Қош бол, Рафа: Атақты теннисші мансабын аяқтады
Атағы жер жарған спортшылардың мансабын аяқтауы елең еткізер оқиға екені анық. Мұны спорт жанкүйерлері жақсы түсінеді. Бүгін үлкен теннистің хас шебері испандық Рафаэль Надаль мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы, «Үлкен Дулыға» турнирінде 22 рет топ жарған 38 жастағы спортшы әлеуметтік желідегі ресми парақшасында кәсіби мансабының аяқталғанын жеткізді.
Әрине, қырық жастың «ауылына» қадам басқан Надаль қазір жастармен иық теңестіре алмайды. «Сен тұр, мен атайын» деген жас теннисшілер кортта ары-бері жүгіртіп, ұпайдан шашау шығармауға тырысады. Олардың қатарында Синнер, Алькарас, Мачак сияқты жас өрендер бар.
Надальдың кәсіби мансабы жарқын болғаны сөзсіз. Ол 2008 жылы Пекинде өткен және 2016 жылы Риода ұйымдастырылған Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанды. «Ролан Гарросты» 14 мәрте жеңген. Испания құрамасы сапында Дэвис кубогін бірнеше рет ұтқан.
Бұрындары турнирлердің ақтық сынында Надаль мен швейцариялық Федерер жиі кездесіп, өзара кіл мықтыны анықтайтын. Кәріліктің «ауылына» қадам басқан атақты қос спортшының тартысы тарих қойнауына еніп бара жатыр...
Материал авторы