SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп өз еліндегі қылмыс жасаған азаматтарды Америкада қалдырғысы келмей отыр. Оларды енді қай елге депортациялауға болатынын іздеп жатыр. Ал Еуропада бос тұрған, тіпті тарихи түрмелер жетерлік. Бұл түрмелер Трампқа несімен қызық?
Дональд Трамп қылмыскерлерді елде ұстауға қарсы. Ол ауыр қылмыс жасаған америкалықтарды Сальвадордағы СЕСОТ түрмесіне жіберуді ұсынды. Бұл – әлемдегі ең қатал және қауіпсіздігі жоғары мекемелердің бірі. Қазірдің өзінде ол АҚШ-тан депортацияланған шетелдік қылмыскерлерді қабылдап жатыр.
Трамптың айтуынша, Сальвадор президенті Найиб Букелеге «Тағы бес түрме салуға тура келеді», «Мен өте қатігез, шынымен де жаман адамдар туралы айтып отырмын», – деді ол.
Жақында Букелемен кездескен кезде Трамп заңсыз мигранттармен қатар, АҚШ азаматтарын да шетелге депортациялауды ұсынды. Сарапшылар бұл бастама АҚШ Конституциясына қайшы екенін айтады, бірақ Трамп бұл мәселе «қаралып жатқанын» жеткізді.
Алькатрас қайта ашыла ма?
СЕСОТ түрмесінің өзі Трамптың жоспарына тарлық ете бастаған сияқты. Сол себепті ол 62 жыл бұрын жабылған әйгілі Алькатрас түрмесін қайта ашу туралы ой қозғады. Бұл жерде кезінде Аль Капоне секілді қылмыс әлемінің серкелері отырған. Алайда сарапшылар Алькатрастың бүгінгі жағдайы өте нашар екенін, көптеген ғимараттың тозығы жеткенін алға тартып, бұл идеяның іске асуы екіталай екенін айтады.