701

Ақтөбеде тасқыннан жапа шеккен 268 отбасының материалдық шығыны төленді

Ақтөбе облысы бойынша 268 отбасына материалдық шығын төленді. Бұл — 97 млн теңгеге жуық қаржы.

Ақтөбеде тасқыннан жапа шеккен 268 отбасының материалдық шығыны төленді
egemen.kz

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, су тасқынынан кейінгі шығынды өтеу жұмысы жалғасып жатыр.

Бүгінде 2700-ден астам отбасы 100 АЕК көлемінде біржолғы төлемді алды. 

Ол үшін бюджеттен шамамен 877 млн теңге аударылды.

Жалпы өңірде 4600-ден астам үйге су кірсе, оның 3200-ден астамы бау-бақша ұжымдарында орналасқан. 

— Барлығы мыңнан астам үй тексеріліп, 700-іне бағалау қорытындысы шығарылды. Қазіргі есеп бойынша 420-сы қайта қалпына келтіруге жатады. Облыс бойынша 641 үй жарамсыз күйде. Қазіргі статистика бойынша 225 отбасы 502 млн теңгеге жуық ақша берілді. Бұл үйін қалпына келтіруге, жөндеуге бөлінген қаржы. Ал 5 отбасы дайын үй алды. Бұл үшін бюджеттен ақша бөлінбеді, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Айта кетейік, мал шығыны әзірге 3232 бас деп есептелді. Оның 1200-ден астамына өтемақы берілді. Оның шығыны 215 млн теңге болып тұр. 

Биылғы су тасқыны кезінде Ақтөбе қаласы мен 6 ауданда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды.

Қазіргі кезде тек Ырғыз ауданында тасқынға қарсы күрес жұмысы жалғасып жатыр. Мұнда үш ауылға су кірсе, тағы екі ауылда қауіп жоғары.