Бас муфтидің түркістандық имамдардан ақша жинағаны рас па?
Бұған дейін қоғамда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына жасаған сапары кезінде жергілікті имамдардан ақша жиналғаны туралы ақпарат қызу талқыланған болатын. Көбі Үкіметтен бір тиын алмайтын ҚМДБ-ның мұндай әрекетке баруы да мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының ХХІІ отырысынан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы бұл мәселеге қатысты пікірін білдірді.
«Ол мәселе бойынша қазір жұмыс жүріп жатыр. Арнайы комиссия барып, тексереді. Кейін соның қорытындысын жариялап айтамыз. Ол жөнінде Түркістан облысының бас имамы ақпарат беттерінде өзінің жауабын айтты. Дегенмен, біз мүфтияттан арнайы комиссия жіберіп, ол ақпараттың ақ қарасын анықтаймыз», - деді ол.
Бас мүфти ешкімге іссапарға байланысты ақша жинау туралы нұсқау, тапсырма бермегенін алға тартып отыр.
«Алла сақтасын! Ондай болмайды да, болмаған да», - деді ҚМДБ төрағасы.
Материал авторы