Ақтөбеліктер шындықты жақсы көреді, талапшыл – Асхат Шахаров

Аиса Махамбет Редактор
11.09.2024, 18:32
791
Ақтөбеліктер шындықты жақсы көреді, талапшыл – Асхат Шахаров Мемлекеттік органдардың ресми сайты / GOV.KZ

Ақтөбе әкімі су тасқынынан кейінгі өңір жағдайын айтып берді.

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктердің бәрі 15 қыркүйекке дейін жаңа үйге қоныстануы тиіс. Ал бұзылған бөгеттерді жөндеу жұмысы қарашаға дейін созылады. Жарамсыз болып қалған 47 шақырым жол қалпына келтірліп жатыр. Ал понтон көпірмен қатынайтын Ойыл тұрғындары болса, келер жылды күтеді. Мұндағы құрылыс биыл аяқталмайды. Ақтөбе өңіріне әкім болып тағайындалған Асхат Шахаров бір жылда бірталай қиындыққа тап болды. Бұл туралы Kazinform тілшісіне айтып берді.

 – Осыдан тура бір жыл бұрын Президент еліміздің ең үлкен әрі өндірісті аймағының бірі саналатын Ақтөбеге әкім етіп тағайындады. Айтыңызшы, билік басында отырған, облыс басқарған қалай екен?

– Ең бірінші – зор сенім және асқан жауапкершілік. Өзіңіз дұрыс айттыңыз, бұл – үлкен өңір, өндірістік өңір. Күтетініміз мол. Себебі, республикалық деңгейдегі көрсеткіштер, көп көрсеткіш біздің өңірге байланысты. Бұл – жауапкершілік. Әрине, осы қызметте болу – зор мәртебе. Менің ойым – сенімді ақтау және осы өңірдің әлеуетін арттыру.

Ақтөбеліктер – қалыптасқан қалың ел. Өз менталитеті бар, қай кезде де шындықты жақсы көреді, талапшыл. Ертең емес, бүгін заманға сай өмір сүргісі келеді. Біз соған лайықты болуға тырысамыз. Талап болған соң өзімнен бастап тәжірибе, тәрбие де аламыз, жаңа мүмкіндіктер ашамыз. Дер кезінде орындалмаса шыдамдылық, сабырлық танытуға шақырамыз. Кейде ұйымдастыруға қаржы, заң талаптары кедергі болып жатады. Ондайда кері байланыс орнатып, қай статуста екенін айту – біздің міндетіміз. Бірге жұмыс істейік. Көп жерге барғанда, халықпен кездескенде бірге жұмыс істеуіміз керек деп айтамын. Әлі де нәтижелі жұмыстар алда деп ойлаймын. Жоспарымыз бар.

– Осы жыл ішінде көп оқиға болды өңірде. Қыста қарлы боран әбігерге салды, көктемде су тасқыны тығырыққа тіреді

– Жыл оңай болған жоқ. Дегенмен жыл әлі де аяқталмады. Көптеген қиындықты көрдік. Қыста күретамыр жолымыз жабылып, 6 мыңнан астам көлік, мыңдаған адам жолда қалды. Ол кезде мемлекеттік органдар, құтқарушылар, еріктілер біраз жұмыс атқарды. Жалпы өңірде екі рет төтенше жағдай жарияланды. Қыста және су тасқыны кезінде. Су деңгейі көтеріліп, аудандар, қаладағы су арнасында тұрған үйлер зардап шекті. Барлығы 4 мыңнан астам үй зардап шекті. 3 087 үйді қалпына келтіруге өтемақы берілді. Ал 1 020 үй жарамсыз болып қалды. Комиссия шешімінен соң жаңа үй сатып алу немесе құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу қажет болды. Қазір құрылыс-монтаж жұмыстары 90-95% аяқталды. Абаттандыру жұмысы, инфрақұрылым, жол да салынып жатыр. Қаржы республикалық және облыстық бюджеттен бөлінді. Жұмыс жалғасады.

– Тасқын кезінде ең көп зардап шеккен аудандар – Ырғыз және Ойыл. Екі ауданда да бүтін бір ауылдың түгі қалмады десек болады. Екі ауылдағы құрылыс қалай жүріп жатыр. Күз де келді, адамдар жаңа үйіне қашан қоныстанады?

