Қазақстан Еуропаға қамыс экспорттап жатыр

5396

Қызылорда облысының Арал қаласында шағын және орта бизнеспен айналысып, отбасылық кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі – ерлі-зайыптылар Асқар Құсайынов пен Айнұр Рысбаева. Табыс бір үйге кіргенімен, екеуінің таңдаған саласы әртүрлі. Айнұр Рысбаева бүгінде түрік инвесторлармен бірлесіп, Аралдан Еуропа елдеріне қамыс экспорттап жатқан бірден-бір кәсіпкер. Ал жұбайы Асқар Құсайынов қаланың темір жол вокзалының жанындағы «Altair» деп аталатын қонақүйдің иесі.  

Ерлі-зайыптылардың бас қосқанына 13 жыл. Қазіргі кезде 6 бала тәрбиелеп отыр. Жалпы, екеуінің де жеке кәсіппен айналысып жүргеніне біраз жыл болған. Ал бір жарым жыл бұрын Айнұр Рысбаева қамысты шет елге экспорттауды қолға алған.

Бүтіндей ел, тіпті, әлем болып кезінде ең үлкен теңіз болған Аралдың жылма-жыл суы тартылып бара жатқанына, экологиялық ахуалына алаңдаушылық білдіріп жүргеніміз рас. Енді бір қызығы, Арал теңізінің суы тартылған аумақтарының өзі жергілікті тұрғындарға белгілі бір мөлшерде күнкөріс үшін екі қолға бір күрек тауып беріп отыр деуге болатын шығар. Мәселен, кәсіпкер Айнұр табысын осы жердегі әбден қураған қамыстарды дұрыс пайдаланудың арқасында көріп отыр. «Біз жобамызды «Қамысшатыр» деп атадық. Өйткені қамыстан үйдің төбесіне жабатын шатырлар жасау Еуропада қазір сәнге айналған. Ондағылар қамысты экологиялық таза өнім есебінде қыста жылы, жазда салқын болады деп санайды. Қазір сол Еуропаның Германия, Голландия елдеріне Арал өңіріндегі әбден қураған қамыстарды орып, толықтай тазалап, қажетті деңгейінде дайындап жіберіп жатырмыз. Оның тұздылығын, минералын өздері зерттейді. Арал теңізінің ұлтанында (бывшее дно моря) қамыс көп. Яғни, Аралдың тартылып қалған жерлерінен пайда болды. Жалпы, қамысты тасымалдау, оған жұмыс күшін жұмылдыру, қажетті техниканы пайдалануға кететін шығын аз емес. Оны орып әкелгеннің өзінде, тазалау жұмыстары күтіп тұрады» дейді ол.

Айнұрдың мамандығы есепші. Былтыр пандемия басталып, халықтың басында қиын жағдай туған шақта іске асырған шаруасын жүргізу кезінде алдынан түрлі мәселелер шыққан. Қайта бүгін оның бәрі артта қалған шығар деп үміттеніп отыр. Дегенмен, әлі де аяққа нық тұрмағандарын айтады. «Аяқтан шалушылар аз емес. Екі реттей базадағы қамысты өртеп жіберуге әрекеттенгендер болды. «Қазақта «бар болса көре алмайды, жоқ болса бере алмайды» дейді ғой. Қураған қамысты қызғанып, сыртымыздан прокуратураға арызданғандар бар. Түріктер қазақтың еліне келіп тайраңдап жүр, қазақтарды құл қылып жұмсап жатыр деген оймен бизнеске зиян келетін әртүрлі әрекеттер жасайды. Кейбір адамдар халықтың арасында жағымсыз ақпарат таратып, насихат жүргізеді. Одан кейін, әлбетте, көбі бізге қарсы шығады. Бұл енді надандық түсінік деп есептеймін. Бір жылдай бізбен дауласумен болды. Оларға мән-жайды түсіндіру үшін жиналыстар ұйымдастырдық. Жұмысты жолға қоямыз деп бәріне шыдап келе жатырмыз. Бірақ қазір біртіндеп бір-бірімізбен түсінісе бастаған сияқтымыз» дейді.

Айнұр түрік инвесторларды қалай жолықтырды дейсіз ғой? Инвесторға Аралдан есепші керек боп, өзі іздеп келген екен. Қасында қазақ кісі болған. Кейіпкеріміз де олардың ұсынысына бірден қызығыпты. Қазір оның халыққа салық жөнінде ақпарат беріп, салық есептілігін жасау қызметтерін көрсететін жеке орталығы бар. Ал инвесторлар бұл іске кіріспес бұрын бұған дейін Қазақстан бойынша Балқаш, Павлодар, Орал және тағы басқа өңірлерді зерттеген екен. Өздерінің құрылғылары арқылы қамыстарды салыстыра келіп, дәл Аралдағы қамысты тиімді деп тапқан көрінеді. «Қамыс өңдеудің маманымын деп айта алмаймын, негізінен құжаттарды реттеу, бухгалтерлік есептеу жұмыстары менің мойнымда. Түрік инвесторлар бізге тапсырыс беріп отырады, ал біз атқарушы ретінде бәрін орындап береміз. Бұл кәсіпті былтыр ақпан айында бастасақ, негізгі жұмысты наурыз-сәуір айларында жүргіздік. Осы уақытқа дейін 122 көлік қамыс жөнелттік. Әрқайсысы шамамен 13-14 тоннаның айналасында» дейді Айнұр Рыспаева.

Қамыстың бағасы баумен есептеледі екен. Ақшасы әр бауына төленеді. Алайда, инвестордың қамысты қаншаға алатыны коммерциялық құпия болғандықтан, «инвестордың ішкі қазанындағыны айта алмаймын» деді.

