«Ұрпағымыз дені сау болып туылсын»

106
Фото: kursiv.kz

Бұлақтар мен өзен-көлдер табиғатымыздың көркі ғана емес, өлшеусіз  байлығы. Тас пен құм қазып алып жатқан немесе зауыт саламын деген кәсіпкерлер су жолдарын бітеп, өңірлерді экологиялық апатқа ұрындырудың сәл-ақ алдында тұр.

Түркістан облысының Түлкібас ауданында тау-тастың арасында қайталанып жатқан жарылыстан бұлақтар тартылып, тұрғындар шаң-тозаңнан көз аша алмай қалған көрінеді. Бұл маңға химиялық зауыт салынбақ екен. Ауданға қарасты алты ауылдың тұрғындары химиялық зауыттың салынуына үзілді-кесілді қарсы. Олар өздерінің талаптарын төтесінен қойып, зауыттың техникаларын жүргізбей қойды. Әрине, кім уланып өмір сүргісі келсін.

Тұрғындардың уәжі – ұрпағымыз дені сау болып туылсын, табиғатымызды зауытпен бүлдіре алмаймыз дейді. Жөн-ақ. Тұрғындардың бірсыпырасы болашақ зауыт қожайынының спорт кешенін салып береміз, жолдарыңызды асфальттаймыз дегеніне қарсы. Ештеңе салып бермей-ақ қойсын, ауылымыздан аулақ жүрсін дейді. Ал ауданның әкімдігі халыққа әзірге зауыт салынып жатқан жоқ қой, тек жобасы жасалып жатыр дейтін көрінеді

Бұл аумақта карьер қазатындар да бар екен. Оның да зияны шаш-етектен. Бұлақтардың көзін бітеп тастайды. Тұрғындар карьерлердің жұмысын тоқтатуға қолымыз жетсе ғой, шіркін деумен келеді. Карьерлерді әкімдіктің өзі де құрта алмай отыр екен. Әкімдік карьерді тоқтату жайлы жоғары жаққа шағым беріп жатқан көрінеді.

Тұрғындар бұған дейін бірнеше рет ауданға, облысқа арызданған болып шықты. Бірақ нәтиже жоқ. Енді олар тағы да дау шығарып, далаға жиналып, петицияға қол қоюға көшті. Шыны керек, химиялық зауыт қымбат па, әлде қоршаған ортаның амандығы қымбат па деген сауал қойылса өз басым екіншісіне ден қояр едім. Табиғатымыз бен өзен-бұлақтарымыздың байлығына байлық жетпейді емес пе?

Экологиялық апатқа бейім тұрған осы сияқты аумақтар аз емес. Сол Түркістан облысының Келес ауданы да қоршаған ортаға алаңдаумен күн кешіп келеді. Өйткені ауданның Ақтөбе ауылдық округіне қарасты 14 елді мекеннің тұрғындары бірнеше жылдан кейін сусыз қалуы мүмкін. Бұған  Келес өзенінің жағалауларын күндіз-түні қазып, түбінен шыққан тасты тонналап сатып жатқан жеке кәсіпкерлердің әрекеті себепкер.

Ауыл округінің маңайында биылғы көктемге дейін 7 карьер болған. Бір «КамАЗ» тасты 20 мың теңгеден сатады. Тұрғындардың айтуынша карьерлер түнімен тоқтамай жұмыс істейді. Бір түнде 300 «КамАз» тас қазылып жатады. Тасты қазу 10 жылдан бері тоқтамаған көрінеді. Содан бері судың деңгейі 5 метрге дейін төмендепті. Себебі тасты қазудың салдарынан жер астындағы бұлақтардың көзі бітеліп жатыр.

Ал табиғатта тепе-теңдік бұзылмауы керек. Мамандар жағадағы тастың алынуы судың жер астына жайылуына әсер ететінін айтады. Соның салдарынан су көлемі азайып, бұлақтар тартылып, жер қыртысы бүлінеді. Карьерден тас пен құмды тонналап алғаннан кейін, олардың орны босап, тура соның аумағындай жер тесіліп қалады. Экологиялық стандарт бойынша карьерлерді 30 метрге дейін ғана қазуға рұқсат берілген көрінеді. Бірақ жеке кәсіпкерлер 100 метрге дейін қазып, жерасты суына дейін үңгіп барады. Жерасты суы мен өзен немесе көл қосылған соң, су құрамы өзгеріске ұшырайды, тығыздық бұзылады деп жатады.

Осындай проблема өзге өңірлерде де кездеседі. Түркістан облысының Төле би, Қазығұрт аудандарының тұрғындары да карьер атаулыдан зәрезеп күйге жеткен.

Осылайша, Түлкібас ауданының тұрғындары іргесіне химиялық зауыт салдырғысы жоқ. Негізі таулы, орман-тоғайлы әрі бұлағы көп әсем табиғатты бүлдірудің өзі біздің еліміздегі экологиялық мәдениеттің деңгейін көрсетсе керек. Тау-тасты жерлер мен өзен-көлдерді ғана емес, жазықтарды да көздің қарашығындай сақтасақ қанеки.