Такси қымбаттап барады. Жүргізушілер жайлы не білеміз?

110

Теңге табу үшін такси қызметін көрсету жақсы кәсіп. Бүгінде такси де көп, оның қызметін пайдаланушылар да көп. Таксистердің арасында адал азаматтар баршылық. Көптеген жағдайда мәдениеті бар таксистерді көріп сүйсініп жатамыз. Олардың талайы жолаушының салонда ұмыт қалдырған бұйымы мен ақшасын қайтарды. Миллиондаған теңгесін таксиде отырған жерінде қалдырып кететін аңқау адамдар да болады. Барынан айрылып құса күйге түскен ондай жолаушыны іздеп тауып, қаражатын қайтарып берген таксистер жайлы естігенде әп бәрекелді деп қаламыз.

Дегенмен таксистің жұмысы да, оның қызметін пайдаланған жолаушының ахуалы да тәуекелге толы. Өйткені ақша жүрген жерге дау-дамай құмар. Кейде екі арада ерегіс туындап, соңы төбелеске ұласып та жатады. Содан не таксист, не жолаушы соққыға жығылады. Ал жолаушыға таксистің зәбір көрсетуі, сол сияқты, керісінше, жолаушының таксистке зәбір көрсетуі кісі өлімімен аяқталатын қайғылы оқиғалар да болып тұрады. Зорлық-зомбылық жасау мен тонау әрекетін жасаушылар жоқ деуге келмейді. Қоғам ондай жаман әдеттен әзірге арыла қойған жоқ. Келеңсіз оқиғалар көбіне өз бетінше такси қызметін көрсетіп жүргендердің төңірегінде болып жатады. Сол өз бетінше такси қызметін көрсетушілерді бақылау мен тәртіпке келтірудің өзі қиын. Себебі олар еш жерге тіркелмеген, такси қызметін өз беттерінше жабайы түрде көрсетеді.

Таксистердің қатысуымен соңғы күндерде болған оқиғалар жаға ұстатады. Көліктегі зіңгіттей екі жігіт көшеде қол көтерген әйелді міңгізіп алған. Бірақ сұраған жеріне апармай, жолда көлікті елсіз далаға бұрып әкеткен. Салондағы екі азаматтың бірі әлгі әйелді соққыға жыққан, зорлаған және мойнындағы қымбат алтын алқасын тартып алған. Бұл оқиға Алматы облысында болды. Әйел Іле аудандық полиция бөліміне арызданған. Әлгі екі азамат қолға түсті. Зорлық-зомбылықты жасаған бірі өзінің қылмысын мойындады. Жүргізуші де өзінің ауылдасының қылмыс жасауына жағдай туғызғаны және көмектескені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.

Міне, көрдіңіз бе, көшедегі кездейсоқ таксидің қызметіне жүгінудің соңы осындай өкінішке ұласты. Кездейсоқ таксистің кім екенін алдын ала ешкім білмейді ғой. Мүмкін ол баукеспе бұзақы шығар. Қылмыс жасалғаннан кейін ондайлар таптырмай кетіп те жатады. Сондықтан кездейсоқ кезіккен көліктің такси қызметін пайдаланғанда ойланбаса болмайды. Ал такси қызметін көрсетіп жүрген заңды компанияларды телефонмен шақырып пайдаланған дұрыс емес пе?

Тағы бір қайғылы оқиға таяуда Ақмола облысында болған. Бұл жолғы қылмыс таксистің өлімімен аяқталды. Қазір осы қанды қылмысқа қатысты сот үкімі шықты. Өкінішті оқиға биылғы жылдың мамырында Щучинск қаласында болған. Ішімдік ішкен екі жігіт такси жүргізушісінің ақшасы мен көлігін тартып алуды жоспарлаған. Олар алдын ала сөз байласып әрекет еткен. Көшеде өтіп бара жатқан бейтаныс адамнан такси шақырып беруін өтінеді. Бірнеше минуттан кейін көлік келеді де, бірі арқа жақтағы жолаушы орнына, ал бірі жүргізуші жанындағы орынға жайғасады. Жүргізуші жолаушыларды айтқан жерлеріне жеткізген. Жолаушылар жол ақысын берген. Осы уақытта алдыңғы орында отырған жолаушы таксистің әмиянын тартып алады. Ал арқадағы орында отырған жолаушы таксисті тұншықтыра бастайды.

Жұдырықпен бетінен ұрғаннан кейін таксист есінен танып қалады. Жолаушылар оны артқы орындыққа жатқызып, телефонын алып қояды. Келтірілген шығынның жалпы көлемі 299 мың теңге. Содан кейін бірнеше сағат бойы олар Щучинск қаласы мен Қатаркөл ауылын көлікпен кезіп жүрген.

Есін жиғанда полицияға шағымданады деген оймен таксисті иен далаға алып барып, оны өз аяқ киімінің бауымен буындырған. Шөлмектің сынығымен таксистің мойны мен тамақ тұсын кескен. Таксист оқиға орнында көз жұмды.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты әлгі екеуін қарақшылық жасау, кісі тонау және дәрменсіз адамды өлтіру баптары бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен екі жігіт те 18 жылға қамалды.