Украина елшісі: Путин «жер қайтарушы» атанғысы келеді, бірақ жоспарының іске асып жатқаны шамалы

1083
Фото: Украинаның ҚР-дағы елшілігінің баспасөз қызметі

Украинаның Қазақстандағы елшісі Петр Врублевский inbusiness.kz тілшісіне берген сұхбатында Тимур Сүлейменовтың Украинадағы жағдайға қатысты мәлімдемесі, Қытайдың бейтарап позициясы және Владимир Путиннің жоспары туралы не ойлайтыны жайында ой бөлісті.

– Қайырлы күн, елші мырза. Сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Тимур Сүлейменовтің соңғы мәлімдемесін оқыған шығарсыз. Сіз бұл қадамды қалай бағаладыңыз? Өйткені, Қазақстан билігі осы уақытқа дейін Украинадағы жағдай туралы позициясын осылай ашық түрде жарияламады ғой.

– Қайырлы күн. Біріншіден, мен оның екі сұхбатын оқып шықтым, оқып қана қоймай, оларды менің баспасөз хатшым украин тіліне аударды және біз оларды бірден біздің Сыртқы істер министрлігімізге жібердік. Артынан сұхбат Украинаның бұқаралық ақпарат құралдарында тарап кетті. Яғни, қазір Киев Қазақстанның Украинадағы жағдай туралы нақты не ойлайтынын біледі. Сонымен қатар жақында Қазақстанның Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Сүлейменовтың айтқаны Қазақстанның ресми ұстанымы екенін растады. Әрине, біз Қазақстанның Украинаның аумақтық тұтастығын құрметтейтіні, Ресей туы астындағы квази-құрылымдарды мойындамайтыны, қазақ әскерилерінің ҰҚШҰ аясында соғысқа бармайтыны туралы сөздеріне қуанамыз. Қазақстанның санкциядан жалтару аймағына айналмайтыны да қуантты. Біз бұл жағдайда не дей аламыз? Біз тек Қазақстанның салмақты позициясын қолдаймыз.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың неміс басылымына берген сұхбаты бар…

– Иә, біз кеше Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың The National Interest журналындағы мақаласын оқып шықтық. Ол дәл осы позицияны растады. Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде, БҰҰ мүшесі ретінде Украинаның әлемдік қоғамдастық мойындаған шекараларын мойындайды.

– Тимур Сүлейменов еліміздің ұстанымын нақты айқындап, барлығын егжей-тегжейлі айтып берді. Ал Тоқаев кәсіби дипломат қой. Ол, егер қателеспесем, 2 наурызда БҰҰ-ны күшейтуге шақырған болатын. Яғни бұл Қазақстанның БҰҰ Жарғысының қағидаттарын ұстанатынын білдіреді ғой?

– БҰҰ Жарғысында әрбір тәуелсіз мемлекет шекаралары мойындалуы керек деп жазылған.

– Қазір барлығының назары келіссөздерде. Сіздің ойыңызша, тараптардың байламға келуіне не кедергі болып отыр?

– Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы келіссөздерге кедергі келтіруде. Бұл басты кедергі десем болады. Олар біздің жерімізден кеткен кезде, толыққанды келіссөздер туралы айта аламыз. Әзірге орыс солдаттары Украина жерінде адамдарды өлтіріп, зорлап, тонап жатқан кезде, олармен не туралы сөйлесуге болады? Иә, келіссөздер жүріп жатыр, тұтқындармен алмасу жұмысы жүргізілуде. Түбінде кез-келген соғыс бейбітшілікпен аяқталады. Біздің ұстанымымыз: біз өз жерімізді де, адамдарымызды да бермейміз.

– Қазір көбісі ядролық қауіп туралы айтуда. 2014 жылы Украина мен Қытай ядролық келісімге қол қойған болатын. Ол құжатқа сәйкес Қытай ядролық  шабуыл қаупі төнсе, Украинаны қорғайды деп жазылған. Бірақ қазір бұл құжат туралы айтып жүргендер аз. Неліктен? Сіз бұл құжат туралы білесіз бе?

– Мен бұл құжат туралы ештеңе білмеймін, шынымды айтсам. Қытай Украинаның ядролық қауіпсіздігіне кепілдік береді дегенді білмедім. Мүмкін, біреулер Будапешт меморандумымен шатастырып алған шығар. Бұған қол қойғандар – мүлдем басқа елдер. Олардың қатарында Украинаның аумақтық тұтастығына, оған қарсы ядролық қаруды қолданбауға кепілдік берген Ресей бар. Бірақ бүгінгі таңда біз Ресеймен арадағы бұл шарттың құны көк тиын екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Ол кезде Янукович билікте болған еді. Содан кейін бірқатар БАҚ Украина Қытайдың ядролық қолшатырының астында деп жаза бастады.

