Қазақстандағы орташа жалақы Түркиядағыдан көп

267
Фото: zhaikpress.kz

Жалақының аз-көптігі әрқашан өзекті мәселе ғой. Өйткені күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің жайлы, көңіліміздің алаңсыз болуы айлық табысымыздың көлеміне тікелей байланысты емес пе? Мұндайды қазақ «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деген мәтелмен бекемдеп те қойған. Ал, шыны керек, тапқан жалақыңыз мардымсыз болса, дүниенің тарлығын сонда сезінесіз.

Сонымен, Ұлттық статистика бюросы азаматтардың 2021 жылдың алғашқы жарты бөлігіндегі орташа жалақысының көлемін есептеп шығарыпты. Жұмыс істеп жүргендердің жан басына шаққандағы орташа жалақы 225 081 теңге деп межеленген. Бұл – жалпы есептелген сома. Одан тиісті салықтық және басқа шегерімдерді айырғанда қолға тиетіні 180 мың теңге. Нақтырағы – 179 мың 762 теңге 94 тиын. Есеп-қисап жүргізгенде барлық салалар, соның ішінде кіші кәсіпкерлік нысандары мен жеке кәсіпкерлер де қамтылған.

Әрине, бұдан жұрттың бәрі бірдей айына 180 мың теңге табыс табады деген түсінік шықпауы керек. Бұл – шартты түрдегі орташа соманың көрсеткіші.  Біреудің табысы айына бірнеше миллион теңгеге шығып жатса, біреудің табысы 60-70 теңге күйінен өзгермейді.  Басшылық құрамындағылар айына 1-2 миллион теңгеден жалақы алатын мекемелер де аз емес.  Әсіресе ұлттық компаниялар мен қаржы саласының қызметкерлерінің жалақысы жай адамдарға таңсық. Ондай жерлерде 5 мың доллар жалақы алу үйреншікті нәрсе болып қалыптасқан. Мысалы, «Астана» халықаралық қаржы орталығы» деген мекеменің немесе «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамының басшы құрамындағылар кемі 5 мың доллар жалақы алады деп естиміз. Сондықтан біреудің табысы миллиондап саналса, біреудікі жүз мың теңгеге жетпейді. Осылардың қосындысын жұмыс істеп жүргендердің жан басына шағып жібергенде орташа жалақы деген сома шыға келеді.

Ал енді Қазақстанның 179 762 теңге орташа жалақысы әлем елдеріндегі орташа жалақының рейтингіне енгізілген екен. Рейтингті жасаған – Numbeo деген әлемге кеңінен танымал сайт, ірі халықаралық жоба. Бұл сайттың зерттемейтіні жоқ. Соның ішінде жер-жаһандағы өмір сүру сапасын, бағаларды, жалақыларды да зерттеп, рейтинг шығарып отырады. Сайт әлемдегі ең ірі мәліметтер базасының бірі. Оның негізін қалаушы – Сербияда тұратын Младен Адамович деген ІТ-маман.

Біздің еліміздің орташа жалақысының көлемі рейтингтің 80-ші орнына жайғасқан. 109 мемлекеттің орташа жалақысы ескерілген болса, Қазақстан соның соңынан санағанда 30-шысы болып тұр. Әр елдегі өмір сүрудің арзан-қымбаты әр түрлі болар. Бірақ адамдар үшін ол жағы маңызды емес. Адамдардың көзіне әр елдің орташа жалақысының мөлшері ғана оттай басылады.

Рейтинг бойынша жұмысшылары мен қызметкерлері ең көп жалақы алатын ел Швейцария екен. Ондағы орташа жалақыны теңгенің бағамына келтірсек, 2 миллион 613 мың теңге шығады.  Ал мұның орташа жалақы екенін ескерсек, ол жақта айына 10 миллион теңге табатындар аз еместігін байқаймыз.

Люксембургтегі орташа жалақы 1 миллион 800 мың теңге, Сингапурде 1 миллион 700 мың теңгеден астам. Айлық жалақысы 1 миллион 500 мың теңгеден асатын елдер – Австралия, АҚШ, Дания және Норвегия. Жұмысшыларының жалақысы 1 миллион 300 мың теңгеден жоғары елдер – Исландия, Катар, Гонконг. Ал 14 елдегі орташа жалақының көлемі 1 миллион теңгеден жоғары.

Орташа жалақысы ең төмен ел – Сирия екен. Ондағы орташа табыс 32 мың 300 теңге. Жалақысы 70-80 мың теңгеден аспайтын елдер – Нигерия және Пәкістан. Ал Египет пен Непалда 95 мың теңгенің шамасында.

80-ші орындағы Қазақстанның жағдайы Түркия, Армения, Әзірбайжан, Өзбекстаннан ілгері, ал Қытай, Ресей, Палестина, Малайзия, Вьетнам, Уругвай, Үндістан елдерінен төмен. Көршіміз Ресейдегі орташа жалақының көлемі 266 мың теңге. Қытайда – 452 мың 500 теңге. Қырғызстан, Түркіменстан және Тәжікстан елдерінің жалақысы туралы мәлімет рейтингіге түспепті.

Әрине, әлем елдерімен салыстырғанда Қазақстандағы орташа жалақының сомасы тым аз. Түркиядағы орташа жалақы 176 мың теңге екен, бізде 179 мың теңге ғой деп тоқмейілсуге болмайды.

Нағашыбек Алдан