Оқушылар арасындағы әлімжеттікті қалай тоқтатамыз?

2624
Фото: pikabu.ru

Балалар құқығы деген жай ғана қағаздағы сөз күйінде қалып коя бере ме? Бұлай дейтін себебіміз – қоғамымызда балаларға зорлық-зомбылық көрсету тыйылмай келеді. Бұған қарсы білім-тәрбие орындары да, құқық қорғау органдары да дәрменсіз демеске амал жоқ. Себебі күн құрғатпай балалардың соққыға жығылғаны, тіпті көз жұмғаны жайлы деректерді құлағымыз шалады. 5-сынып оқушысы төбелесте үстінде соққыдан мерт болды деген сұмдық хабар шарлап кетті.

Ия, Түркістан қаласында Рамазан есімді 5-сынып оқушысы соққыдан кейін көз жұмды. Соққының салдарынан бас сүйегі сынған, бауыры езілген. Баланың отбасы мұны ересек балалардың кіш балалардан ақша бопсалау мен әлімжеттік көрсетуінің дәлелі деп біледі. Туыстары баланың мектеп дәретханасында соққыға жығылғанына сенімді. Сұмдық қайғылы жағдай… Оқиға қаладағы Ж. Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясында орын алған.

Сот-медициналық сараптама жасалып, тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Ал ҚР Білім және ғылым минсистрлігінің өкілдері оқиғаның соңынан іле-шала  мектептің  тәрбие және білім беру ісіне тексеру жүргізген. Біраз кемшіліктерді айқындаған. Мектеп директоры қызметінен уақытша шеттетілді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

«Ол жерде балаларды тамақтандыру жұмысынан бастап тәрбие жоспары, мектеп психологтары мен әлеуметтік педагогтар жұмысы, тәрбие және тағы басқа жұмысқа жауапты меңгерушілердің қызметіне қатысты үлкен қателіктер анықталды. Тергеудің нәтижесіне қарамастан, осы тәртіпбұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қолданылады».

Министрдің айтуынша, Түркістан облысындағы бірқатар білім беру мекемесінде дәл сондай кемшіліктер  анықталған.

Рамазан әжесінің қолында өсіп келе жатқан екен. Әжесінің айтуынша, оны ақша тауып бере алмағаны үшін сотқар сыныптасы мектептің дәретханасында ұрып-соққан. Жарақат алған бала бірнеше күн ауырып, ауруханада көз жұмған. Бала алғашында денесі ауырсынып, демалыс күндері дәрінің көмегімен әрең жүріпті. Рамазан әжесіне сотқар сыныптасынан таяқ жегенін айтқан.

Гүлнар Маханова, марқұм Рамазанның әжесі:

«Оны дәретхананың ішінде ұрыпты. Басынан қатты соққы алған. Басына қан ұйыпты. Тамыры қысылып қалған деді. Бүйрегі де ісіп кеткен».

Балалардың бір-бірін соққыға жығуы немесе ақша бопсалауы мектеп үшін де қоғам үшін де абырой емес, әрине. Ал мұндай жағдай барлық мектептерге дерлік тән нәрсе екені жасырын емес. Барша қоғам, ата-ана, білім мекемедлері жатпай-тұрмай ойланатын проблема.

Ал 11-қазан күні Түркістан облысындағы Састөбе ауылында 9-сынып оқушысы өзіне қол салған. 15 жастағы Мейрман Әділбек әжесінің үйіндегі сарайда асулы күйінде табылған. Мектеп директорының айтуынша, марқұм төрт күн қатарынан сабақта болмапты. Ауырып қалған көрінеді. Састөбе ауылының мектебінде балалар арасында ақша бопсалау бұрыннан барын ауыл тұрғындары жоққа шығармайды. Тіпті кішкентай қыздарды да қорқытып ақша сұрайтын көрінеді. Ауылда марқұм болған оқушыны жоғары сынып балалары ақша тап деп ұрып-соққан деген әңгіме бар. Анығын кім білсін. Қазір бұл істі полиция тексеріп жатыр.

Ал 18-қазан күні Көкшетау қаласындағы №13 «Экос» мектеп-гимназиясында мұғалім оқушылардың маңдайына баттитып тұрып «Дәптер» деп жазыпты. Мұнысы мектепке келерде дәптерлерін ұмытпасын дегені көрінеді. Бұл жағдай дауға айналып, ақыры мұғалімді жұмыстан шығарып жіберген.

Бір айтарлығы, сол мұғалімнің 27 жылдық педагогикалық өтілі бар екен. Ал бұл мектепке оны биылғы оқу жылының басында үш айлық сынақ мерзімге қабылдаған болып шықты. Алдымен оған түсіндіру жұмысын жүргізген, ақыры болмағасын жұмыстан қууға мәжбүр болдған. Осындай мұғалім осы күнге дейін қалайша бала оқытып келген? Бұл оқиғаға орай ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов тіл қатты.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

«Ондай әрекеттер педагог пен мұғалім деген түсінікке сай келмейді. Ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Бүгінде тиісті шаралар қабылданды. Әрине, ондай жағдайлармен жұмыс істеу қажет. Бірақ әріптестеріміздің басым бөлігі ондай емес. Біздің арамызда ауылда болсын, қалада болсын, біртуар педагогтер көп».

Соңғы уақытта мектептерге қаоысты дау-дамай көбейіп кетті. Білім және ғылым министрінің миы ашуға айналды. Шардарада мұғалімдердің мектеп ішінде тартысып-жұлысқанының бейнежазбасы шартарапқа тарады. Бұлары үкен ұят тірлік болды. Ал оның алдында Түркістан облысында мұғалімнің былапыт сөздерді қарша боратқанын ел жақсы біледі. Осының бәрі айналып келшгенде мұғалім деген қасиетті атқа нұқсан келтіріп жатқаны жасырын емес. Мұндай жағдайдар кімді болса да ойға батырады. Әрине, министр айтпақшы, мұғалімдердің бәрі ондай емес. Ішінде  ұлағаттылары да өте көп.

Ал күні кеше ғана мұғалімдерді Семейде мұғалімдердің сенбілікке шыққаны үлкен дау-дамайға ұласты. Шенеуніктер тәртіптік жазаға тартылды. Жалпы алғанда, мұғалімдердің төңірегі қым-қиғаш тосын оқиғаларға толып барады. Біреулер білім жүйесіне қатысты әдейі осындай шатақ ұйымдастырып жатқаннан сау ма өзі деп те ойлап қалады екенсіз. Мектеп ұлы мекеме. Бәріміздің де алтын ұямыз. Ендеше мектеп атаулыны жаманатқа қимаймыз.