– Ырғыз ауданындағы Нұра ауылы су астында қалды. Халықпен ақылдаса отырып, шешім қабылдадық. Бұл жұмыс кештеу басталды. Неліктен? Себебі, 12 мемлекеттік органнан біз келісім алуымыз керек болды. Мұндағы құрылыс жұмыстары маусым айында басталды. Қазіргі таңда 63 үй, амбулатория, жаңа мектеп салынып жатыр. Су, газ, жарықтандыру, жол мәселесі шешіледі. Халық одан хабардар. Сонымен бірге Ойыл ауданы Екпетал ауылы толықтай көшті. Ойыл ауданы бойынша 310 үй зардап шекті. Соның 135-ін сатып алды. Қалған үйлерді салуға шешім қабылданды. Қазіргі таңда ауданда 70 үй тапсырылды. 15-і қыркүйекке дейін қалғанын тапсырамыз.

– Ақтөбе үшін ең өзекті мәселе – жол. Осы жолымызды көктемде су шайып, бірнеше аудан, ауылға қатынас үзілді. Шығыны қанша? Қалпына қашан келеді?

– Байланыс – өте маңызды қажеттілік, соның ішінде – жол. Қатынас болмағанда азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізу қиынға соқты. Бірақ соған қарамастан біз оны толықтай орындап келдік. Статистика бойынша жол шаю және қатынастың үзілуі бойынша 51 факті тіркелді. Кейін жобалаушы компаниялар өз жұмысын атқарды. Барлығы 47 шақырым жолды жөндеуге кірістік. Соның ішінде 23 көпір болды. Үкімет резервінен 10 млрд тг, жергілікті бюджеттен 6 млрд теңге бөлініп, жұмыстың 50 пайызы аяқталды. Қараша айына дейін толықтай аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз.

– Ойылдың көпірі қолданысқа беріле ме?

– Жобаны толықтай аяқтай алмаймыз. Жанына қатынас үшін жол салынды. Көпір жөндеп жатқан мердігер – тәжірибесі мол атыраулық компания. Келісімшартқа қол қойылды, қажетті материалдарын сатып алып жатыр.

– Өңірде әлі де қайықпен қатынап жүрген ауыл тұрғындары бар. Ол – Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылы. Мұндағы қатынасты қалпына келтіру үшін не істеледі?

– Арнайы комиссия құрылып, мамандар шешім қабылдайды. Біз ұйымдастырып, қаржылық қолдау көрсетеміз. Бұл ауыл жеке бақылауымда. Мұнда 700 тұрғын бар. Арал болып қалғанын білесіздер. Екі жақтан су өтіп кетті. Қазіргі таңда көпір салуға мүмкіндік жоқ. Бірнеше рет әрекет жасадық, бірақ нәтиже бермеді. Су ағысы әлі де бар. Су ағысы бәсеңдесе, бір-екі жерді мамандар қайта қарайды. Тиісті құрал-жабдықты дайындап қойдық. Қалай мүмкіндік болады, құрылысты сол кезде жүргіземіз. Тұрғындардың отын, мал азығы мәселесі жеке бақылауымда. Халыққа қолдау болады. 

– Тасқын кезінде зардап шеккен тек қарапайым тұрғындар емес, арасында кәсіпкерлер де бар. Олардың шығыны қанша, қаржы бөлінді ме? Көбіне қай кәсіп түрі зардап шекті?

– Президент барлығына көмек көрсетуді тапсырды. Соның ішінде – кәсіпкерлерге. Біздің өңірде 63 нысан зардап шекті. Оның 41-іне республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді. Бірақ оған да комиссия қорытындысынан соң беріледі. Қазіргі таңда 410 млн теңге қаржы аударылып, шығыны өтелді. Ешкім тыс қалмайды.

– Тағы бір сұрақ, шаруаларға қатысты. Олар әлі күнге дейін қыстақ пен ондағы үйлерінің шығынын өтей алмай жүр. Оған не кедергі?

– Бізде 106 ауыл шаруалығы құрылымы зардап шекті. Бекітілген ереже бойынша бюджеттен төлей алмаймыз. Демек бюджеттен тыс қор арқылы өтеледі. Қазір тұрғын үй құрылысы жұмысы аяқталып келеді. Оны толық аяқтайтын қаржыны бөліп қойдық. Енді аудандық комиссия шешімі бойынша қожалықтардың шығыны өтеледі. Тек көп қожалықтың бірқатар құжаты немесе мүлде құжаты жоқ. Қыстақтағы қора немесе үйлерді есептегенде 165 нысан зардап шеккен екен.

– Бұл апаттан қандай сабақ алдыңыз? Су тасқыны болған, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланған 6 аудан мен Ақтөбе қаласында бөгеттер салынып жатыр ма?

