SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, бағдарламаның мақсаты – көрші елдердегі талантты этникалық қазақтарды табу және оларға қолдау көрсету.
Қазақстанда Олимпиаданың ІІ туры өтіп жатқанда Моңғолияда да іріктеу сайыстары болды. Оған бұл елдің қазақтар көп тұратын Баян-Өлгей аймағындағы 100-гу жуық қандасымыз қатысты. IQ Nomads бағдарламасының арқасында Бурабайдағы IQanat мектебінде қазірдің өзінде Қырғызстан және Моңғолияның үш баласы толық грант негізінде білім алып жатқанын айта кетейік.
Олардың бірі Іңкәр Серік Моңғолияға оралды. Бірақ, бұл жолы қатысушы емес,IQanat оқушысы ретінде. Ол Олимпиаданы ұйымдастыруға көмектесіп қана қоймай, жерлестерін өз күшіне сеніп, сынақтан қорықпауға өзі үлгі болып ынталандырды.
«IQanat – сен қайда дүниеге келсең де, сапалы білім алып, өз арманыңа қол жеткізуіңе тамаша мүмкіндік. Мен Моңғолияның шағын ғана ауылында дүниеге келдім, онда интернет терезе алдында ғана ұстайтын, ал қалаға біз өте сирек баратынбыз. Қазір мен Қазақстанның Бурабайындағы заманауи мектепте білім алып жатырмын. Ол жер мүлде басқа әлем сияқты! Мен мұнда оқуға түскенде өз бақытыма өзім сенбедім. Енді мен өзіммен жерлес оқушыларды бар күшін салып, IQanat мектебіне оқуға түсуге шақырғым келеді. Бұл мектепте оларды не күтіп тұрғанын білмейді ғой – соның бәрін айтып беруге келдім», – дейді Іңкәр Серік.
Моңғолияда қандастар емтихан тапсырып жатқанда бүкіл Қазақстанда да ауыл балалары өз білімі мен бағын сынады. Ауылдардағы 10 мың сегізінші сынып оқушысы аудандық және облыстық орталықтарға келіп, IQanat мектебінде оқуға бір қадам жақындата түсетін финалға өту үшін сайысты.
Биыл Олимпиаданың екінші кезеңі екі аптадан астам уақытқа созылды, ұйымдастырушылар мен балалар жалпы 45 мың шақырымнан артық жол жүрді. Балалардың 70 пайыздан астамы әлеуметтік осал отбасылардан шыққандықтан да, олар үшін Олимпиадаға қатысу – үлкен мүмкіндік.
Осы себепті балаларға Олимпиадаға қатысу шығындарын өтеп беретін, кейін ауылда жоқ білім алу мүмкіндіктеріне жол ашатын қамқоршылардың көмегі аса маңызды. Қазір IQanat өз жанына қазақстандық 200-ден астам кәсіпкерді жинаған.
Олардың арасында балаларға қаржылық көмек көрсетіп қана қоймай, Олимпиадаға өзі келіп қолдау көрсетіп жатқандар да бар. Кәсіпкерлер өз өңірлеріне барып, қатысушылармен кездесті, тестілеу алдында ынтасын арттырып, шабыт сыйлады. Атырауға Нұрасыл және Нұрлан Жарбасовтар, Павлодарға Ержан Әуезов,Жетісуға Әсет Төлемісов, Абай облысына Айдос Таңсыққожин барсағ Батыс Қазақстан облысында балалармен Динар Хамиев пен Еркебұлан Супалдияровкездесті. Түркістандық балаларға Серік Төлбасы үлкен қолдау көрсетсе, қарағандылық балаларды Айдос Мұқатаев, ал Шығыс Қазақстан облысының қатысушыларын Сергей және Екатерина Диденко қолдады.
Биылдың тағы бір ерекшелігі – Peer-to-Peer жобасы. Оның аясында жоғары сынып оқушылары мен IQanat түлектері кіші сынып балалары үшін тәлімгер болады. Олимпиаданың екі аптасында 200 тьютор жеті пән (география, Қазақстан тарихы, ағылшын тілі, физика, математика, биология және химия) бойынша 6300 сегізінші сынып оқушысын оқытты.
«Бұл екі апта сабақтар ғана емес, балалардың есінде ұзақ уақыт сақталатын маңызды сәттерге де толы болды. Жоғары сынып оқушылары өзінен кішілерге тапсырманы дұрыс түсінуге, мектепте алған білімін толықтыруға көмектесті. Жылы сөзімен және жеке өзінің үлгісімен ынталандырды. Балалардың көбі үшін бұл жаңа өзгерістерге жасалған алғашқы қадам. Олардың көбі алғаш рет басқа қалаға аяқ басты, бірінші рет пойызға отырды, тұңғыш рет өз ауылынан алыс сапарға шықты. Мұндайда жоғары сынып оқушыларының қолдауы олардың бойында өз күшіне деген сенімін оятады», – деді Peer-to-Peer жобасының жетекшісі Әсел Әбдірахманова.
Қамқоршылар, қызметкерлер, үйлестірушілер, тьюторлар және түлектердің бірлескен күші мен жұмысы ауылдардағы ең ынталы балаларды іріктеп, жарқын өмірге «білім жолдамасын» беруге бағытталған. IQanat ақылды және жүйелі қайырымдылық жолын ұстанады: жоба тиімділігі нақты нәтижелермен расталуда. Түлектердің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грант негізінде оқуға түсуде, қазір олар әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.