Итің мен мысығыңа балаңдай қара 

53
Фото: amurmedia.ru

Тұрғындардың ит пен мысық ұстауына тыйым жоқ, ол әркімнің өз еркі. Жер үйлерде ғана емес, осы күні тіпті секциялық пәтерлерде де үй жануарын ұстайтындар көп. Бірақ сол үй жануарларының қараусыз болуы немесе қаңғыбасқа айналып көшелерде шұбап жүруі мемлекет үшін үлкен проблемаға айналған. Санитарлық нормаға сәйкес күтіп ұсталмаған жануар ауру таратады. Ондай жануарлар жабайыға айналады да топтанып, көшедегі адамдарға тап береді. Талай адамның талауға түскен мысалдары да жетерлік.

Қазақстан қалаларында қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбейгені сонша, жылына шамамен 350 мыңдайының көзін жойып отыруға тура келеді. Бұл үшін мемлекет жыл сайын жүздеген миллион теңге шығындайды. Тіпті 2017 жылғы шығын миллиард теңгеге шыққан. Қалаларда қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша паналататын мекемелер құрылды. Оларға қаңғыбас жануарлар сыймаған соң бірнеше күн ғана ұстайды. Иесі келмеген соң көзі жойылады. Сол уақытша ұсталатын жануарлардың тамағы мен ем-домы үшін, мысалы, бір Нұр-Сұлтан айына миллион теңге қарышталып отырған.

Иттері мен мысықтары қаңғып жүретін тұрғындарға осы күнге дейін талай шара көріліп келгенімен нәтиже жоқ. Осыны ескерген Парламент Мәжілісінің депутаттары қараусыз, күтімсіз үй жануарларының иелеріне аямай айыппұл салу  мәселесін жақында ғана қайта көтерді. Бастамашысы – Парламент Мәжілісіндегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі, «Нұр Отан» партиясының тізімімен сайланған депутат Гүлдара Нұрымова. Шыны керек, бұл өте орынды бастама. Қазіргі күндері жаңа заң жобасы халық қалаулыларының талқысына түсіп жатыр. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасының нормаларына сәйкес, үй жануарының қожайыны көппәтерлі үйде тұрудың барлық санитарлық-гигиеналық талаптарын орындауы тиіс. Бұл талаптар бұзылған жағдайда 10-нан 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ. Бұл норма ҚР Әкімшілік құқық кодексінің 407-2 бабының төңірегінде қарастырылды. Алдымен 10 айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл салынады. Ал қайталанса айыппұл 20 айлық есептік көрсеткішке ұлғайтылады. Бір айлық есептік көрсеткіш осы күні 3063 теңгеге тең. Бұл аса үлкен сома болып та шықпайды. Соған қарағанда нәтижесі де кемшін түсуі мүмкін-ау. 100 және 200 айлық есептік көрсеткіш деңгейі қойылса бір жөн болар еді. Тұрғындар сонда жауапкершілікті тереңірек сезінер ме еді. Сезінбегендіктен олар иттер мен мысықтарды қос-қосынан ұстайды, бірақ бұл үшін санитарлық талап жайлы түсініктері шамалы. Сондықтан қалаларда қараусыз, күтімсіз ауру-сырқау иттер мен мысықтар қаптап кеткен. Жануарлар нағыз инфекцияның ошағына айналды.

Өткен жылы да депутаттар үй жануарларына қатысты заң жобасын мақұлдаған еді. Ол жолы тұрғындардың ит, мысық, тотықұс және асыранды тышқан етін жеуіне тыйым салатын норма қабылданған. Соған қарағанда үй жануарларын сойып жейтіндер болған ғой. Қалалардағы қаңғыбас иттер мен мысықтарға арналған уақытша паналату мекемесінен бөтен жануарды сұрап алғандардың ішінде үйіне апарып сойып жегендер болған екен. Заң жобасы сондай оқиғадан кейін талқыға түскен еді. Ол заң бойынша ит, мысық, тотықұс немесе тышқан сойып жеген адам 200 айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл төлейді немесе 50 күнге түрмеге жабылады.

Ел ішінде үй жануарларын азаптап өлтіретін адамдар да кездеседі. Ондайлар үшін жаза Қылмыстық кодекстің 276-бабында қаралған. 100-ден 200-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл төлейді немесе бір жылға қамалады. Ал егер бірнеше адам сөз байласып, үй жануарын бірге азаптап өлтірсе, онда әрқайсысына 500-ден 800-ге дейінгі айлық есептік көрсеткіш сомасында айыппұл салынады немесе әрқайсысы екі жылға қамалады.

Шет елдердің заңы бұдан да қатал. Сондықтан болар, Бельгия, Дания, Финляндия, Германия, Нидерланды, Норвегия, Швеция және Швейцария сынды елдерде бір де бір үйсіз-күйсіз, жағдайсыз ит немесе мысық жоқ. Нидерландыда үй жануары үшін төленетін салық өте жоғары соманы құрайды. Ал кімде-кім өзінің үй жануарының жағдайын жасамаса немесе санитарлық талаптарға сай ұстамаса үш жылға қамалады. Жаңа Зеландияның заңында үй жануарлары адам дәрежесіндегі саналы мақұлық деп саналады. Германияда үй жануарларының құқығы Конституциямен қорғалған. Бұл елде 20 жылдан бері мектеп бағдарламасында үй жануарларын қорғау сабағы оқытылады.  Италияда итіне немесе мысығына қарамай қойған адам 10 мың евро айыппұл төлейді немесе бір жыл түрмеде отырады. Түркияда итті күніне үш рет серуендету міндетті. Оны орындамаған адам 500 евро айыппұл төлейді. Түркияда ит пен мысық елдің мәдениетінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылған.

Орыс әдебиетінің классигі Лев Толстой бір сөзінде «Жануарларға нашар қарайтын мемлекет кедейлік пен қылмыстан көз ашпайды» деген екен. Не деген көреген десеңізші. Ит пен мысықтың қарғысына қалып жүрмейік.