– Жалпы 22 бөгет пен су қоймасы министрлікпен бекітілді. Одан бөлек су шайған, мол суды ұстай алмай бұзылған 15 бөгет бар. Бірден облыстық бюджеттен 1,9 млрд теңге, республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол жұмыстар қарқынды жүріп келеді. Осы салаға жетекшілік ететін орынбасарым қарап, бақылап жүр. Жұмыс қараша айында толық аяқталады.

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

– Су қоймалары туралы айтсаңыз

– Біздің және республикалық теңгерімдегі нысандар, министрлік деңгейінде Қарғалы, Ақтөбе, Сазды су қоймасы жөнделеді. Жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

– Жол жайына қайта оралсақ, қазір бізде ең қауіпті аймақ, тіпті өлім жиі тіркелетін бағыт ол – Самара-Шымкент тасжолының Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ бағыты. Осы жолдың құрылысы басталды. Оны ыждағаттап аяқтаудың, қолданысқа берудің амалы бар ма? Құрылыс қай уақытта аяқталады?

– Республикалық жолдар бақылауда екенін білесіздер. Президент Жолдауында Қандыағаштың жолын атап өтті. Ол жылдың аяғына дейін аяқталады. Екі жолақты айналма жолы қолданысқа берілді. Енді күрделі болып тұрғаны – Хромтау-Ұлғайсын бағытындағы Қарабұтаққа дейінгі жол. 262 шақырым жол 4 жолақты бірінші деңгейдегі жол болады. Министрлік жобалық-сметалық құжат дайындады. "ҚазАвтоЖол" АҚ-ның теңгерімінде болғанымен бұл жұмыстар тікелей өзімнің бақылауымда және өзім араласып, барлық қадамды қарап отырмын. 7 учаскенің бір учаскесіне қаржы бөлінді, мердігер жұмысты бастады. Қалған 6 учаскенің біреуіне сараптама құжаты дайындалды. Биыл тендер ойнатылады. Ал қалғаны келер жылы шешіледі. Бұл тәулігіне 3 мың көлік жүретін жол, қазір 15-16 мың көлік жүреді. Жол апатын болдырмау үшін полиция арнайы қызметкерлерін қойып, 50-100 жүк көлігін бір қатарға алып, ілесіп жүреді. Басқа амалымыз жоқ. 4 жолақты жолды тапсырғанша осылай бақылауда болады және күтіп ұстау керек. Министрлік биыл 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Менің ойым, салыстырмалы түрде жағдайы жақсарып келеді. Бірақ 2 жолақты болған соң жүргізушілер шыдамай, қарсы жолға шығады. Сонымен бірге жол бойындағы ұялы байланыс мәселесін шешу үшін операторлар стансаларды қойып, интернет желісін тартуға кірісті. Келер жылы толық шешуге уәдесін беріп отыр.

– Сіз тағайындалған кезде "сақалды құрылыстар" мәселесін шешу тапсырылған еді. Тұрғын үй, әлеуметтік нысандардың кешеуілдеген жұмысы қайта жанданды ма? Оған қанша қаржы бағытталды?

– 17 құрылыс бар тоқтап қалған. 2018 жылы басталған әлеуметтік нысандар да бар. Біз былтыр оларды аралап шықтық. Бәрін көзбен көрдік. Нәтижесінде 17 құрылыстың 10-ы толық аяқталып, қолданысқа берілді. Тағы үшеуі жыл соңына дейін аяқталады. Ал үшеуі келер жылы қолданысқа беріледі. Тағы біреуі – инфекциялық аурухана. Ол керек пе, керек емес пе деген сұрақ бар. Министрлікпен ақылдасып, шешім қабылданады.

– Экономикамыздың жайы қалай? Қай салада өсім бар, қай сала ақсап тұр?

– Бізде 7 көрсеткіш бар. Соның бесеуінде көрсеткіш жақсы, 100% асып тұр. Ақсап тұрғаны – үй құрылысы. Үй құрылысы көбіне күзде тапсырылады. Демек жыл соңына дейін жоспарға сай болады. Жетінші көрсеткіш – инвестиция. Жыл сайын оның көлемі артып келеді. Триллион теңге болса, осы көрсеткішті ұстап тұру оңай емес. Былтыр, оның алдында басталған жобалар бар. Қаржыландыру мәселесі әртүрлі деңгейде. Президент тапсырмасы аясында прокуратурамен бірге "Жасыл дәзіл" жобасы қолға алынды. Екі жақтан көмек беріп, әкімшілік кедергілерді жоюды қолға алдық. Өз нәтижесін беріп, жыл соңына дейін 100% көрсеткішке жеткізу ойда бар. Өңірдің әлеуеті өте мол. Соған байланысты шетелдік компаниялар келіп, өз ойын айтады. Еркін экономикалық аймақты дамыту жоспарымен төртінші мультимодальдық аэропорт салу тапсырмасы аясында 800 га жер белгіленді. Мәселен, "Қазпошта" АҚ-мен арада келісім жүріп, логистикалық орталық құрылысы басталмақ. Орталықты түрік елінің компаниясы салады. Бұл дамуға серпіліс береді деп ойлаймыз.

