Майдангер хаттары қалай тексерілді?

54
Майдан даласынан жазылған үшбұрыш хаттар мұрағаттардың асыл қазынасына айналып отыр. Оларда үмітке сүйенген сағыныштың, селкеусіз сенімнің лебі бар.
Жергілікті мұрағат деректеріне сүйенсек, майдан даласына ай сайын 70 миллионға дейін хат жеткізілді. Қағаз жетіспегендіктен, сұрапыл соғыс жағдайында конверт пен марка табу мүмкін болмады. Сондықтан пошта жөнелтімдерінің «мобильді» нұсқасы ойлап табылды. Ол – ұшбұрыш хаттар еді.

Үшбұрыш хаттар ердің амандығын елге жеткізген. Оны алғандар шаттанып, «қара қағаз» келген үй қара жамылатын. Талайлардың үмітін үздірмей, жеңіске деген сенім сыйлаған да сол хаттар. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап пошта байланысы орнатылды. Маркалар да майданға және тылға міндетті түрде жіберілді. Хаттарға үлкен сұраныс болуына байланысты халық шаруашылығы конверттер, ашықхаттар мен бланкілер шығара бастады. Олар патриоттық сипаттағы түрлі-түсті безендірулерге ие болды. Ашықхаттар әдемі ұрандармен жазылды. Алайда, көп ұзамай конверттер туралы мәселе туындады. Хаттардың көптігіне байланысты оларды қажетті мөлшерде шығаруға уақыт болмады. Сонымен қатар, қағаз фабрикаларында шикізат жетіспеді, – дейді М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Мейрамгүл Жолаушина.

Музей қызметкерлерінің пікірінше, бұл жағдайдан шығудың жолын ойлап тапқан жауынгерлер болған. Алдымен олар қолдан газет конверттерін жасады, ал ол жетіспеген кезде, хаттарын үшбұрыштарға сала бастады. Кейде сарбаздар туыстары мен жақындарына қағаз қалдықтарына, буклеттерден жыртылған беттеріне, темекі қораптарына, газет шеттеріне немесе жолдар арасына жазуға мәжбүр болды. Сонымен қатар, мұндай хабарламаларда хат алушының мекен-жайы мен жіберушінің деректері үшін орын қалды, сондықтан конверттерге аса қажеттілік бола қоймады.

Ұрыс даласында құпиялылық мүлдем болмаған, үшбұрыш хаттар желімделмеген. Оларды НКВД ашып оқыды. Дәл осы себептен неміс сарбаздарының хаттары кеңес жауынгерлеріне қарағанда әлдеқайда мазмұнды және көлемді болды. Сонымен қатар хабарламалар екіжақты тексерілді: әр үшбұрыш хатта міндетті түрде «әскери цензурамен тексерілді» деген мөр болды. Әскерлердің орналасқан жері және әскери қызметке қатысты ақпараттарды беруге қатаң тыйым салынды. НКВД қызметкерлері тыйым салынған ақпаратты қара сиямен бояйтын болған. Кейбір деректер мемлекеттік қауіпсіздік министрлігіне жіберіліп, мұқият тексерілді. Соғыс уақытының заңдары бойынша құпия ақпаратты жария еткендерге ату жазасы тағайындалды. Хаттарда жауынгерлер туыстарына деген сағынышы туралы жазды, кейде жас балаларына сурет салып, соғыстан кейін үйге қайтуға уәде береді. Көптеген хаттар өте қысқа жазылған. Олар ұрыс арасындағы үзілістерде, шайқас қарсаңында жазылған. Мұндай хаттар «мен ұрысқа барамын» деген сөйлеммен аяқталады, – дейді М.Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері Мейрамгүл Жолаушина.

Оның айтуынша, хат-хабарларды тасымалдауға арналған машиналарды басқа мақсаттарда пайдалануға тыйым салынған.

Пошта вагондары оқ-дәрілер тиелген вагондармен бірдей басымдыққа ие болды. Сондықтан әскери үшбұрыш хаттар иелеріне жетуі үшін вагондарды кез-келген составқа тіркеуге рұқсат етілді. Майдан мен тылдағы барлық хат-хабарлар жеткізу тегін болды. Тек сәлемдемелер беруге тыйым салынды. Бірақ хаттар әрдайым уақытында келе бермейтін. Үшбұрыш хаттар соғыс аяқталғаннан кейін он-жиырма жылдан кейін иесіне жеткен жағдайлар да болды. Көбінесе пошта машиналары қоршауға түсіп, тоналды. Пошташылар от пен оқтың ортасынан блиндаждарға дейін ондаған шақырым жол жүріп жеткен, – дейді музей қызметкері.

Соғыс жылдарында хат-хабар жеткізуде қиындықтар көп болды. Хаттар ерекше түрде бүктелді.

Диагональ бойынша тікбұрышты қағаз парағы оңнан солға, сосын керісінше бүктелді. Парақтар тікбұрышты болғандықтан, әрқашан төменгі жағында тар жолақ қалды. Алдыңғы бетінде мекен-жай жазылды, ал артқы жағы таза болды. Парақтың қалған бөлігі жақын адамдарға мүмкіндігінше көп ақпарат беру үшін кішкентай әріптермен жазылды, өйткені хаттар сирек жүрді. Егер пошташы мекен-жайы ғана машинкаға басылған ақ конверт әкелсе, ол отбасы қайғы жамылатын. Шынында да, мұндай конвертке ресми бланк салынды, онда: «жауынгер қайтыс болды немесе ерлікпен қаза тапты, хабар-ошарсыз кетті» деп жазылды. Кейде жауынгердің тірі екендігі туралы хабар қара қағаздан кейін де келді,  деп түсіндірді Мейрамгүл Жолаушина.

Үшбұрыш хаттар таңқаларлық оқиғалар және майдангер ерліктерінің куәсі. Маман майдан хаттарын жинау жұмыстарын жалғастыру керек деп санайды.
Өткені оларды сақтаушылар өмірден өтіп жатыр. Соғыс уақытында хаттарда ерекше құпиялылық сақталды. Әскери бөлімдердің атауы және олардың орналасқан жері көрсетілмеген, бөлімнің өз шифры болған.  Бұл кейіннен жоғалған немесе қайтыс болған жауынгерлерді іздеуді қиындатқаны белгілі. Хаттар химиялық қарындашпен жазылды. Ол кезде қазіргідей қалам жоқ, сиямен жазылған мәтіндер түсініксіз болып шықты. Ал қарындашпен жазылған жазу суға төзімді болды және өшпеді. Осының арқасында хаттар бүгінгі күнге дейін сақталды. Майданнан келген хаттар сол кезде болған барлық шайқастар мен оқиғалардың куәсі. Олар өте құнды, онда дәуір тынысы, жеңіске деген сенім жатыр, – деп түйіндеді музей қызметкері.