«Унитаздан шығып, асүйдегі пештің үстінде отыр»: Елімізде тышқандар унитаз арқылы пәтерге кіріп жатыр (ВИДЕО)
Кеміргіштер үйлерді жайлап жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағандыда егеуқұйрықтар мәселесі ушығып, жағдай бақылаудан шығып барады. Тұрғындардың айтуынша, кеміргіштер тек жертөлелерді ғана емес, унитаз арқылы пәтерлерге дейін баса-көктеп кіріп жүр.
Аталған жағдай Ермеков көшесіндегі үйлер мен 13-шағынауданда байқалған. Жергілікті тұрғындар мұны қоқыс бактарының уақытылы тазаланбауымен байланыстырады.
"Үнемі толып тұратын қоқыс бактарынан кейін үйде егеуқұйрықтар пайда болды. Енді олар унитаз арқылы кіріп жатқанын өз көзімізбен көріп отырмыз", – дейді тұрғындардың бірі.
Тағы бірі былай деп бөлісті:
"Кеміргіштер жертөледе ғана емес, бірінші подъезде емін-еркін жүр. Бүгін бір пәтерде тіпті микротолқынды пештің үстінде отырғанын көрдік".
Әлеуметтік желі қолданушылары да бұл оқиғаға селқос қарамады:
"Бізде де осындай жағдай болған, жертөлені шегелеп тастағаннан кейін мысықтар қуылып, егеуқұйрықтар қаптады. Бірінші қабаттағылардың бәрі жан ұшыра айқайлады", – деп жазды қолданушылардың бірі.
"Тағы бір фобия қосылды", – деп күйінді тағы бірі.
Кейбірі жертөледе мысық ұстау – ең тиімді шешім деп есептейді:
"Бізде жертөледе мысықтар бар – егеуқұйрық та, тышқан да жоқ".
Тұрғындар жергілікті биліктен шұғыл араласуды талап етіп отыр: қоқыс бактарын тазалау, дератизация жүргізу қажет.
Әзірге тұрғындар асүйде, дәретханада не кіреберісте аяқ астынан пайда болатын “қонақтар” туралы жаға ұстатар оқиғаларымен бөлісіп жатыр.
Материал авторы