Ұрлық-қарлық тыйылмай тұр

165

Ұрлық жасау өткен кезеңдерге тән, ал қазіргі күні ондай қылмысқа барушылар некен-саяқ қана кездеседі деуге келмейді екен. Заман өзгеріп жатқанымен бөтеннің мүлкіне қол сұғушылық оқиғалары азаймай тұр. Мал ұрлығын айтпағанның өзінде пәтер тонау, қалтаға түсу сынды қылмысты жасаушылар көбейіп барады. Әр өңірде мұндай мысалдар толып жатыр.

Мысалы, Өскеменде жалпы сомасы 19 миллион теңгені құрайтын алтын мен гауһар тас ұрлаған күдіктілер қолға түсті.

Бір топ азамат алдын ала сөз байласу арқылы ұрлық жасаумен айналысқан. Олар есікке сәйкес келетін кілт тауып, бөтен пәтерге кірген. Үйден жалпы сомасы 19 млн теңгеден асатын алтын мен гауһар тастарды жымқырып кеткен. Заңның тілінде бұл аса ірі көлемде жасалған ұрлық деп дәрежеленеді екен. Қылмыстық әрекетке  қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Ұйымдастырылған іс-шаралар нәтижесінде полицейлер күдіктілерді анықтап, қолға түсірді. Олар Жарма ауданы Жаңаөзен ауылының 47 жастағы тұрғыны мен Өскемен қаласының 36 жастағы тұрғыны болып шықты. Күдікті ретінде қолға түскендер  өз кінәларын мойындады.

Ұсталғандардың  бірінің саяжайда травматикалық тапанша сақтағаны анықталды. Қаруды сақтау ісі бойынша сотқа дейінгі тағы бір тергеу жұмыстары басталды. Тек қару сақтағаны үшін екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаралатын көрінеді. Ал оған пәтерге ұрлыққа түсу қылмысы да қосылып, нәтижесінде біраз жылды арқалап кетуі мүмкін.

Қазір полицейлер тұрғын үйлердің ішкі тәртібі мен шаруасына жауапты кооперативтермен бірге пәтердлердің қауіпсіздігін жетілдіре түсудің жаңа амалдарын ойластыруға ниетті. Бір ғана бейнебақылаудың болуы жеткіліксіз. Бейнебақылауды істен шығарып тастап та өз әрекеттерін емін-еркін жасаулары қиын емес.

Тұрғын үйлердің аулаларында неше алуан бөтен адамдар жүреді. Олар күдік туғызады. Қаптаған алаяқтар да пәтер аралап, тұрғындарды әңгімеге тартады. Осындай әрекеттерге бақылау жасаудың жаңа формасы әзірге жоқ.

Мысалы, үйлерд аралар жүріп, азаматтарға пәтер алып беремін деп сенімге кіретіндер көбейіп кеткен. 18 қазанда Қызылорда қалалық Полиция басқармасына қала тұрғыны арыз түсірген болатын. Белгілі болғандай, жылдың басында белгісіз азамат оған арзан бағамен пәтер алып беремін деп айналдырған. Тіліп тауып, әрі алдып,  1 миллион 340 мың теңге көлеміндегі ақшасын алып кеткен. Көп ұзамай арызданушы ешқандай нәтиже көрмей, ақшасын қайтаруды талап етеді. Бірақ алаяқ құрғақ уәдемен ауыз толтырып, алған ақшаны қайтаруға еш асықпады. Қылмысты ашу барысында 35 жастағы қала тұрғыны құрықталды. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау жолымен иемдену бойынша таңда сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Осы сияқты әрекеттер белең алып барады. Әсіресе алаяқтық жасаушыларға тосқауыл боларлық қауқар жоқ. Алаяқтықпен күдікке ілінгендерге қатысты заң солқылдақ сияқты. Қылмысты ізгілендірудің себебінен алаяқтық әрекет жасағандарға деген жаза тым жұмсақ деуге келеді. Сондықтан да алаяқтар өзінің әрекетін ешбір саспастан, емін-еркін жүргізуге көшкен. Олардың ұсталы, сотталып жатқандары өте аз. Ал күн сайын азаматтарды сазға отырғызып кетіп жатқан оқиғалары шектен тыс көп.

Мал ұрлығы мен пәтер тонаушылық қылмыстарының арта түсуі қандай факторларға байланысты екенін дөп басып айту қиын. Мүмкін ол қыс алдында қымбатшылықтың қыса бастағанына байланысты ма екен… Жалақы, аз, жұмыс аз, дүниенің бәрі қымбаттап барады деген сөз осы күні жиі айтыла бастады…