Миллиондаған тонна астық өндіргенімізбен нан қымбат

105
Фото: profile.ru

Қазақстан халқы бағаның өсуіне үйреніп қалған ба дерсіз. Баға қаншалықты өсіп жатқанымен тұтынушылықтың төмендегені байқалмайды. Ал ақшаның құны түсуде, инфляция тұрақтамай тұр. Мұның соңы неге апарып ұрындырары белгісіз. Сарапшылардың кейбірі біздегі бағаның құбылмалы болуы көршіміз Ресейдің нарығындағы бағамен байланысты дегенді айтады.

Қалай болғанда да, соңғы уақытта бағаның өсуі үдеп барады. Ал алдымызда жаңа жыл келе жатыр. Әдетте жаңа жылдың басында бағаның бір дүркін өсіп қалуы бұлжымас үрдіске айналған. Соған қарағанда баға тағы өспей тұрмас.

Осы күні сұйық газдың күрт қымбаттағаны жақсы болмай тұр. Қыстың көзі қырауда мұның қалтадан қағатыны тағы бар. Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында осыдан бірнеше күн бұрын газдың құны  бір-ақ түнде аспандап шыға келді. Газдың құны бензинмен теңесіп, немесе асып түсуде. Оның литрі  130 теңге шықты. 1,5 ай ішінде газдың бағасы 52 теңгеге қымбаттап тұр. Ал бұл баға өте жоғары емес пе?  Жағдайы келмегендер газбен қош айтысуы мүмкін ғой. Энергетиктер бағаның әрі қарай да қымбаттай беретінін алға тартады.

Негізі еліміздің солтүстік өңірінде наннан бастап бәрі қымбаттап жатыр. Солярка мен бензиннен қалмай газ да жағаласып кетті.  Қыркүйекте ғана газдың бағасы 78 теңге болатын. Бір айта кетерлігі, баға әр өңірде әр түрлі. Көкшетауда газдың бағасы әзірге көтеріле қоймаған көрінеді. Осындай түсініксіз жағдайға тап болдық. Газ Семейде де қымбаттап кетті. Өзге өңірлерде де өсіп жатыр.

Үкімет биылғы наурыздан бастап газдың бағасын еркін айналымға жіберген. Осыдан кейін  баға бақылаусыз қалды. Энергетиктер алдағы желтоқсан айында газ бағасы тағы да өсетінін ашық айтып отыр.

Әсіресе нанның қымбаттағанына жол болсын. Соңғы уақытта нанның бағасы өңмеңдеп өсіп келеді.  Ахуалдың бұлай болуы барлық өңірлерге тән. Мысалы, Атырауда бұған дейін 100 теңгеден сатылған нан дүкендерде 110-115 теңгеден сатылып жатыр. Көпбалалы отбасылар нан бағасының өскенін сезінбей тұрмасы белгілі ғой. Ұн да қымбаттаған. Бұған дейін 4620 теңге тұратын 25 келі ұн осы күнде 5100 теңгеге шықты. Айырмасы 480 теңге. Енді наубайханаларға да қысылтаяң күн туды. Кейбірі жабылуға жақын тұр. Өйткені ұн қымбат, май, қант, газ да қымбат. Наубайхананың пешін істетудің өзі қалта көтермейтін жағдайға жетті. Ал пешті істетсе нанның өзіндік құны өспегенде қайтеді.

Ет қымбаттап жатыр. Оның бағасын ұстап тұруға ешкімнің шамасы жетпейді. Себебі жаз айларында құрғақшылық болды, мал азығы тапшы әрі қымбат. Еттің келісі 3 мың теңге дегенді ел осы күні ғана көріп отыр.

Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік бағасы шарықтауы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігінің айтуынша, қордағы бұрын сатып алынған өнім көлемі таусылса, тоқтаусыз өскен бағаны ауыздықтау қиын болады. Ал бағаның төмендеуі ешбір өңірде байқалмайды. Көкөністің құны да шарықтап кеткен. Жыл басынан бері сәбіздің бағасы 40,7 пайызға, қырыққабат 25,7, картоп 21,2, пияз 19,5, күнбағыс майы 29,4, қант 13 пайызға көтерілген. Әдетте күзде көкөністің қымбаттауы бұрын-соңды болған емес.

Осылайша, баға жан-жақтан қысып бағуда. Миллиондаған тонна астық өндіргенімізбен нан қымбат. Жанар-жағармай өзімізден, бірақ баға шарықтады. Мұның себебін түсіну оңай емес. Мүмкін үкіметтің бір ішкі есебі бар шығар. Бағаны шет елдермен теңестірейік дей ме екен… Ал оның тиімділігі қандай болуы мүмкін екені тағы түсініксіз. Бағаның өсуіне сәйкес, халықтың табысы еселеп артып жатса бір жөн.