Кәсіпкерлеріміз Қытайға наразы

301
Фото: centralasia.news

Қазақстан кәсіпкерлері Қытайдың шекарадан жүк өткізу қызметіне наразы. Мыңдаған контейнер тауардың ұзақ уақыт шекарада тұрып қалуынан кәсіпкерлер шығынға шаш-етектен батты. Өз кезегінде біздің шикізатымызды күтіп отырған Қытай кәсіпорындарының ісі де кері кетіп жатыр. Қазақстан жүгінің Қытайға өтуінің қиыншылықтары басталғанына көп айдың жүзі болды. Ал осы күні бүл ахуал шегіне жетті. Сегіз мыңнан астам темір жол контейнеріміз шекарада қаңтарулы тұр.

Қытайдан Қазақстанға келуі тиіс жүктің жолында да кедергілер көбейді. Қытай жағының бұған айтар уәжі ақылға онша қона бермейді. Олар пандемиялық карантинді алға тартады, немесе жолтабанымыз тар дегенді айтады. Ал шекарадан арғы бетте жолтабанды сәйкестендіретін сервистен көп нәрсе жоқ.

Қысқасы, кәсіпкерлер миллиардтаған теңге шығынға ұрынып жатыр. Есесіне Қытай жағы Еуропа елдерінің жүгін тоқтаусыз қабылдайды, ол елдерге шығатын жүкті тоқтаусыз шығарады. Ресейдің жолтабаны да біздікіндей, Бірақ Қытай жағы Ресейдің жүгін қаңтармайды. Біздің мыңдаған вагон шикізатымыз тұрып қалғандықтан күннен-күнге бұзылып, сапасы да төмендеп жатыр. Көптеген тауардың ішінде бидай да қаңтарылып тұр. Қытайдан Қазақстанға өтуі тиіс тауарлар да үлкен кептеліс жағдайында.

Қазақстандық кәсіпкерлердің зығырданы қайнағаны соншалық, үкіметімізден Қытайға қарсы санкция енгізуді сұрады. Олар  Қытайдан тауар жеткізу мәселесіне билік араласпаса болмайды деп отыр. Импорт көлемінің қысқаруына байланысты кәсіпорындарымыздың кейбірі ширамай қалатын түрі бар. Кәсіпкерлер шекарадағы контейнерлер Қытай тарапының тапсырмасымен тұрып қалғандығын айтады. Ал Қытай тауарлары Еуропа мен Ресейге еш кедергісіз өтуде екенін алға тартады.

Шекарадағы жүктің қаңтарылып тұруының салдарынан кәсіпорындарымыздың кейбірі тұралай бастады. Тіпті жұмысшыларын ақысыз демалысқа жіберуге мәжбүр боламыз деп сарыуайымға түскендері де бар.  Ал әрбір кешіктірілген күн үлкен көлемдегі шығынға ұрындырады. Компаниялардың шығыны ондаған миллиард теңгеге шықты.

Кәсіпкерлер Қытайдың Қазақстан арқылы Еуропа мен Ресейге тасымалын азайтпайтынына наразы. Сонымен бірге Қытай бізге жеткізілетін өнім көлемін едәуір қысқартқан. Кәсіпкерлер биліктегілерден бұл мәселені шұғыл түрде шешуді сұрайды. Бұған дейін де сұраған. Орынды талап. Өйткені мұның соңы ертеңгі күні нарықта тауарлардың жетіспеушілігін туғызады, бағаның өсуіне алып барады емес пе?

Бұған дейін премьер-министр Асқар Мамин қытайлық әріптесіне осы мәселе жөнінде хат жолдаған. Ал кәсіпкерлердің осы күнге дейін үсті-үстіне шағымданып келе жатқанына қарағанда, мәселе шешімің тапқан жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер биліктен Қазақстан бизнесінің мүддесін қорғауды және  Қытай тауарларының еліміз арқылы Еуропаға өтуіне шектеу қоюды сұрайды.

Мысалы, Қазақстанның май шығаратын зауыттары қайта өңдеу үшін Қытайдан әкелінетін қоспаларын жеткізе алмауынан 10 миллиард теңге шығынға батып отыр. Олардың 200 контейнері шекараның ар жағында қаңтарулы тұр. Әрқайсысында 20 тоннадан тауар бар. Ақшасы төленіп қойған тауарды бері шығарып алу мұң болды. Сол сияқты, Қытай май шығаратын зауыттары біздің дәнді дақылдарымыз бен тазартылмаған майымызды өз аумақтарына шекарадан өткізе алмай отыр. Олар да шығынға батуда. Бұлай етудің кімге, не үшін керек болғаны түсініксіз. Кәсіпкерлеріміздің ашу-ызасын келтіріп отырған жайт – Қытай шекара қызметінің тек Қазақстанға ғана осындай мінез танытуы.

Кім біледі, Қытайдың қулығына найза бойламайтыны тағы бар. Ал экономика күрделі болып жатқан қазіргі кезеңде Қытай біз үшін үлкен шикізат нарығының алаңы ретінде қарастырылады.