Электр қуатының тапшылығы өткір мәселеге айналды

92
Фото: depositphotos.com

Экономикамыз ғана емес, бүкіл тіршілігіміз электр қуатымен тығыз байланысты. Электр қуаты болмай қалса мүсәпір халге түсеміз. Өкінішке қарай соңғы уақытта халық электр қуатының жетіспеушілігін сезіне бастады. Кәсіпорындар да алаңдап отыр. Электр қуаты жетпесе олар жартылай немесе толықтай тоқтайды. Ал жұмысшылар бос қалады.

Болжамдар көңіл көншітерлік болмай тұр. Энергетиктердің өздері алдағы айларда энергия тапшылығы болатынын айтады. Ал алдымыз болса қыс.

Энергия тапшылығының болуына бірнеше себеп бар. Мамандардың алға тартып отырғаны – бұған бірінші кезекте елімізде электр қуатын тұтыну көлемі аса зор қарқынмен өсіп келеді. Электр қуатының жетіспеушілігі жаңа жылға дейін кемі миллиардтан астам киловатт/сағатқа жетуі мүмкін көрінеді. Екінші себеп электр станцияларында жөндеу жұмыстарын жүргізумен және  гидроэлектрстанциялардағы су тапшылығымен байланысты.

Осы күнде электр қуатының тапшылығы тек бізде ғана емес, жер жүзінде өткір мәселеге айналды.  Қытайда электр қуатының тапшылығынан зауыттар мен фабрикалардың жұмысы тоқтап жатыр. Қырғызстанда Тоқтоғұл Гидроэлектрстанциясындағы судың тартылуына байланысты электр қуатын өшіру ықтималдығы туралы халыққа ескертілді.

Өзіміздің Алматы қаласында бірнеше кәсіпорын электр қуатының жетпеуінен тоқтап қалудың алдында тұр. Себебі  «KEGOC» компаниясы кәсіпорындарға беретін электр қуатын кемітіп жатыр. Ал еліміздің өңірлерінде тұрғындар жарықтың сөнгеніне шағымдана бастады.

Осы күнге дейін электр энергиясы қалай жеткілікті болды? Мамандардың пікірінше, елімізде КСРО кезеңінен қалған электр станциялары жұмыс істеп келеді. Ал қазір олардың тозығы жетті. Бүгін энергетикалық дағдарыстан шығудың жолы – атым энергиясына көшу екенін айтып жатқандар да бар.

Айтса айтқандай-ақ Қазақстанда Атом электр станциясының отынын шығаратын қазақ-қытай кәсіпорыны жұмысын бастады. Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыт аумағынан ашылған бұл кәсіпорын – индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан 55 Қазақстан-Қытай жобасының бірі. Зауыт құрылысына Қытай, Франция және АҚШ-та өндірген жоғары технологиялық жабдықтар пайдаланылды. Ядролық отын өндіріп, атом электр станцияларына тасымалдайтын елдер аз деседі. Қазақстан сондай аз елдің бірі болмақ.

Бүгінде майнинг кәсібімен айналысатындар көбейіп кетті. Электр энергиясын шектен тыс пайдаланатын да солар.  «KEGOC» басшылығының пікірінше, электр тапшылығының басты қозғалтқышы осы майнинг фермалары.

Осы күні еліміздің аумағында 17 майнинг фермасы жұмыс істейді екен. Қытай биыл бұл кәсіптен толықтай бас тартқаннан кейін, ол жақтың майнинг компаниялары Қазақстанға үдере көшіп келді және қазіргі таңдағы олардың әлемдегі үлесі 18 пайызды құрайды. Ал Қазақстан майнинг өндірісі бойынша әлемде екінші орынды алады. Қытайдан 4-5 мың майнинг құрылғылары келген. Майнинг кәсібінің экологиялық зияны бола қоймас, бірақ электр қуатын көп пайдаланады. Есесіне онымен айналысқандар өздерінің материалдық жағдайларын жақсартып жатыр.

Тұтастай алғанда, еліміз электр қуатынан қиындықтың алдында тұр. Қазірдің өзінде электр қуатын Ресейден сатып алу басталған сыңайлы. Ал ең ауыры – алдағы қыс айларында электрдің тапшылығынан жылудың да мазасы болмауы ықтимал. Кәсіпорындардың жұмыс істеп тұруы да электр қуатынсыз мүмкін емес. Осындай бір күрделі жағдайдан шығудың жолы оңтайлы болсын деп тілейік. Басын тау мен тасқа ұрса да Үкіметіміз бұл тығырықтан шығатын жолды таппаса болмайды. Себебі электр қуатының тапшылығынан бірінші кезекте зардап шегетін халық. Әл-ауқат тікелей энергетикаға байланысты.