– Ауыл шаруашылығына ойыссақ, былтыр бидай сабағынан көктеп, шаруалар әбігерге түсті. Биыл астық шығымы қалай? Шаруалар дер кезінде егін ору жұмысын аяқтай ала ма?

– Жыл өте жақсы. Уақтылы жаңбыр жауды, тиісті құрылымдар шара қабылдады. 400 мың га алқапқа дәнді-дақыл егілді. Қазір егін ору жұмысы басталды. Барлығы 25% жиналды. 177 мың тонна астық қамбаға түсті. Басты мақсатымыз – қыркүйек айында жинап алу. 1500 комбайн алқапта жүр. Нәтиже болады деп ойлаймын. Қазір гектарынан 13 центнер деп көрсетіп тұр. Мен ойлаймын 17-18 ценртнер болады.

– Кешегі Жолдауында Президент "көрпеге қарай көсілу" қажеттігін еске салды. Бюджет шығындарын қатаң бақылауды тапсырды. Қазына қаражатын оңды-солды шашпау үшін қысқартатын басы артық тұстар бар ма?

– Президент приоритет бойынша жұмсауды атап өтті және бюджеттік тәртіп ол бюджеттің барлық деңгейінде болуы керек. Сондықтан біз соған мән беріп отырмыз. Президент былтыр да айтты. Соған байланысты имидждік, басқа да мәдени шараларды қысқарттық. Нәтижесінде 370 млн теңге үнемдедік.

– Президент бастамасымен "Таза Қазақстан" науқаны жүзеге асып жатыр. Осы акция асында Президент телерадиокешені қолға алған "Таза қала" тележобасының түсіру тобы Ақтөбе келгенде сарапшылар беретін максималды 30 балдың нешесін алуы мүмкін?

– Ең бірінші әр ауылдың, қаланың тазалығы керек. Басты міндетіміз – мәдениет қалыптастыру. Әр территорияның өз иесі бар. Әкімдік жауап беретін, жеке болса – адамдар, бизнес нысандарының аумағы, көпқабатты үйлердің айналасы. Қауантарлығы, ақцияға 320 мың адам қатысты. Бірнеше бағыт қамтылды. Су қоймасы, өзен, далалық алқап бар арасында. Бұл – тек акция аясында шектелмей, тұрақты атқарылатын ауқымды жұмыс. Бюджеттен біраз қаржы бөлінді, арнайы техника алынды. Саябақтарды, жүргіншілер жолын күтіп ұстау үшін де лизингке техника алынды. Қыркүйек айында жеткізіледі. Жоба бойынша максималды балды алуға тырысамыз.

– Өткен жолы сұхбатта футбол отаны болған Ақтөбеде стадион салынады деп едіңіз. Жер телімі бөлінді ме? Құрылысты кім жүргізеді? Қашан басталады?

– Стадион салу – оңай шаруа емес. Қомақты қаржы керек. УЕФА талаптары да ескерілуі тиіс. Бір жылға жуық уақыт бойы құжат дайындау, келісім алу жұмысы жүрді. Президент футболға зор мән беріп отыр. Өзі де Ұлттық құрамаға жанкүйер болып, ойынға барады. Футболды дамытуға арналған көптеген жұмыс атқарылып жатыр. Біз өзіміздің тараптан әр өңірде инфрақұрылымды қолға алдық. Жақында футбол академиясы ашылды. Іріктеу өткізіп, дарынды балаларды 6 жастан бастап сол жерге жібереміз. Ал жанкүйерлерімізге келер болсақ, олар белсенді. Стадион сыйымдылығы 13 мың болса да билет тапшы. Сондықтан Ақтөбе үлкен стандионға лайықты. Алғашында 30 мың деп айтылды. Бірақ 35 мың орындық стадион салынады. Үлкен дәрежедегі ойындарды өткізуге мүмкіндік бар. УЕФА-мен келісім бекіген, федерация да қолдау көрсетіп келеді. Құрылыс мемлкеттік-жекеменшік әріптестік арқылы жүргізіледі. Сызбасы бар, негізі құжаттары дайын. Құрылыс-монтаж жұмыстары үшін компанияны анықтап, келер жылы бастаймыз. Тәжірибелі компания бізде жоқ, сондықтан шет мемлекеттен болады. Технология бойынша 1 жыл 8 айда аяқталауы тиіс. 2026 жылы аяқталады деп жоспарлап отырмыз.

