Қазақстанның құрметті азаматы неге жұмыссыз қалды?

159

Жас та болса, аралдық Шайхислам Мағауияұлы біраз уақыттан бері Қазақстанның ұлттық мәдениетін өркендетуге өзінше үлес қосып келе жатқан еді. 2015 жылы Qazaqstan  телеарнасы ол туралы «ұлттық қолөнерді дамытушылардың бірі» деп жаңалық таратқан. Ал үш жыл бұрын «Халықаралық қоғамдық наградалар мен атақтар» комитеті оған «Қазақстанның құрметті азаматы» атағын берген. Туған жері болса, 2014 жылы Сыр өңірінің талантты жастарына арналған облыс әкімінің «Сыр үміті» сыйлығын табыстаған. Алайда кішігірім кәсібін жүргізіп келген қолөнер шебері бүгін неге жұмыссыз қалды?

Шайхислам Мағауияұлы оқушы кезінен, шамамен 11-12 жасында зергерлікпен айналыса бастаған. Біраз уақыт мыс, күміс және алтын металлдарынан ұлттық нақыштағы әшекей бұйымдарын жасады. Алайда көзінің көру қабілеті нашарлай бастап, зергерлік жұмысты атқара алмай қалған. Бұл, әлбетте, кәсіп жасауына қолбайлау болып отыр. Өйткені ұсақ материалдармен жұмыс істеу өз кезегінде көзге салмақ салып, қиындық туғызады.

Соған қарамастан, еңбексүйгіштігінің арқасында ағаштан ою ойып, теріден торсық дайындап, ата-бабадан мұраға қалған ұлттық қолөнерді жаңғыртып келді. Қарағай, қайың, қара тал деген ағаш түрлерінен қымыз құятын тегене, қобыз сияқты кәдесыйларды қолдан жасайды. Ас ішу үшін пайдаланылатын ыдыс жасар алдында әрбір ағаштың ерекшелігін және оның адам денсаулығына зиян тимеуін мұқият қадағалайды екен. Ал мүйізден балықтың мүсінін ойып, сыртындағы қабыршағын әдемілеп бедерлейді. Жұмыстың жеңіл немесе қиындығына қарай қолөнер туындысын бір күннен бір аптаға дейінгі уақыт аралағында дайындап береді.

‒ Жұмыстарымды негізінен мүйізден, сүйектен, ағаштан, теріден, темірден жасап шығарамын. Мал сойғанда көбі сиырдың мүйізін Аралдың шетіне лақтырып тастайды. Сол жерден пайдалануға жарайтын мүйізді шауып аламын. Үйге әкелген соң, өңдеп тазалаймын, — дейді Шайхислам.

Мұның бәрін жалғыз өзі жасайды. Өз ісіне деген махаббатын табыс табумен ұштастыру үшін 2013 жылы жеке кәсіпкерлік ашқан. Ол кезде жасы небәрі 21-де болыпты. Кәсібіңді дөңгелету үшін қаражат керегі анық. Сол үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Арал ауданының кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі ұйымдастырған «Бизнес бастау» жобасының оқу курсына қатысқан. Бірақ грантқа қол жеткізу оңайға соқпапты. Жобаға 3-4 жыл қатарынан қатысқаннан кейін ғана 2017 жылы бар-жоғы 440 мың теңге бұйырыпты. Шынын айтқанда, бизнес бастап кету үшін бұл сомма аздық етеді. Дегенмен, қолөнер шебері оған да мойымай, өз қалтасынан қаражат қосып, ағашты ойып, теріні бедерлі өрнектермен нақыштайтын станок, жону станогы, ленталық ара станогын және ажарлағыш (шлифовальный) станогын сатып алған. Алайда бүгінгі таңда бұл құрал-саймандар қолданылмай тұр. Себебі қолөнер шебері былтыр жеке кәсіпкерлігін тоқтатып тастауға мәжбүр болған. Қазір жұмыссыз қалып, Жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұр.

Оған бірден-бір себеп көзінің көруі қиындай бастағаны болса, екінші мәселе – бизнесін жүргізуге қолайлы орынның болмай тұрғанында. Соған байланысты ұлттық қолөнер өндірісі бойынша шәкірт тәрбиелей алмай жатқанына да қынжылады екен.

‒ Техникалық қауіпсіздік қамтамасыз етілген үлкендеу цех болмағасын, мынадай аядай ғана ұсқынсыз гаражға ешкім баласын жұмыс істеуге жіберіп қоймасы анық қой. Ауқымы 12*6 метрлік шеберханам болса екен деген арманым бар. Сосын «ютуб» видеохостингі арқылы ғаламторда шеберлік сабақтарын өткізе аламын. Видеоға түсіру және оны жариялау сияқты медиа бағытын ұйымдастыру шаруасына көмектесуге даяр достарым да бар. Жетпей тұрғаны – шеберхана. Бір кәсіпкер шеберхана салып бергісі келген, бірақ ол үшін қаланың орталығынан жер сатып ал деп кеңес беріп отыр. Ал оған 3 миллион теңге қаражатым жоқ, ‒ дейді Шайхислам Мағауияұлы.

Сонымен қатар, ол көзіне операция жасатып, медициналық ем алғысы келеді. Бірақ Түркияда 10 мың доллар тұратын қажетті операцияны қалтасы көтермейтін көрінеді.

Жалпы, Шайхисламның арнайы білімі де бар. Мектептен кейін №2 Арал кәсіптік лицейінде ауылшаруашылық мамандығына үш жыл оқып шықса, 2012-2015 жылдары Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінде дизайнер мамандығын меңгерген. Бірақ сол кезде де өзінің саласы бойынша тұрақты жұмыс табылмаған. Жеке кәсібін бастап кетуіне де осы жағдай түрткі болған. Соның арқасында нәпақасын тапты. Оның қолынан шыққан біраз дүниелер бар: торсықтар түрлеріне байланысты 5-7 мың теңгеге сатылса, балық мүсінді кәдесыйлардың құны көлеміне қарай 3 мың теңгеден 40 мың теңгеге дейін барады. Мысалы, биліктің жергілікті атқарушы орган өкілдері өзге елдерден Аралға қонаққа келген құрметті адамдарға сый-сыяпат ретінде тарту ету үшін осы кәдесыйларға тапсырыс беріп тұрған екен. Қазақстандық кәдесый Жапонияға да арнайы жіберіліпті. Кейіпкеріміздің алдағы уақытта да қолөнер бұйымдарының әлі талайын жасауға ниеті бар. Бізді де құр қол жібермей, қолымызға сусын құюға арналған торсық ұстатып жіберді.

Мұндай ұлттық өнімдерін Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен 2017 жылы 20 шақты өңірлік шеберлер елордада өткен «ЭКСПО» халықаралық көрмесіне де алып барыпты.

Алайда қазіргі уақытта Шайхисламға ақпараттық қолдаудан бұрын, қаржылай қолдау маңыздырақ болып отыр.

Бұл материал Германияның Федералдық Сыртқы істер министрлігінің (Auswärtiges Amt) қаржыландыруымен MediaNet халықаралық журналистика орталығы және DW Akademie медиа дамыту халықаралық ұйымы бірлесіп жүзеге асыратын «Орталық Азияның трансшекаралық экологиялық мәселелерін медиада жариялаудағы ықпалдастық» жобасы аясында жасалды.

#ARALissues

Нұрсұлу Мырзахмет

Данияр Сәдуақасов