Қытай, Түркия, Румыния, Украина елдерімен жұмыс істеп келе жатқан инвесторлардың Қазақстанға ат басын тірегені енді ғана. Жалпы, Қазақстанға сырттан келіп, қамысты зерттеп кетіп жатқандар шетелдіктер бар көрінеді. Бірақ бұл кәсіпті нақты қолға алғандар жоқ. «Инвесторлар Аралдан алатын қамыстың бәрін Еуропаның стандартына сай даярлайды. Мысалы, бұл кәсіпті тек өзі қолға алғысы келген жерлестеріміз болғанымен, олар Еуропаға өткізе алмай жатады. Қамысты ору үшін де оның қурағанын, минералы бойынан тарағанын айлап күту керек болады екен. Ору маусымы қазан және сәуір айларының аралығы. Оның үстіне, қураған қамысты ору үшін де сол жерге иелік ететін жеке қожалықтармен келісім жасайсың. Үкіметке салық есебінде лимит төлейсің. Ал орған қамыстың орнына кейін жаңасы көктеп шығады» дейді кейіпкеріміз.

Қазір бұл жерде 40-қа жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Құжат жүзінде жиырма шақты адам есептелсе, одан бөлек сағатына еңбек ететіндер бар. Кәсіпкердің айтуынша, еңбекақы көлемі де аз емес. 15 күнге шамамен 150 мың теңгедей төленеді. Алайда, таң қаларлығы, тұрақты жұмыскер табу жағы да қиындық туғызады екен. Неге дейсіз ғой? Мемлекеттік жәрдемақыдан, әлеуметтік төлемақылардан қағылып қалмау үшін жұмысқа ресми түрде орналасудан, зейнетақы қорына аударым жасаудан бас тартатын азаматтар бар. Былай айтқанда, бір оқпен екі қоян атып алғысы келетін сияқты. «Үкіметтен берілетін көмекті де, бізден айлықты да алғысы келеді. Өкінішке қарай, шаруаға жүрдім-бардым қарайтындар да жоқ емес. Енді бұл мәселені реттеу, жүйесін жолға қою жағы қарастырылады» дейді Айнұр Рысбаева.

Оның айтуынша, жергілікті әкімшілік өз тарапынан қолдау көрсетіпті. Ал «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы виза алуға және инвесторларды тарту арқылы жұмыс көзі пайда болады деген мақсатпен қамыс алқабын игеруге рұқсат алуға көмегін тигізіпті. Енді шағын кәсіп иесі үкіметтен қамыс өңдеу зауытын салу үшін жер сұрап отыр.

Ал Айнұрдың жолдасы Құсайынов Асқар Құсайынов ЖК мен «Ерке ел» ЖШС-сын тіркетіп, 2016 жылы Арал қаласындағы темір жол вокзалының жанынан «Altair» қонақүйін салған. Алайда тез салына салмаған 2 қабатты қонақүйдің құрылыс жұмыстарына 4-5 жыл кеткен. Себебі өз жинағы төменгі қабатын ғана салуға жеткенін айтады кәсіпкер. Кейін несие 3 млн теңге алуға мәжбүр болыпты. Дегенмен, ол қарызын түгел қайтарыпты. Қонақүйдегі номер құны – адам басына бір тәулігіне 4 мың теңге. Оның жанында кафесі де болған екен. Бір қызығы, аспаз, басқарушы сияқты қажетті маман тапшылығын Асқар Құсайынов та айтып отыр. «Жұмыс істейтін адам жоқ. Сол үшін де кафе жабылып қалды» дейді ол.

Оның айтуынша, қазір Аралда барлығы он шақты қонақ үй бар.   Сонымен қатар, ол кейде серіктестерімен бірге бастауыш сынып оқушылары үшін мектептерде тамақпен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерін де қатар атқарады. Есеп-қисап жағынан жұбайы Айнұр көмектеседі екен.

Қолыңнан іс келсе, барлық кәсіпті де меңгеру артықтық етпейтін болар. Асқар Құсайыновтың бұдан бөлек, техника жөндейтін шағын кеңсесі бар. Ол жерде досы екеуі компьютерлерді, жүйелік блоктарды жөндеу, компьютерге түрлі бағдарламалар орнату,  картридждерді бояумен толтыру және лазерлік принтерлерді жөндеу жұмыстарымен айналысады. Негізгі деген бағдарламаларды орнатудың құны 2 мың теңге. Көбінесе бюджеттік ұйымдармен жұмыс істейді екен. Тендерге қатысып, мемлекеттік тапсырыстар орындайды. Керек қосалқы бөлшектерді Алматыдан алып келеді. Бұл кәсіппен 2000 жылдан бері айналысып келеді.

Себебі Ташкент политехникалық институтында «Техникалық жүйелердегі автоматтандыру және басқару» мамандығына оқып шыққан. «1992-1994 жылдары туған жерім Аралға келгенде, қалада небары екі компьютер ғана болған: бірі қалалық әкімдікте, екіншісі аудандық ауруханада. Сол кезде аудандық ауруханада оператордың қызметін атқардым. Кейін жұмысымды банкте, сосын Жобаларды қолдау орталығында жалғастырдым. Ал 2000 жылдан бері қарай жеке шаруама кірістім» дейді кәсіпкер.

Қазақта «Еңбектің наны тәтті», «Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей» деген керемет нақыл сөздер бар. Біз айтып отырған кәсіпкерлеріміз осындай ақ-адал еңбегінің арқасында табысқа жетіп отыр десек артық айтқандық емес шығар.

Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асырылатын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында жасалды.

#ARALissues

Данияр Сәдуақасов

Нұрсұлу Мырзахмет