SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2023 жылы шілдеде Алматыдағы тұрғын үйдің 7-қабатынан құлап көз жұмған 22 жастағы Ақнәр Гүлстанның анасы — Гүлстан Қамитова, қызының өздігінен құламағанын, оны азаптап өлтіргенін айтып отыр.
Анасының сөзінше, сол түні Ақнәр екі қызбен бірге болған. WhatsApp арқылы хабарласқанда, бөтен қыз тұтқаны көтеріп, Ақнәрмен сөйлестірмеген. Кейін әпкесінің телефонына «бір қызды тұншықтырып, өлтіріп жатыр» деген дауыстық хабарлама келген.
Марқұмның денесінен азаптау іздері анықталған: тырнақтары мен саусақтары жұлынып, қолы сынған, денесінде тістеген іздер бар. Бірақ сараптама тек құлағында сызат бар деп көрсеткен.
Қыздың телефоны кейін отбасына қайтарылғанда, анасы ішінен қызын азаптап жатқан видео тауып алған. Анасының айтуынша, екі қыз — Қытай азаматтары, бірі Қазақстан азаматтығын да алып үлгерген. Олар оқиғадан кейін де емін-еркін елге кіріп-шығып жүрген.
Марқұмның туыстары істі «Адам өлтіру» және «Азаптау» баптары бойынша қайта қарауды талап етуде. Адвокат Инга Иманбай да тергеудің біржақты жүргізіліп жатқанын айтып, дәлелдер азаптау болғанын анық көрсетіп тұрғанын мәлімдеді.
Алматы қалалық Полиция департаменті бұл іске қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын, бақылауда екенін хабарлады.