– Бір жылдық қызметіңіз туралы айтып отырмыз ғой, жоспарыңыздағы қай істер орындалмай қалып тұр? 

– Жыл аяқталған жоқ. Тәуекелдер бар, жоқ емес. 60-тан астам жаңа жоба басталды. Оның алдындағы ауыспалы жобалар да бар. Қараша айында бәрі белгілі болады. Бірақ тоқтап қалған жоба жоқ.

– Соңғы оқыған мотивациялық кітабыңыз? 

– Кітап көп. Интернетті ашып қалсақ да мотивациялық дүниелер бар. Бірақ ата-бабамыздың сөздері ой тудырады. Бәрін бұрын айтып кеткен. Соңғы кездері Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармаларын оқып жүрмін.

"Күн бұрын істер істің тәртібін біл,
Көзге түс, ауызға ілін, майданға кел!
Дайын-ды, қылған ісің нығыз болсын,
Дүниеде көретін өзің... мың жыл", - деген бір шумақ бар.

Жауапкершілік, сенімді ақтаудың маңызын ұғындырғандай. Президенттің тапсырмасын, халықтың талабын бір үйдің баласындай әріптестермен орындауымыз керек. Бірден бәрін атқару немесе іске асыру оңай емес. Қаржы, ұйымдастыру, заң мен оның тәртібі бар. Тек дер кезінде түсіндіру керек.

– Қазір спортпен шұғылданып жүрсіз бе?

– Спорт керек. Тек жүйелі айналысуға мүмкіндік жоқ. Бірақ кей кезде жүгіремін, жүземін. Кей кезде өзім толық меңгерген күреске, яғни татамиге барамын. Бұл жүрекке, денсаулыққа да қажет нәрсе. Көп бос уақыт жоқ. Бірақ денсаулық керек. Қай кезде де ірі, жауапты шешім қабылдау үшін деніміз сау болуы керек.

 

«Кешірім сұрайтындай ешкімді атқан жоқпын»: Мақпал Жүнісова қас дұшпандарыма мереке сыйлап тұрамын деп мәлімдеме жасады Біреудің қаңсығы біреуге таңсық «Қыз болғанша тоқтамаймын»: Тәуекел Мүсілім қызы болғанын қатты армандап жүргенін айтты «Қазір қыз іздеп жүрмін»: боксшы Нұрбек Оралбай жеке өміріндегі құпияларын айтты Анамды жұмыс істеткізбеймін, бар жағдайын жасадым – Әбиба Әбужақынова Қайрат Боранбаев Қазақстанға әкелген футболшы Украинада опасыздық жасады деп айыпталды Таразда прокуратура қызметкері алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды 2-ақ адам қалған: Солтүстікте жыл соңына дейін 45 ауыл картадан жойылатыны белгілі болды «45 тәулікке қамалады»: Әйелі мен балаларын ұрып-соққан ақтөбелік жеңіл жазамен құтылды Екібастұзда 9-сынып оқушысы жоғалып кетті Тағы бір мерзімді әскери қызметші Ақтөбеде қайтыс болды Бақыт Сәрсекбаевтың әкесі қайтыс болды Әкем сырт көзге суық көрінгенімен жүрегі өте жұмсақ болды – Мұстафа Өзтүріктің үлкен қызы Прагада өткен Димаштың концертінде 9 жасар қыз тыңдармандарды тәнті қылды Қазақстанда бір күнде үш рет жер сілкінісі тіркелді Бүгін еліміздің 4 өңірінде ауа сапасы нашарлайды «Дауылды ескерту!»: 24 қарашаға арналған ауа райы болжамы жарияланды Баян Мақсатқызы кішкентай екі қызымен Дубайға демалысқа аттанды (ФОТО, ВИДЕО) «Шөмішбай Сариев үйімізге жиі келетін»: Жұлдыз Әбдікәрімова еске алу кешіне арнайы шақыртумен келген (ВИДЕО) «Қуырдақты былқылдатып, әңгімеміз жарасатын қыздарыма ысқырдым»: Қарақат Әбілдина өнердегі құрбыларын қонақ қылды (ФОТО)