Табиғат тосын мінез танытса, моноқалалар әбігерге түседі
Қыс басталмай жатып еліміздің кейбір өңірінде коммуналдық проблемалар алдын шықты. Әсіресе, моноқалалардағы ахуал қиын. Ондағы тоз-тозы шыққан жылу және су желілері табиғаттың тосын мінезіне төтеп бере алмай, салдарынан тұрғындар зардап шегіп отыр.
Мәселен, жуырда Риддерде ауа райының күрт суытып, қалың қардың жаууы салдарынан коммуналдық қызметтердің жұмысынан ақау шықты. Атап айтсақ, сумен қамтамасыз ету жүйесінде проблемалар пайда болды.
«Қар жауып, күн суытқан алғашқы күні құбыр жарылған. Таловка мен Полярное шағын аудандарында тұратын мыңға жуық адам сусыз қалды. Бір тәулік ішінде құбыр қалпына келгенімен қалаға құятын Громотуха өзенінде мұз қатып, су арнасы мен «Казцинк» кәсіпорнының құбырлары бітелді», - деді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Рауан Құрметұлы.
Салдарынан 60 мың тұрғыны бар қала екі күн бойы судан ажырап қалды. Құзырлы органдар коммуналдық мәселені шешуге 3 күн уақыт жұмсаған. Бүгінде жағдай тұрақталғанымен, проблема қайталануы мүмкін.
Мұндай жағдай өзге де моноқалаларда орын алуы ғажап емес. Өткен ғасырдың 60-70 жылдары салынған құбырлар әбден ескірген. Жыл сайын аз ғана бөлігі жаңартылатындықтан қыс мауысымында апатты жағдайлар жиі тіркелетіні белгілі. Қайтпек керек?
Материал авторы