең үлкен эпизод ретінде танылды.

Мал ұрлығы үшін қылмыстық жазаның күшейтіліп жатқаны дұрыс-ау. Малдың да, оның иесінің де тыныш болуы қазіргі қиын кезеңде өте маңызды.

Ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысы бар төрт түлік малды ұрлау қазақ ортасында ғана кең етек алған болса керек. Ал мал ұрлығы деген түсінік жоқ елдер де аз емес. Голландия, Швейцария, Германия, Франция сынды елдерде мал ұрлығы дегенді ел естімеген. Өзімізге жақын маңда дейтін Монғолияда мал көп. Жайлаулар мен қыстаулар мыңғырған малға толы. Барып-келіп жүрген адамдардың айтуына қарағанда, ол жақта да мал ұрланыпты деген әңгіме естілмейтінге ұқсайды.

Ал бізде, шыны керек, мал ұрланды дегеннен күн сайын құлақ тұнатыны жасырын емес.