SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанға мемлекеттік сапармен Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ел келді. Оңтүстік Корея президентін Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты түрде қарсы алды.
Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты. Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді.
Сонымен қатар екі ел арасындағы мәдени-ынтымақтастық орнату мақсатында ұйымдастырылған концертті жүргізу кәріс актері Сон Иль Гукке жүктелді. Желі қолданушылары сүйікті актерлерінің елге келгеніне ризашылық білдіріп жатыр.
“Кезінде сабақтан қалып көретін киномыз еді”, “52 жастағы адамға ұқсамайды”, “Мүлдем қартаймапты”, “Дамуль әскер, Пуе патшалығы деген сөздер еске түсті”, “Бұл актер Кореяда қатты танымал емес”, “Қартаймайтын адам екен”– деп жазып жатыр оқырман қауым.
Еске салайық, елімізде кореялық BNK Finance Kazakhstan шағын қаржы ұйымы жұмыс істейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның екінші деңгейлі банкке айналуын қолдайтынын айтқан болатын.