SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжановқа астаналық кәсіпкер екі бөлмелі пәтер сыйлады. Бұл тосынсый елордада өткен әнші Досымжан Таңатаровтың шығармашылық кеші барысында көпшіліктің көз алдында табысталды.
Сахна төріне көтеріліп, көрермендер алдында ән салған Нұрғали аға концерт соңында үлкен құрметке ие болды. Концертті ұйымдастырушылар халық әртісінің өміріндегі соңғы уақытта болған ауыр жайтты ескеріп, оған жаңа пәтердің кілтін табыс етті. Бұл сәт залда отырған жұрттың жүрегін елжіретіп, бүкіл көрермен орындарынан тік тұрып қол соқты.
— Досымжан Таңатаровтың концертінде ән салған Нұрғали Нүсіпжановқа астаналық кәсіпкер екі бөлмелі пәтер сыйлады. Зал тік тұрып қол соқты. Нұрғали аға Досымжанға ырымдап өз шапанын жапты, ал Досымжан пәтер сыйлаған жігітке үстіндегі шапанын кигізіп жіберді. Қандай әдемі дәстүр, иә! – деп жазды журналист Айнұр Омар.
Бұл оқиға көпшілікке ерекше әсер етті. Сахна сыртындағы шынайы ниет пен ел азаматтарының жанашырлығы қазақы болмыстың биіктігін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, бұған дейін әнші Роза Әлқожа өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында Нұрғали Нүсіпжановтың алаяқтардың арбауына түсіп қалғанын айтып, елді бейжай қалмауға үндеген болатын.
— Аға ауылдан жер үй алам деп, бар жиған-терген ақшасын Шәуілдірден келген бір алаяққа беріп қойған екен. Бірақ ол үй де жоқ, ақша да жоқ болып, қазір пәтер жалдап жүрген көрінеді... – деп жазған еді Роза Әлқожа.