Парақорлық қанға сіңіп барады

215
Фото: nur.kz

Парақорлықтың деректеріне қарап отырсаңыз құса күйге түсесіз. Өйткені парақорлық кең етек жайған, таяқ тастасаңыз жемқорға барып тиеді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тіпті еліміздегі параның орташа мөлшерінің статистикасын есептеп шығарыпты. Шенеуніктердің алып жүрген парасы орта есеппен 1 миллион 200 мың теңге екен. Біреу ондаған миллион теңге пара алады, енді біреу жай ғана ондаған мың теңге алар. Есептеп шығарылған көрсеткіш соның орта белінің сомасы.

Елімізде 2021 жылдың басынан бері бір жарым мыңдай сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліпті. Соның тікелей пара алу оқиғасы 900-ге жетеғабыл. Қалғанының көбі қаржыны жымқырумен және қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланумен байланысты.

Күдікке ілінген қаншама шенеуніктің басқан ізін құзырлы органдар аңдып отырса да, қаншамасы ұсталып, темір тордың ар жағына тоғытылса да пара алушылық пен сыбайлас жемқорлық әрекеттері бір күн де тоқтамайды. Қазір бақылау мен қадағалау күшейген дегеннің өзінде күн құрғатпай шенеуніктің пара алу әрекеті қылаң берумен келеді. Не деген шеті-шегі жоқ пара алушылық дейсіз де қоясыз.

Пара алғандардың сотталуы мен олардың ізін ала өзгелерінің қолға түсуі дамылсыз істеп тұрған конвейерді еске түсіреді. Осылайша пара деген кеселдің де өзінің тоқтамайтын айналымы бар. Мысалы, биылғы жылдың  сегіз айында сыбайлас жемқорлыққа ұрынған 570 адам қамауға алынған. Соның 138-іне пара алғаны үшін, ал 237-сіне пара бергені үшін жаза тағайындалды. Қалғандары делдалдық, алаяқтық және ұрлық жасағандары үшін сотталды.

Бір ғана қыркүйек айында 14 парақорға қатысты сот үкімі шығарылды. Жамбыл облысындағы Шу аудандық малдәрігерлік станциясының басшысы 8 жылға, оның бухгалтері 7 жылға сотталды. Оларға бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылған еді. Ақмола облысындағы Ақкөл ауданында астық шаруашылығының ғылыми-өндірістік саласымен айналысатын жауапкершілігі шектеулі серіктестің бас директоры 10 жылға, онымен бірге екі адам әрқайсысы 8 жылдан, тағы бір адам 4 жылды арқалап кетті. Олар орындалмаған жұмыстар үшін бюджеттің қаржысын жымқырып келген екен. Қызылорда облысы бойынша экологияға жауапты мекеменің басшысы 11 жылға қамалды. Онымен бірге өңірдегі мұнай компаниясының қызметкері 4 жылға сотталды. Олар тексерудің оң шешімін шығару үшін жеке компаниядан 30 миллион теңге пара алу күдігіне іліккен еді. Қаржы жымқыру, пара алу сынды әрекеттерімен қыркүйек айында Алматыда бір полиция майоры 4 жылға сотталды, Петропавлда шенеунікке ірі көлемде пара бермек болған азамат  айыппұл төлеп құтылды. Қаржыны жымқырумен Бесқарағайда аудандық мұрағат бухгалтері 2 жылға, Қатонқарағайда аурухананың бас дәрігері 4 жылға сотталды. Осы сияқты мысалдар әр өңірде көп-ақ.

Биылғы жылдың басынан бері парақорлар мемлекетке 10 миллиард теңгеге жуық залал келтіріпті. Қаңтар-қазан айларының арасында парақорлықтың бір жарым мың дерегі болуы естіген құлақтан ұят. Ал бүкіл параның орташа сомасы 1 миллион 200 мың теңге дегенімізбен істі болған әлгі бір жарым мың шенеуніктің ішінде түйені түгімен жұтқандардың бары да рас.

Жемқорлықтан таза мемлекеттердің қатарына қосылғанға не жетсін. Бірақ еліміз парақорлық жайлаған мемлекеттердің қатарын қимай, сол баяғы қалпынан тапжылар емес. Ал, шыны керек, парақорлық пен сыбайлас жемқорлықтың азаймауы қоғамның ластанып, іріп-шірігенінің көрінісі емес пе?..