12212

TikTok Қытайға қолданушылардың деректерін бергені үшін 530 млн еуро айыппұл төлемек

TikTok бұл шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.

TikTok Қытайға қолданушылардың деректерін бергені үшін 530 млн еуро айыппұл төлемек
parlament.ua / Алексей Михайлюк

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Еуроодақтың деректерді қорғау заңын (GDPR) бұзғаны үшін TikTok-қа 530 миллион еуро айыппұл салынды.

Ирландияның деректерді қорғау комиссиясы (DPC) бұл шешімді ЕО атынан қабылдады. TikTok бұл шешімге шағым түсіретінін мәлімдеді.

Комиссияның мәліметінше, TikTok еуропалық қолданушылардың жеке деректерін Қытай билігіне беріп, оларды тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз ете алмаған. DPC өкілі Грэм Дойлдың айтуынша, компания Қытайдың терроризм мен тыңшылыққа қарсы заңдары арқылы деректерге қол жеткізу мүмкіндігін ескермеген.

Тексеру 2021 жылы басталған. Зерттеу аяқталуға жақындағанда, 2024 жылғы сәуірде TikTok еуропалық қолданушылардың деректері Қытайда сақталғанын, бірақ кейін жойылғанын мойындаған.

Бұл айыппұл — DPC тарихындағы ең ірі айыппұлдардың бірі. Компанияға 6 ай ішінде ЕО талаптарына сәйкестену міндеті жүктелген.

Айта кетейік, бұған дейін, 2023 жылы TikTok кәмелетке толмағандардың деректерін заңсыз өңдегені үшін 345 млн еуро айыппұл төлеген. TikTok-тың Еуропадағы бас кеңсесі Ирландияда орналасқан, сондықтан Ирландия бұл компаниямен бірге Google, Meta және X сияқты алпауыттарға да жауапты негізгі бақылаушы орган болып саналады.

Материал авторы