– Онда неге Қытай Украинаны құтқару үшін Мәскеуге соққы бермеді?

– Расымен, қазір Қытай Украинадағы жағдай туралы мәлімдемелерді өте мұқият жариялауда.

– Жақында біздің Сыртқы істер министріміз Қытай министрімен сөйлесті. Ол  Бейжіңнің Украинаның аумақтық тұтастығын мойындайтынын айтты. Бірақ олар бізге көмектесіп жатқан жоқ. Қару-жарақ бермеді,тіпті гуманитарлық көмек көрсетіп жатқан жоқ. Оның үстіне олар Ресейге қатаң ескерту жасамады. Қытай БҰҰ-да Ресей Федерациясына қарсы қарар бойынша дауыс беруден бас тартты. Неліктен олар БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде Ресейді соғыс қимылдарын тоқтатуға шақырмады? Мен осыны түсінбеймін. Қытай орыс сарбаздарын біздің жерімізден кетіру үшін ештеңе істеп жатқан жоқ.

– Әлеуметтік желілерде Ресей енді келесі «арнайы операцияны» Қазақстанда бастайды деген пікірлер кездеседі. Украинадағы сценарий біздің елімізде қайталануы мүмкін бе?

– Мен Қазақстанның ішкі істеріне араласа алмаймын. Бункерде отырған Путин «ХХ ғасырдағы ең үлкен геосаяси трагедиясы – КСРО-ның ыдырауы» деп айтқан болатын. Оның есіл дерті – Кеңес Одағын қайтадан құру. Ол «жер қайтарушы» атанғысы келеді. Бірақ әзірге оның жоспарының іске асып жатқаны шамалы. Әрине,Қазақстанда, біріншіден, ұлт бірігуі тиіс. Екіншіден, қазақ тілінің, қазақ мәдениетінің рөлі артып, қарулы күштерді нығайту керек. Және одақтастар іздеңіз. Неліктен сіздер НАТО тәрізді «ТуркНАТО» одағын құрып алмайсыздар?

– Жақында ғана Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі Түркі мемлекеттері ұйымы болып өзгертілді ғой.

– Мен тәуелсіз мемлекетке кеңес бере алмаймын. Бірақ олармен әскери блок құрыңыз деп айтар едім. Никонов Солтүстік Қазақстан сіздерге сыйланды деп мәлімдеді. Никонов деген кім? Ол –  Гитлер мен Риббентроппен жақын араласқан Молотовтың немересі. Атасы қандай болса, немересі де дәл сондай.

– Бүгін украиналық Forbes-та бір мақаланы оқып шықтым. Онда соғыс кезінде де Ресей Украинаға газ транзиті үшін ақша төлейді деп жазылған. Неліктен Украина бұдан бас тартпай отыр?

– Украина өркениетті мемлекет ретінде өз міндеттемелерін орындайтындықтан, біз келісімшарт бойынша газ жеткізуге міндеттіміз. Біз – өркениетті мемлекетпіз. Келісімшарттың жүзеге асуы кезінде оның шарттарын қалай өзгертуге болады?! Көріп отырғанымыздай, Путин рубльмен төлеуді талап етті. Оның есінен адасқаны белгілі. Біз – өркениетті мемлекетпіз, келісімшарт бар, ол бойынша батыстық әріптестеріміздің алдында міндеттемелеріміз бар, оларға газ жеткізуге міндеттіміз. Сондықтан біз Ресейден газ транзиті үшін ақша алуды жалғастырамыз.

 

P.S ҚХР СІМ ресми өкілі Ван Вэньбиньнің Қытайдың Украинаны ядролық шабуылдан қорғау туралы мәлімдемесі: Мемлекеттердің мәлімдемесі және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 984 қарары сияқты құжаттарға сәйкес, ядролық қаруы бар мемлекеттер Украина мен ядролық қаруы жоқ басқа мемлекеттерге қауіпсіздік кепілдігін береді.  Қауіпсіздік кепілдіктерінің нақты шектеулері бар және ол белгілі бір жағдайда ғана іске қосылады.Украиналық мәселеге келетін болсақ, қазір барлық тараптардың ұстамдылықты сақтауы, жағдайды ушықтырмауы маңызды болып табылады.

 

Украинаның Қазақстандағы консулы Иван Алмашидің айтуынша, 24 ақпаннан бері Украинадан Қазақстанға 500-ге жуық адам келген.

 

Сұхбаттасқан: Табиғат Нұрболат