Шетелге жанармай асырмақ болғандар құрықталды

99
Фото: neftok.ru

Көршілес елдердің бірнеше тонналық цистерна тіркеген жүк көліктері жанармайымызды жол бойындағы бекеттерімізден емін-еркін алып кететін жағдайлары жиіледі. Оны тұрғындар бейнежазбаға түсіріп, елге таратып та жатты. Көбіне дизельдік отынды тонналап әкеткенін ел көрді. Қазіргідей тапшылық кезеңде жанармайдың шетке ағылуы тым өрескел нәрсе емес пе? Ресейдің көліктері біздің бекеттерімізден жанармайды арзан бағаға тонналап құйып алып, өз жеріндегі бекеттерде сатқан болар.

Осыны ескерген болуы керек, Үкімет қозғалды. Энергетика министрлігі мұнай өнімдері тапшылығының туындауының алдын алмақ.  Ол үшін «Қазақстан Республикасы аумағынан мұнай өнімдерін әкетудің кейбір мәселелері туралы» бұйрық дайындалды. Бұйрыққа сәйкес, бензинді, дизель отынын және мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін жүк көлігімен әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынды.

Енді үлкен цистерналармен әкете алмайды. Дегенмен шет ел көліктері май құю бекеттерінен бензин бактарына және 20 литрден аспайтын ыдыстарына жанармайды құйып алуына кедергі болмайды.

Бірақ бір дәндеген соң тоқтасын ба? Шет елдердің жанармай тасымалдаушылары ұрлыққа көше бастады. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері шет елге әкетуге дайындалған жанармайдың үлкен көлемінің жолын кесті. Ұсталғандар біздің елімізден 50 миллион теңгенің жанармайын әкетуге дайындап қойған жерінен қолға түсті.

2021 жылдың 13-қарашасында ҰҚК қызметкерлері Жамбыл облысының Меркі ауданындағы теміржол бекетінде ірі көлемдегі жанармайды заңсыз түрде шетке әкетпек болғандарды ұстады. Тәркіленген жанармай – 68 тонна дизель отыны және 120 тонна бензин. Осыншама жанармайды шет ел асырмақ болғандар өз еліміздегі ахуалды ойламаса керек. Өзімізде де жанармай тапшы, ал барының өзі удай қымбат. Заңсыз әкетілмек болған  жанармай теміржолдың үш цистернасына құйылған екен. Бағасы 50 миллион теңге. Бензинді, дизельдік отынды және жекелеген мұнай өнімдерін шетке шығаруға Қазақстанда уақытша шектеулер қойылғанына қарамастан, кейбір жеке және заңды тұлғалар жанармайды заңсыз шекара асыруға әрекет жасап бағуда.

Оның зардабын тұрғындар да, бизнес те көріп жатыр. Мемлекеттік органдарға салса, тапшылықты мойындағысы келмей, мұнай өнімдерінің қоры жеткілікті деп сендіруге тырысады.

Жанармайдың тапшылығы отандық арзан отынның шет елдерге тасымалдануынан басталды. Сарапшылардың біраздан бері жанармай бағасын көршілес елдермен бірдей немесе соған жақындату қажеттілігін айтып келе жатқаны да бекер емес болар. Баға реттелмесе немесе шетелге тасуға қатаң тыйым салынбаса әлі де тонналап шекара асыруға бейіл күштер жетіп артылады.

Шыны керек, алдымен өзіңді жарылқа деген сөздің мәні үлкен. Өзімізді толықтай қамтымай отырып, барымызда сыртқа асырып қарап отыру жөнсіз-ау. Тапшылық осындайдан бастау алады. Бензин мен дизельдік отын күнделікті тіршіліктің кепілі емес пе? Экономика да жанар-жағармаймен ғана экономика. Үкіметтің алты айға тыйым салғаны дер кезінде қабылданған шара болса керек.