775

Астанада A’Studio концерті кезінде әйелдің басына телефон құлап, миы шайқалған

Зардап шеккен әйелдің басына бес тігіс салынып, миы шайқалғаны айтылды.

Астанада A’Studio концерті кезінде әйелдің басына телефон құлап, миы шайқалған
threads.com/@acosyai

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 18 қазанда Астанада өткен A’Studio тобының концертінде көрермен әйелдің басына балконнан телефон құлап, ол жарақат алған. Зардап шеккен әйелдің құрбысының айтуынша, оған бес тігіс салынып, миы шайқалған деген диагноз қойылған.

Оқиға туралы Threads әлеуметтік желісіндегі acosyai есімді қолданушы хабарлаған. Оның айтуынша, телефон бельэтаждан құлаған. Әйелдің басынан қатты қан кеткендіктен, ол екі серігімен бірге концерт залынан кетуге мәжбүр болған.

Зардап шеккен әйелдің құрбысы azhar.aizhulova оқиғаның қалай болғанын түсіндірді. Оның сөзінше, телефонды түсіріп алған қыз оны балконның қоршауына қойып, бейнежазба түсіру кезінде экранды үлкейтпек болған. Сол сәтте құрылғы төменге құлап, құрбысының басына тиген.

«Ақыры стресс, түн ортасына дейін травматологияда жүру, бес тігіс және ми шайқалуы болды. Құрбым біраз уақыт көлік жүргізе алмайды. Кішкентай баласын мектепке апара алмайды әрі белгілі бір уақыт жұмыс істей алмайды», – деп жазды ол.

Алғашқы жазбаның авторы концерт залындағы қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін көтерді. Оның пікірінше, көрермендерден заттардың құлау қаупін азайту үшін мөлдір қоршаулар немесе қорғаныш торларын орнату, сондай-ақ ескерту белгілерін қою мәселесін қарастыру керек.

Зардап шеккен әйелдің құрбысы да көрермендерді телефонды пайдаланғанда жауапкершілік танытып, айналасындағылардың қауіпсіздігін ескеруге шақырды.

Оқиғаның мән-жайы туралы жарияланымдарда концерт ұйымдастырушыларының ресми түсініктемесі келтірілмеген. 

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор