Бақшада қияр емес, қарасора өсірген: пысықай Тараз тұрғыны ұсталды
Жастық шақтың буымен шалыс басты деуге келмес. Дап-дардай 44 жастағы Тараз тұрғынына қатысты құрамында есірткі заттары бар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Күдіктіні «Қарасора-2024» жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында жергілікті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері құрықтаған.
Сондай-ақ сарайдан «кептірілген марихуана» есірткі заты бар полиэтилен пакет және кептіру үшін кесіп дайындап қойған 90 түп қарасора бұтасы табылған. Бақшадан тағы 8 дана өсіп тұрған қарасора бұталары тіркеліпті. Алынған есірткі затының жалпы салмағы 44 келі 800 грамды құрады.
«Ер адам қарасораның бұталарын өсіріп, кептіріп, пакеттерге орап қойған. Ұсталған адам наркологиялық диспансерде есепте тұрады. Бұрын сотты болған. Ол өз кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде», - дейді жергілікті ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Асқар Жұмабеков.
Материал авторы