SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2023 жылдың 23 тамызында Павлодарда хирург А. сүндеттеу (обрезание) операциясы кезінде кәмелетке толмаған балаға абайсызда жарақаттап алған.
Сотта дәрігердің кінәсі жәбірленуші баланың заңды өкілінің, куәгерлердің көрсетулерімен, құжаттық айғақтармен және сараптамалар қорытындысымен дәлелденді.
Бала атынан сөйлеген заңды өкілі дәрігерге ең қатаң жаза тағайындауды сұраған. Ал хирург кінәсін мойындамай, өзін ақтауды талап еткен.
Соттың мәлімдеуінше, бұл іс — кіші ауырлықтағы қылмыс (ҚК 317-бап, 2-бөлім) саналады. Мұндай қылмыс үшін айыппұл, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыру сияқты балама жаза түрлері қарастырылған. Қатаңырақ жаза тек жеңіл жаза мақсатына жетпейді деген жағдайда ғана берілуі мүмкін.
Сот үкімі бойынша, А. бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Ол пробациялық бақылауға алынып, мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды. Жазаны жеңілдететін факторлар ретінде оның үш баласы бар екені, бұрын сотталмағаны және алғашқы медициналық көмек көрсеткені ескерілген.
Сонымен қатар, А. бір жылға хирург ретінде медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырылды.