1032

«Тырнақ астына, табанға ине тығады»: ата-аналар Шымкент түрмесіндегілерді азаптап жатқанын жеткізді (ВИДЕО)

Сотталушылардың жақындары Шымкент түрмесінде азапталып жатқан туыстарына араша сұрады.

«Тырнақ астына, табанға ине тығады»: ата-аналар Шымкент түрмесіндегілерді азаптап жатқанын жеткізді (ВИДЕО)
бейнежазбадан алынған кадр

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысынан келген бірнеше ата-ана ұлдарының Шымкенттегі №53 түзеу мекемесінде азапталып жатқанын айтып дабыл қақты. Олардың сөзінше, колония қызметкерлері жазасын өтеушілерді аяусыз соғып, түрлі қорлық көрсетіп жүр. Бұл туралы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасы жеткізді. 

Жақындарының жағдайына алаңдаған ата-аналар кездесуге барғанда олардың денесіндегі соққы іздерін өз көздерімен көрген. Бірінің қабырғасы сынған, енді бірі бүйрегінен зақым алған. Мұндай жайттардың түрмеде жиі қайталанатынын алға тартуда.

— Мен осы айдың жетісі күні кірдім. Екі күн кездескенде, жағдайын көрдім. Басына орамал орап суға батырып, тұншықтыру, тырнақтарының ортасына ине тығу, табанына ине тығу, ұрып-соғу деген бар. Алақандарын арнайы затпен ұрғанда, көздері қарайып кетеді дейді, – дейді сотталушының туысы Гүлфайруз Ахметова.

15 сотталушының туысы Шымкенттегі түрмеде тексеру жүргізуді талап етіп отыр. Олар өз жақындарының басқа өңірге, нақтырақ айтқанда, Батыс Қазақстанға ауыстырылуын сұрайды.

— Бәріне арызданып, шағымданып жатырмыз. Біздің жазғанымыз қанағаттандырусыз қалып жатыр. Ешқандай да қанағаттанатын жауап алған жоқпыз. Маңғыстаудың азаматтарын неге батыс өңірінде ұстамайды? Неге Шымкентке жібереді?, – дейді тағы бір сотталушының жақыны Айнұр Нұржанова.

Ал №53 түзеу мекемесінің бастығы Бақытжан Нысанбаев бұл айыптаулардың ешбірін растамады. Оның айтуынша, колониядағы жағдай жақсы, ал зорлық-зомбылық мүлде жоқ.

— Іште жағдай жақсы. Мен аптасына бір-екі рет тексеремін. Сотталғандарда қандай проблема ба, кімде қандай сұрақ бар, бәрін сол жерде шешемін. Сотталғандардың бәрі дін-аман. Ұрып-соғу фактісі жоқ. Бәрі жап-жақсы, – деді ол.

Туыстары енді бұл мәселемен елордаға барып, министрлікке шағымданбақ.

Материал авторы